16 Маусым, 2015

Жүк қабылдаудың заманауи жүйесі

395 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Вокзал-7 Астана қаласында қазіргі заманғы және қуатты технологиямен жабдықталған контейнерлік алаңы бар көліктік-логистикалық орталықтың (КЛО) құрылысы аяқталуға жақын. Дер кезінде қолға алынған жалпы құны 151 миллион доллар тұратын ауқымды жобаға «ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны «КТZ Express» АҚ арқау болуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елі­міздің барлық деңгейдегі инфра­құры­лымын дамыту мәселесіне бірінші кезекте басымдық беріп отыр. Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «Бірін­ші. Көліктік-логистикалық инфра­құры­лымдарды дамыту. Ол макро­өңір­лерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асы­ры­латын болады. Оның үстіне, инфра­құрылымдық қаңқа Астанамен және макроөңірлерді магистральді автомобиль, теміржол және әуе жолдарымен шұғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырды», деп атап көрсетті. Осыған байланысты еліміздің өңірлерінде көлік­тік-логистикалық хабтарды құру ісі қолға алынды. Соның бірі Астана қала­сындағы көліктік-логистикалық орта­лық болмақ. А273 көшесі мен Астана – Қараған­ды тас жолының қиылысында, Қыр­қын­шы стансаның маңайында орна­ласқан, үлкен контейнерлік алаңы, құр­ғақ және климаттық жүк сақтау қой­­­масы, алып сауда орталығы бар кө­лік­­тік-логистикалық орталықтың құ­ры­­лыс аумағында абаттандыру жұ­мы­­сы қызу жүзеге асырылуда. Сөйтіп, ЭКСПО-2017 халықаралық көрме­сі­не жан-жақты дайындық үстін­де­гі елордада тиімді логистикалық тіз­бек қалыптаспақ. Мәселен, қауырт қимыл­дар­дың нәтижесінде қоймалар кеше­ніне жеткізілген тауарлар тиісті сөре­лерге орналастырылады. КЛО орталығында қазір тоңазытқыш-мұз­датқыш камералар іске қосылып, тауар сақталатын қоймалар сынақтан өткізілуде. – Бірінші, негізгі кезең мәре сызы­ғын кесуге тақалып, екінші кезектегі жұмыстар көп күттірмей бастау алады деп жоспарлануда. Жұмыс көлемі көп, оларды уақтылы еңсеруге тырысудамыз. Жалпы, көліктік-логистикалық орталықтардың артықшылығы сол, кө­лік қатынасына да, өндірістік-техни­калық, өнеркәсіптік жүк пен халық тұр­мысында кеңінен қолданылатын кез келген азық-түлік тауарларын түсіріп, қайта тиеуге де, шоғырландырып, өңдеу қызметтерін көрсетуге де ыңғайлы болуы тиіс. Бүгінде Астана және Шымкент шаһарларында «А+» сыныбындағы заманауи КЛО құрылыстары салынып, пайдалануға берілуде. Білікті мамандар тұсаукесер рәсімдерінен соң игілікті істерге білек сыбана кіріседі, – дейді Астана КЛО құрылысын басқару мен бақылауға жауапты «Continental Logistics» ЖШС-нің техникалық директоры Тілекжан Нұркенов. Астана көліктік-логистикалық орта­­лығы болашақта халықаралық және республикалық, қалалық және өңір­лік жүк ағынын ортақ арнада тоғыс­тырмақ. Жаңа теміржол вокзалымен көрші­лес 51 гектар жер теліміндегі алғаш­қы құрылыс кезегі аяқталды. Пайда­лануға берілген құрғақ жүк қойма­сының аумағы 27650 шаршы метрді, климаттық қойма 11520 шаршы метрді құрайды. Контейнерлік алаң 8 гектар жерді алып жатса, сауда үйі 24000 шаршы метрді алып жатыр. Келесі кезекте әкімшілік-тұрмыстық кешен мен қонақүй тұрғызылады екен. Контейнерлік терминалдарға жеке-дара тоқталсақ, алаң плиталары 100 тн/м2 жүктемені қиналмай көтеріп, бұл аумаққа бір уақытта 4000 ТЕU жүк орналасады. Контейнерлік кран бірден 45 тонна жүк көтереді. Осы орайда, бертінге дейін бұрынғы Кеңес одағы дәуірінен қалған инфрақұрылымды пайдалануға мәжбүр болған елі­мізде терминал-қоймалар желісі халық­ара­лық бағалау дәрежесінде соңғы «С» санатына және одан да төмен жайғас­қаны біраз жайтты аңғартса керек. Енді орта­лықтандырылған, кедендік қосы­ны кәдеге жарайтын, жабық немесе ашық вагондарды стансадан жет­кізу, кедендік ресімдеу, ақауларды сұрыптау, жарамсызын жою сынды қосымша қызметтермен шұғылданатын көліктік-логистикалық орталық нарық­қа соны леп әкелмек. Тағы бір айта кете­тін мәселе, ет пен балық, жеміс-жи­дек, көкөніс секілді тағам түрлерінің тез бұзылмауына рефрижераторлар қыз­мет көрсетпек. Ескендір ЕРТАЕВ, «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ бұқа­ра­мен байланыс департаментінің менеджері. Суретте: көліктік-логистикалық орталықтың құрылысы аяқталуға жақын.