Таң алдындағы кездесу
Майданбек ЕСЖАНОВ, ішкі істер қызметінің ардагері, милиция полковнигі: – Азанғы сағат 4-тердің шамасы... Аудандық ішкі істер бөлімінің кезекшілігін атқарып тұрғанмын. Таң тылсымын есік алдына «шиқ» етіп келіп тоқтаған «Волганың» тежегішінің дауысы бұзды. Көліктің Алматыдан келгенін тұмсығындағы мемлекеттік белгі-нөмірінен байқап қалдым. Есік ашылып, іштен полковник кителіндегі бас киімсіз азамат түсті. Жыға танымасам да, тәртіп бойынша шені жоғары беймезгіл қонақтың алдынан жүгіріп шықтым. Қолымды шекеме апарып: «Жолдас полковник...» деп аузымды ашқаным да сол еді, «...полковник емес, гвардия полковнигі» деп гүр ете қалған сесті дауыс сөзімді бөліп тастады. «Мәссаған, мына кісі Бауыржан Момышұлы ғой!» Қатты састым. Қалшиып тұрған бойы дауысым дірілдеп рапортымды басынан қайта бастадым: «Жолдас гвардия полковнигі! Қордай аудандық ішкі істер бөлімінің кезекші офицері, лейтенант...». Сәулесін күңгірттеу себезгілеп тұрған электр жарығынан батырдың өткір жанары жарқ еткендей болып көрінді маған. Қолын шекесінен түсіріп, бір аттап жақындап: «Балам, – деді, – аудандық соттың төрағасы Омархан Жетібаевтың үйіне жол сілтеп жіберші!». Біздің аудандық соттың төрағасы Баукеңмен бір дивизияда соғысқан дегеннен хабарым бар еді, ұйықтап жатқан бір сержантты дереу оятып, халық батырының қасына қосып, жолға салдым. Қолын ұсынып қоштасқан Баукең көлігіне отыра бере кілт бұрылып: «Сен офицерсің, бұдан былай дұрыстап рапорт беруді біліп ал!» – деді. «Құп болады, жолдас гвардия полковнигі!» – деп тақ ете түстім. Өң мен түстей болған оқиғадан соң өзіме-өзім ал келе алсамшы!.. Батырдың салалы саусақтары ұзын әрі жұмсақ екен. Дауысы тым қатқыл болғанмен, алақанынан әлдебір жылылық сезінгендей күй кештім. Аузынан шыққан әрбір сөзі құлағымда көпке дейін шуылдап, ұмыта алмай жүрдім! Даңқты майдангер ағамыз сол таңда маған ақ батасын бере отырып, болашақ қызметтегі жолымды ашып беріп кеткен екен! Аға лейтенант кезімде Жамбыл облысының Жуалы аудандық ішкі істер бөліміне бастық болып тағайындалдым. Ол кез – кеңестік заман, небәрі аудандық милиция бастығының қызметін атқару үшін де сонау Мәскеуден рұқсат керек! Сондай сүзгі мен талаптан өтуім Бауыржан атамыздың қолын қысып, бата алғаным шығар деген ойда жүргенім де өзіме ғана мәлім... Ең қызығы, соғыстың алдында ғана лейтенант Бауыржан Момышұлы өзі туған сол Жуалы ауданының милиция бөлімінің бастығы болған еді! Даңқты қолбасшы отырған орындықта қызметім келесі сатыға өскенше отырдым. Жаужүрек ағамыздың киелі орындығын, қасиетін қадір тұттым. Батырмен болған таң алдындағы сол кездесу әлі күнге көз алдымда... АЛМАТЫ.«Тілсіз жаудан» сақтаған әулиелік
