Театр • 12 Қазан, 2024

Қуыршақтардың жұлдызды жорығы

285 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы тұңғыш Мемлекеттік қуыршақ театры – өзіндік дара жолын қалыптастырған өнер ордасы. Бүгінде 90 жылға жуық тарихы бар театр елімізде және шетелдерде өткен республикалық, халықаралық театр фестивальдарында көптеген жүлделі орынға ие болып, топ жарып жүр. Өнер ошағының репертуарының ауқымы кеңейіп, жас балдырғандармен қатар, ересектер аудиториясына да әлемдік классикалық шығармаларды қуыршақ бейнесінде сахналайды. Көрерменге жол тартқан әр қойылым ыстық ықыласқа бөленіп, кәсіби театр мамандары тарапынан жоғары бағаға ие болып келе жатқаны – қуантарлық жайт.

Қуыршақтардың жұлдызды жорығы

Биыл да театр ұжымы үшін жемісті әрі жеңіске толы болды. Жемісті дейтініміз – жыл басынан кішкентай балдырғандарға арналған көңілді әрі қызықты Шарль Перроның «Етік киген мысық» (режиссері Болат Момынжанов), жасөспірімдер аудиториясына орайлас­ты­рылған қазақ спорт тарихында өшпес із қалдырған ұлт мақтанышы, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттар­хановқа арналған «Чемпион» (режиссері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек) және ересектерге арналған орыс классигі Н.Гогольдің психологиялық оқиғаға толы, философия­сы терең «Шекпен» (режиссері  Николаз Сабашвили) қойлым­дары театр репертуарын толық­тырды.

Өнер ордасы аталған жылдың екін­ші жар­тысында тұңғыш рет Канаданың Оттава қаласында өткен I халықаралық «Оттава» қуыршақ театр­лары фестивалінде ағылшын дра­матургі У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» (режиссері Дина Жұмабаева)  шығармасын сах­налап, «Гран-при» жүлдесіне ие бол­ды. Бірнеше дүркін әлемдік театр фестивальдарының жеңім­пазы атанған әйгілі махаббат оқиғасын баяндаған қойы­лым әлемдік аренада қазақ елінің ұлттық қуыршақ өнерінің атағын аспандатты.

ап

Алматылық Қуыршақ театры отан­дық қуыршақ театры өнерін кеңінен насихаттау әрі халықаралық мәдени ын­тымақтастықты нығайту мақсатында жыл сайын әлемнің беделді театр фести­вальдарына қатысуды дәстүрге айнал­дырған. Соның кезекті көрінісі осы жылдың қыркүйек айының 18 – 22 күндері аралығында Беларусь Республикасы Гродно қаласында өткен IV халықаралық «Лялькі над Нёманом» қуыршақ театр­лары фестиваліне заманауи бағыттағы, тәрбиелік мәні зор, балдырғандарға  арналған «Қаздар мен аққулар» (режиссері Антон Зайцев) ертегісімен қатысып, «Арнайы диплом» иеленді. Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Өзбекстанның үздік қуыршақ театрлары бас қосқан өнер мерекесінде фестиваль қатысушылары мен қонақтарының көрерменнің толассыз құрметіне бөленуі – зор жетістік.

Сондай-ақ Алматы Мемлекеттік қуыр­шақ театры 23 – 27 қыркүйек аралы­ғында Батуми қаласында өткізілген II халықаралық «Batumi International Puppet Theatre Festival – 2024» қуыршақ театр­лар фестиваліне Уильям Шекспир­дің әйгілі пьесасы сарынымен сахналанған «Макбет. Иллюзия» (режиссері Дина Жұмабаева) қойы­лымымен қатысып, өнер додасында «Үз­дік режиссер» аталымын иеленді.

II халықаралық «Batumi International Puppet Theatre Festival – 2024» қуыршақ театрлар фестивалінде Қазақстаннан тыс Италия, Испания, Бразилия, Франция, Польша, Грузия мемлекеттерінің танымал театр ұжымдары бақ сынап, көрермен назарына қойылымдарын ұсынды. Театр фестивалінің басты мақсаты – қуыршақ театры өнерінің әлемдік кеңістікте даму жолын сақтай отырып, әр елдің репертуар саясатымен кеңінен танысу, өнер ошақтарының шығармашылық тынысын бағамдау. Қазіргі таңда «Батуми» халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі – аталған қаланың қолтаңбасына айналған мә­дени шара. Фестиваль конкурстық ба­ғыт­та болғандықтан, қойылымдарға шетел­дік үздік сарапшылар баға берді. Сонымен қатар Франция, Италия, Испания және Түркияның жетекші театр мамандарының қатысуымен «Әртістік шеберлік» және «Қуыршақ жүргізу» бағыттары бойынша қызықты әрі танымдық шеберлік дәрістері өткізілді.

Жүздеген өтінім арасынан аталған фестивальға сарапталып қатысқан «Мак­бет. Иллюзия» қойылымы осы­ған дейін бір­қатар беделді додаларда жеңістерге жеткен-тұғын. Атап айтқанда, осы қойылым V халықаралық «Balausa» эксперименталды спектакльдер фести­ва­лінде – «Гран-при» және «Үздік сценография» (Қазақстан, Ақтөбе), ал XIV халықаралық түркітілдес елдердің «Мың тыныс – бір дауыс» театр фестивалінде – «Арнайы диплом» (Түркия, Конья) және IV халықаралық «ТеART-Көкше» театр фестивалінде – «Яков Куклинский атындағы арнайы сыйақы» (Қазақстан, Көкшетау) иегері атанды.

Жүлделі атанған Алматы Мемлекет­тік қуыршақ театры 2024 жылдың 28 қыркүйек – 2 қазан күндері аралы­ғын­да Грузияның Батуми, Кутаиси, Ахалцихе, Боржоми, Тбилиси қала­ла­рын­да гастрольдік іс-сапар өткізіп, қазақ қуыршақ өнерін дәріптеп қайтты.

Қуантарлық жайттың бірі – Қуыр­шақ театры қазан айының 10-ы күні өзінің мерейлі 89-маусымының шы­мыл­дығын түрді. Өнер ордасы қала тұр­ғындары мен қонақтарына қуыр­шақ­тардың барлық түрі өнер көр­се­тетін «Жұлдызды қуыршақ» концерт-спектаклінің премьерасын ұсынып, салтанатты кеш өткізді.

Театр ұжымы өнерге сүйіспеншілігі зор, талғамы жоғары көрермендерге қашанда рухани азық сыйлауға дайын. 

 

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ,

Алматы мемлекеттік қуыршақ театры баспасөз қызметінің жетекшісі

Соңғы жаңалықтар

Жас буын туралы зерттеу

Жастар • Бүгін, 08:45

Есірткі қылмысымен күрес

Қоғам • Бүгін, 08:40

Тағы гран-при әкелді

Қоғам • Бүгін, 08:25

Өнертабысқа өріс кең

Аймақтар • Бүгін, 08:15

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:05

Қайыспас қайыңдай қайсарлық

Әдебиет • Бүгін, 08:03

Ең құнды жәдігер

Жәдігер • Бүгін, 08:00

Алғашқы өлең

Әдебиет • Кеше

Жас ақындар жинағы

Аймақтар • Кеше

Қыс мінезін көрсетті

Аймақтар • Кеше

«Көрім» көз (Монолог)

Сатира • Кеше