Президент • 12 Қазан, 2024

Мызғымас құндылықтарға негізделген ынтымақтастық

199 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға ресми сапары аясында түрікмен ақыны Мақтымқұлы Пырағының туғанына 300 жыл толуы­на орай өткен «Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі» атты халықаралық форумға қатысты. Түрікменстанның сауда-өнеркәсіп палатасы ғимаратында Мемлекет басшысын Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов қарсы алды.

Мызғымас құндылықтарға негізделген ынтымақтастық

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Президент өз сөзінде Мақтым­құлының күллі Шығыс жұрты­на ортақ ұлы ойшыл, түрікмен классикалық әдебиетінің негізін қалаған бірегей тұлға екенін атап өтті.

– Мақтымқұлы Пырағы – әлем руханиятында орны бар тарихи тұлға. Сондықтан ЮНЕСКО ақын мұраларын «Әлем жады» атты халықаралық тізімге енгізген. Ал ТҮРКСОЙ ұйымы осы жылды «Түркі әлемінің ұлы ақыны әрі ойшылы Мақтымқұлы Пырағы жылы» деп жариялады. Бұл барша түркі жұртының ерекше сый-құрметі екені сөзсіз. Ұйымның шешімі ақын шығар­ма­ларын халықаралық деңгей­де таны­туға септігін тигізеді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, әлемде геосаяси ахуал ушығып, түрлі жаһандық сын-қатерлер пайда болып жатқан күрделі кезеңде ұлы ойшылдың рухани мұрасы айрықша өзекті бола түсті.

– Мақтымқұлы поэзиясы терең гуманистік ойларға толы. Ақын өз шығармаларында бейбітшілік, өзара сенім мен құрмет сияқты мызғымас құндылықтарды дәріптейді. Оның әр туындысында Отанға деген шек­сіз сүйіспеншілік бар. Мақтым­құлы халықты басқа елдермен, яғни күллі әлеммен ынтымақта өмір сүруге шақырды. Мұны жарқын болашақтың кепілі деп түсінді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Түрікменстан ауқымды әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жүргізіп, қарқынды даму жолына түскеніне назар аударды. Сонымен қатар бұл шаралар сан ғасырлық тарихы бар түрікмен мемлекеттілігін нығайта түсетініне сенім білдірді.

и

– Келесі жылы Түрікменстан тұрақты бейтараптық саясатының отыз жылдығын атап өтеді. Бауырлас жұрт осы қағидатты берік ұстанып отыр. Ұлттық бірегейлігін сақтап, елдік мүддесін қорғап келеді. Осы табанды саясаты арқылы Түрікменстанның халықаралық деңгейдегі абырой-беделі арта түсті. Бейтарап Түрікменстан әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға мол үлес қосып жатыр. Сондай-ақ Орталық Азия және Каспий аймағында көпжақты ынтымақтастықты дамытуға ықпал етуде. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2025 жылды Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы деп жариялады. Бұл игі бастаманы Түрікменстан елі көтерді. Мақтымқұлы түрікмен жұртының іргелі ел болуын аңсап өтті. Бүгінде ұлы бабаның арманы ақиқатқа айналды. Түрікменстан өсіп-өркендеген мықты мемлекет болып отыр, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан­да Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына орай ұйым­дас­тырылған мәдени іс-шараларға тоқталып, бұл бастамалар ұлы ойшыл­дың мұрасын жан-жақты наси­хаттауға жол ашатынын және мәдени дипломатияны дамыта түсетінін жеткізді. Әсіресе Астанада бой көтерген Мақтымқұлының ескерткішін екі ел арасындағы мыз­ғымас достық пен тату көрші­ліктің рәмізі деп бағалады.

Бұған қоса Мемлекет басшысы кеше Түрікменстанға ресми сапары аясында Ашхабадта қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы­ның ескерткіші салтанатты түрде ашылғанын атап өтіп, Абай мен Мақтымқұлы туындыларында өзара үндестік пен үйлесім бар екенін айтты.

– Олардың рухани мұрасы екі елдің сан қырлы мәдениетін байытып, барша адамзаттың ортақ құн­дылығына айналды. Қазақ-түрік­мен халықтарының тамыры – бір, тарихы – ортақ. Достығымыздың ғасыр­лар бойы қалыптасқан дәстүрі бар. Осы мызғымас құндылықтардың негізінде екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Мұның бәрі қазақ-түрікмен қарым-қатынасын одан әрі нығайта түсері сөзсіз, – деді Президент.

Сонымен қатар форумда Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Иран Президенті Масуд Пезешкиан, Пәкістан Прези­денті Асиф Али Зардари, Ресей Президенті Владимир Путин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Эмо­мали Рахмон, Қырғызстан Прези­денті Садыр Жапаров, Арме­ния Президенті Ваагн Хачатурян, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух, Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуш сөз сөйледі. 

Соңғы жаңалықтар

Жас буын туралы зерттеу

Жастар • Бүгін, 08:45

Есірткі қылмысымен күрес

Қоғам • Бүгін, 08:40

Тағы гран-при әкелді

Қоғам • Бүгін, 08:25

Өнертабысқа өріс кең

Аймақтар • Бүгін, 08:15

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:05

Қайыспас қайыңдай қайсарлық

Әдебиет • Бүгін, 08:03

Ең құнды жәдігер

Жәдігер • Бүгін, 08:00

Алғашқы өлең

Әдебиет • Кеше

Жас ақындар жинағы

Аймақтар • Кеше

Қыс мінезін көрсетті

Аймақтар • Кеше

«Көрім» көз (Монолог)

Сатира • Кеше