Әдебиет • 12 Қазан, 2024

«Теріс ағаш» тәлімі

488 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Нұрғали Ораздың «Теріс ағаш» деген әңгімесі бар. Терісаққан деген жер атаулары болушы еді. Ал енді теріс өсетін де ағаш болатынын, Нұрғалидан естіп-білдік. Бұл әңгіменің атын ағаш егіп жатқанда талайлар еске алған да шығар. Сондайда ағаш теріс өсе ме деген сұрақ кімнің де болса көкейінде тұратын болуы керек. Осы сұрақты биология ғылымдарының докторы Нұғыман Аралбайға қойып көрдік. Ағашты, шыбықты, көшетті теріс шаншып қойса өсе ме? Өссе Нұрғали жазғандай бас жағы жуандау болып, дөңгеленіп тұра ма?

«Теріс ағаш» тәлімі

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Бұл жерде ең басты түйткіл – оның саз жерге шаншылғанын­да» деді Нұғыман еш тосылмастан. – Әңгіме Қазығұрт жақта болған оқиға туралы ғой. Ол жақта топырақта тұз, сор жоқ. Қара то­пырақ та емес, кәдімгі сары топырақ. Бастаулардың айнала­сы сазды жер болып келеді. Арық­тардың бойына тал, терек, жиде жақсы өседі. Соның бәрін шыбық шаншып-ақ өсіре береді. Ал енді теріс шаншыған шыбық өсе ме деген сұрағыңа маман есебінде тәптіштеңкіреп жауап берейін. Өзегі кеппей тұрғанда шаншыса, ол сөзсіз өседі. Биылғы жылы көктеген жас өркен күзге қарай сүректенеді. Сүректенгеннен ке­йін оның бойында ұйықтап жат­қан бүршіктер болады. Орыстар «спящие почки» дейді. Сол ұйық­тап жатқан бүршіктерге ылғал жетсе болды, сабақ пен тамыр өсіп шығады».

Әрине, «Теріс ағаш» – істеп ­жүр­ген ісі қиғаш, болмысы қа­лып­­­қа сыя бермейтін адам туралы ­әң­гі­ме. Нұғыман да: «Орыстар­дың деревнядағы қарапайым адам­дар ту­ралы жақсы шығармалары ­бар. Көп жағдайда сондай адам­дар­­дың ішкі жан дүниесін біле бер­мейміз. Бәрін бір қалыпқа са­лып алып, атойлап жүре бере­міз», деді. Биологияны зерт­тей­тін ға­лымның әдебиетті осылай жанашырлықпен талдап отыр­ғанына біз де разы болдық. Сонымен:

«Бiр күнi Еркебай көкемнiң бiзден бiр-екi жас кiшi баласы – үрпек сары Әнтай солқылдақ жас шыбықты ат қып мiнiп, тоғайға қарай «құйындатып» келе жатып, Боранбай баронға қарсы кездесiп қалады. Барон оны саусағымен ымдап өзiне қарай шақырады да, тапырақтап жетiп барған «батырдың» бұтының арасындағы «атын» жұлып алады.

– Әй, ақымақ, – дейдi Әнтайға қарап. – Обал емес пе? Бұл да өзiңдей бала ғой...

Сосын ол саздау жерге әлгi шы­бықты тiк шаншып қоя салды. Әнтай қу оның шыбықты ұш жа­ғынан терiс қадағанын байқап қалып:

– Барон көке, бұл бәрiбiр өс­пейдi, – деді. – Өйткенi сiз оны дұрыс шаншыған жоқсыз!

Боранбай барон артына бұ­рылып қараса, шынында да, жас шыбықты терiс қадап қойған екен. Бiрақ ол өзiн мазақ еткiсi келiп, көздерi ұшқын атып тұрған үрпек сары балаға қарап:

– Өсе-дi! – деді даусын созып. – Барон қадаған шыбық өспеуi мүмкiн емес!

Расында да, сол шыбық кейiн жетiлiп, өсiп кеттi. Басқа ағаштарға қарағанда бас жағы жуандау, биiк қара ағаш болды. Сол қара ағаш қазiр жапырақ жайған кезде тоғай жақтан келе жатқан Боранбай ба­ронның бұйра шашындай дөң­геленiп көрiнiп тұрады. Жол жие­гiнде өскендiктен, отын кесуге бар­ғандар оған атын, есегiн байлап ке­тедi. Балалар да оның бұтағына өр­мелеп шығып жүредi. Өйткенi сол бiр қара ағашқа құстар көп ұя салады…»

Нұрғалидің осы әңгімесін қайта оқығанымызда, ағаш отыр­ғызуға болатын тағы бір маусым жақындап қалғаны есімізге түсті. Ағаш көшеттерін суық түссе үсіп кетеді деп қорықпай, бойында шырын тоқтағанда батыл түрде отырғызу керек екен. Әйтпесе жапырақтар түгел түсіп болатын қара күз нағыз ағаш егетін кез еке­нін ұмыта береміз. Мамандар қара күзде еккен жеміс ағаштары суыққа төзімді болып өседі десе­ді. Ал Нұрғалидың «Теріс ағашы­на» келсек, ол оның жас күнінде жазған уақыт бедеріндегі өшпес қолтаңбасы. Жазушы өзі де басы дөңгеленіп өскен теріс ағашқа қарап тұрып: «Бәлкім Боранбай бароннан қалған бір белгi сол шығар», депті. Мейлі, кім болсаң да жеріңді көркейтіп, еліңді марқайтудан асқан бақыт бар ма?

Соңғы жаңалықтар

Серіктестік құқы қорғалды

Инвестиция • Кеше

Тұмаудан амансыз ба?

Денсаулық • Кеше

«Cyberpol»-ға жұмыс көп

Құқық • Кеше