Сурет Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасынан алынды
Астана қаласы мәслихатының төрағасы, Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Ерлан Қаналимов игі іс-шара дәстүрге айналып, жыл сайын жалғасын табатынын айтты.
«Астана қаласында өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына орай күрделі жөндеу жүргізіліп, барлық талапқа сай жаңартылған «Қазанат» ипподромы ұлттық спорт ойындарының ордасына айналуға тиіс. Этноспортқа көпшіліктің қызығушылығы артуына көшпелілер ойындары зор септігін тигізді. Төл өнерді түлетуде мұндай фестиваль ұйымдастырудың маңызы зор. Астананың атшабарында екі күнге ұласқан сайыс дәстүрімізді жаңғыртып, ұлттық құндылығымызды ұлықтауға серпін береді», деді Е.Қаналимов.
Алдымен көкпардан ересектер арасында солтүстік аймақ командаларының тартысы өтті. Астана, Қарағанды қалаларының, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарының көкпаршылары тартысқа түсті. Солтүстік аймақтағы командалар арасындағы республикалық турнирдің финалдық сынына Қостанай облысы мен Астана қаласының шабандоздары шықты. 4:2 есебімен қостанайлықтар чемпион атанып, 5 миллион теңге иеленді. Күміс медаль бұйырған астаналықтар 3 миллион теңге сыйақымен марапатталды. Ал қола медальға тартыс Қарағанды шаһары мен осы облыстың спортшыларынан жасақталған командалар арасында өрбіп, қалалық көкпаршылардың мерейі үстем болды. 3-орынға – 2 миллион, 4-орынға 800 мың теңге берілді. 5-орын бұйырған елорда командасы мен 6-орынды місе тұтқан Солтүстік Қазақстан облысының командаларына 600 мың теңге табысталды. Астаналық көкпаршы Александр Пупенко турнирдің үздік ойыншысы атанды.
Көкпар додасынан кейін көрермендер бәйге түрлерінен өткен жарысты тамашалады. 25 шақырымдық аламанға 21 жүйрік қосылды. Астаналық Дулат Нұрмұханбет тізгіндеген Гауһар қызы топ жарып, 4 миллион теңгені олжалады. 2-орын Ақмола облысынан келген шабандоз Әлібек Нұрғазының Маржанына бұйырды, жүлдесіне 2,5 миллион теңге берілді. Нұрсәулет Ерболовтың тақымындағы Салпаңқұлақ (Абай облысы) 3-орын иеленіп, ат иесінің қанжығасына 1,5 миллион теңге сыйақы байланды. Мәре сызығын Моли (Абай облысы) арғымағымен төртінші боп қиған Қуанышбек Төлендинов 300 мың теңге сыйақы алды. 5-орын Дүйсенбек Бақдәулет мінген Көкшоқайға (Қарағанды облысы) бұйырып, 200 мың теңге олжалады.
Топ бәйгеге 13 ат қосылып, 15 шақырымға айдалды. Алматы облысынан келген шабандоз Сембек Мұқағали Айторған арғымағымен жеңімпаз атанып, 2,2 миллион теңгеге ие болды. Әлібек Нұрғазы шабандоз Салауат сәйгүлігімен (Астана қаласы) 2-орын алды. Ұйымдастырушылар топ бәйгенің екінші жүлдесіне 1,3 миллион теңге табыстады. Үштікті түйіндеген Ералым Медетұлына (Түйеторы, Астана қаласы) 900 мың теңге берілді.
9 шақырымға жүйткіген құнан бәйгеде 18 шабандоз бақ сынады. Темірлан Застенко Сарма жүйрігімен топ жарса, Әмір Серік Қызылжар тұлпарымен 2-орын алды. Қуанышбек Төлендинов мінген Шыңғыстау 3-орын иеленді. 1-орынға – 2 милллион, 2-орынға – 1 миллион, 3-орынға 500 мың теңге берілді.
Көпшілікті жорға мінген шабандоздардың да шеберлігі сүйсінтті. Абай облысынан келген Шабдан Алмасбекұлы «Профессор» атты жорғасымен жеке-дара келіп, 2 миллион теңге ұтып алды. 2-орын Триумф жорғасын тізгіндеген астаналық Әлия Тоқтасыноваға бұйырып, 1 миллион теңге еншіледі. 3-орынды Дастан Әлибақасов «Яро Син» жорғасымен иеленіп (Абай облысы), бәйгесіне 600 мың теңге берілді.