Сурет: nauchebu.kz
1998 жылы 15 желтоқсанда құрылған NNEF қоғамдық қоры мектепке дейінгі білімнен бастап, университеттерде жоғары білікті мамандар даярлауға дейінгі білім жобаларына инвестиция сала отырып, «Lifelong learning» үздіксіз білім беру тұжырымдамасын іске асырып келеді. Қор құрылған сәттен еліміздің білім жүйесін дамытуға 120 млрд теңге қаражат бөлген. Бұл қаржы балабақшаларды, мектептер мен жоғары оқу орындарын ашуға, дамытуға, сондай-ақ инновациялық бағдарламалар мен технологияларды енгізуге бағытталды.
«Білім беру мекемелері қызметінің нәтижесінде түскен барлық кірісіміз мектеп, балабақша, университет қызметін одан әрі дамытуға және жаңғыртуға бағытталады. Акционерлер түскен пайданы оқу орындарына толығымен қайта инвестициялайды. Бұл – біздің стратегиялық бағытымыз және қор жұмысының негізгі қағидасы. NNEF 2 жастан бастап үздіксіз білім берудің қайталанбас экожүйесін құрайды. Бұлар: 3 балабақша, 4 мектеп, 5 университет (ҚБТУ, Astana IT University, Energo University, UIB, ХАТУ), сондай-ақ «Қазақстанның SOS балалар ауылдары» әлеуметтік жобасы. ҚБТУ – білім ғана емес, еліміздің болашағын қалыптастыратын тарих пен инновациялар синтезі. Жоғары оқу орнын жеке қор арқылы тиімді басқару студенттер мен оқытушылардың, яғни еліміздің дамуына оңтайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретініне сенімдіміз», деп атап өтті NNEF қоры «University Alliance of Science and Technology» университеттік альянсының жетекшісі Майра Хусаинова.
Жоғары оқу орнын басқару NNEF қорына берілген сәттен бастап ҚБТУ серпінді даму жолына түсті. Кейінгі жылдары қор университеттің дамуына 11 млрд теңге жұмсады. Бұл қаражат заманауи білім алуға, ғылыми зертханаларды жабдықтауға, 980 орындық жаңа жатақхана мен ауданы 2 400 шаршы метр спорт кешенін салуға, материалдық-техникалық базасын жақсартуға бағытталды.
NNEF қорының басшылығы университетте заманауи білім кеңістігін қамтамасыз ете отырып, әр студенттің емін-еркін дамуына, ізденуіне қолайлы жағдай жасап отыр. Бүгінде Қазақстан-Британ техникалық университеті қор тарапынан қаржыландырылып, білікті мамандар даярлаудың заманауи орталығына айналды. ҚБТУ жетістігі NNEF моделінің сәтті жүзеге асқанын көрсетеді.
АЛМАТЫ