Ғалымжан САҒЫНДЫҚОВ, халықаралық DNK компаниясының техникалық директоры: – Бауыржан атамның басымнан сипағаны есімде... Алайда, оның қасиет-қадірін ес біліп, етек жиған кезде шындап түсініп жүрміз ғой. Менің атам – қоғам қайраткері Құрманбек Сағындықов Бауыржан Момышұлымен түйдей құрдас: мектепте бірге оқыған, майданда жау шебінде бірге соғысқан. 2010 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданында екі достың 100 жылдығын ерекше құрметпен атап өтті. Екі достың арасындағы қаламгерлік қарым-қатынас, туысқандық байланыс, адамгершілік ұғысу туралы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары талай-талай дүниелер жазды. Осы орайда, менің балдырған кезімде өткен Бауыржан атама қатысты болған бір оқиға туралы айтып берсем деп едім. Сара әжем сондай мейірбан жан еді. Жылы сөзінен артық ештеңе естіген емеспіз. Балалық шақтың мамыражай күн кешкен қызықты шақтары ғой – Бауыржан атам үйге келгенде сондай аяулы да алтындай әжеме: «Әй, қара қатын!..» – деп айғайлап сөйлейтін. Оған кейіп жатқан әжем жоқ: «Ой, тұқымың өскір...» дейтін де қоятын. Ойын баласы кезіміз, бірде әжеме жаным ашып: «Әже, Бауыржан атам сізге неге ұрсады?!» – дедім. Сонда әжем, маңдайымнан емірене сүйіп, күлген: «Құлыным-ай-а... Бауыржан атаң сенің атаңмен түйдей құрдас қой. Сол құрдастығына салып әрнәрсені айтады да... «Менің құрдасыма дұрыс қарамайсың, басқа кемпір әперемін...» дейді. Сол кезде мен: «Әже, маған басқа әженің керегі жоқ!» – деп «шыр» ете қаламын. Әппақ әжемнің шашымнан сипап отырып айтқан бір әңгімесі де есімде. Түннің бір уағында мазасыз шырылдаған телефонның дауысынан оянған әжеме телефонның арғы жағынан Бауыржан атам дүрсе қоя береді: – Әй, қара қатын!.. Ұйқыда басың қалғыр, өртеніп өлесіңдер ғой... дейді де телефонды тастай салады. Бар болғаны осы. Түнгі ұйқысы бұзылған Құрманбек атама «Құрдасың ғой...» дейді әжем жылы жауып. Досының мінезіне қанық атам, үндеместен аунап түсіп, ұйқыға қайта бас қояды. Көзі ілініп кеткен әжем, кенет, әлденеден секем ала ма, әйтеуір... орнынан тұрып, сусын ішпекке ас үйге барады. Барса, жаңадан ғана сатып алған «ЗИМ» тоңазытқышының арты түтіндеп, өткізгіші өртеніп жатыр екен! Бауыржан атамның беймезгіл соққан телефон қоңырауы бір үйдің отбасын осылайша тілсіз жаудан аман алып қалған. Аталарым да, әжелерім де дүниеден өткен!.. Бірақ, әжем айтқан өртке қатысты осынау әңгіме еш жадымнан шықпайды. «Бауыржанның аталары ескіше оқыған, олардың тұқымдарында көріпкел-әулие кісілер болған» деп айтқан Сара әжемнің сөзі жадымда сақталыпты. АЛМАТЫ.Қара қойдың піскен басы...
Еркін ҚҰРМАНТАЕВ, қоғамдық тамақтандыру мен сауда ісінің үздігі, еңбек ардагері: – 70-ші жылдардың іші. Шымкенттегі ірі мейрамханалардың бірінде бас аспаз қызметін атқаратынмын. Ойламаған жерден атақты Бауыржан Момышұлы бізден түстенетін болды. Кәдімгідей әбігерге түстік. Директорымыз маған қазақша қатырып тұрып ет асуға тапсырма берді. Бөлек табақпен құрметті ағамызға арнап, қара қойдың басын пісіріп қоюды ескертті. Ол кісі қасына көп адам ертпейді дегенді бұрын да еститінбіз, үлкен залдың төрінде екі-үш адам ғана отырды. Атақты ағамызды бір көруге құмартып жүрген біздер, солай қарай жасырына көз тастап қоямыз. Гүрілдеп сөйлеп отырғаны, қатқылдау шыққан дауысы, тұла бойыңды шымырлатып жібереді екен... Ет дайын болды, даяшы жігіттер бар мәзірімен жасаулап-сәндеген ұлттық асымызды батырдың алдына алып барды. Мойнымнан жүк түскендей болып отыра бергенім сол еді, үлкен залдан шу шықты. Үрпиісіп қалдық... Құлақ түріп ем: «Шақырыңдар дедім ғой, шақырыңдар!..» – деген батырдың қаһарлы даусын анық естідім. «Әне-міне» дегенше, даяшының бірі жүгіріп келіп, батырдың мені шақырып жатқанын айтты. «Неге мен, неге мейрамхананың директоры емес...». Түкке түсінбей, бір жағы Баукеңнің қаһарынан именіп, жылыстап үлгерген директордың жоқтығын білдірмейін деп, батырдың қасына жеттім. Қос қолымды ұсына бергенмін, қарлығыңқы дауысымен гүр етті: « – Әй, балам, шақыр дедім ғой ана қатынды, жер жұтып кетті ме, а?!». – Қандай қатынды... – Мына басты пісірген аспаз қатынды! Жүрегім су ете қалды. «Не бүлдірдім екен?!». Қара қойдың басы батырдың алдында әлі де пышақ тимей, құйқасы былбырап, буы бұрқырап тұрды. – Басты мен пісіріп едім, осы мейрамхананың бас аспазы – Еркін... Батыр ағамыз, маған таңдана бір қарап, сабасына түскендей болып алды да, «отыр» деген ишара жасады. – Айналайын, Еркін... Батырдың дауысы сәл-пәл жұмсарғанын байқап, мен де есімді жиғандаймын. «Алматы мен Шымкенттің арасында көп жүремін, мейрамханаларынан тамақтанамын. Бұл аспаздық өнер деген қазақтың жігіттеріне онша жұғысты болмаған, шырағым! Бірақ, айналайын, мынадай басты жөн-жобасымен, жағын ажыратып, тісін қағып, бір құлағын кесіп беруді, өз басым мейрамханада бірінші рет кездестіріп отырмын. Аталарымыз сыйлы азаматтарға басты құр мүжи салсын деп ұсынбаған ғой, мұны түсінгеніңе рахмет! Қойдың басын қалай пісіріп асуды саған мейрамханада үйретпеген шығар, сондықтан әке-шешеңе рахмет! Басты ұсынарда оған талғаммен қараған, ол – өнер! Ұлтымыздың ерекшелігі. Осыны дұрыс түсінгенің үшін ризамын. Ісің жемісті болсын!» – деді. Тамағын кенеп, дауысын оқта-текте созып, дикторлар сияқты сөйлейді екен. Қысылғаным бар, қорыққаным бар... не айтарымды білмей тұрмын. – Еркін!.. Дауысы саңқ ете қалды. – Мынаны тартып жібер! Сұқ саусағымен коньяк құйылған қыпша бел рюмканы нұсқап тұр. Жанындағыларда үн жоқ. Майдангер мыңғырламай нақты, тақ-тұқ сөйлегенді ұнатады дегенді оқығанмын да естігенмін. – Көке, мен, біріншіден, жұмыстамын! Екіншіден, ешуақытта спирттік ішімдік ішкен емеспін! – деп тақ ете қалдым. Жаспыз ғой, әскерде болғанмын, жауынгерлік тәртіпті де жақсы білемін. Өңменнен өтетін сұсты жанарымен қатулана қарап тұрды да: «Кругом! Марш!» – деді... Сол күн менің есімде мәңгі сақталып қалды. Мәскеуді қорғаған, батырлығын әлем мойындаған, атақ-даңқы зор ағамыздың өз аузынан алғыс сөзін естуден асқан бақыт бар ма! Қайран, Баукең ағамыз! Шымкент.