16 Маусым, 2015

Халықаралық әуежай әлеуеті

668 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ауежай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында жариялаған бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамда «Эйр Астана» әуе тасымалдаушы және «ҚТЖ» ұлттық компанияларын ірі халықаралық оператор ретінде дамыту. «Эйр Астана» халықаралық бағыттарға ыңғайластырылады және әлемнің негізгі қаржы орталықтарына (Нью-Йорк, Токио, Сингапур) жаңа бағыттар ашады. «Эйр Астананың» дамуы «ҚТЖ»-ның баламалы маршруттарды дамыту жөніндегі жос­парымен үйлестіріледі, бұл жүктерді жеткізу құнын екі еседен астам төмендетуге мүмкіндік береді», деп атап көрсетілген. Осыған орай, «Эйр Астана» әуе тасымалдаушысына аталған бағыттар­ға ұшу жағын ұйымдастыру, жаңа белестерді бағындыру межесі діт­телсе, «Қазақстан темір жолы» ұлт­тық компаниясына тиісті қаржы орталық­тарына байланысты жоспарларын тиім­ді дәрежеде үйлестіріп, жүкті жеткі­зу құнын екі еседен астам бағаға төмен­дету міндеті жүктелді. Еске сала кетсек, осы өзекті мәсе­ле аясында, «ҚТЖ» ҰК» АҚ құры­лы­м­ын­да­ғы арнайы холдинг «Аіrport Management Group» ЖШС отан­дық бірқатар әуежайлар тізбегін дамы­тумен айналысуда. 2015-2019 жыл­дар аралығында Астана, Қызыл­ор­да, Петропавл және Қостанай әуежай­лары аумағындағы ұшу-қону жолақ­та­рын, жолаушылар терминалдары мен әуежайлық инфрақұрылымды жаңғыр­ту бойынша ірі де тың жобалар жүзеге аспақ. Елорда және Қызылорда, Шымкент әуеге самғау нысандарында барлық халықаралық талаптарға толығымен жауап беретін жаңа жолау­шылар терминалдары бой көтермек. Сонымен бірге, Қазақстанды халық­аралық көлік-коммуникация ағы­мына ықпалдастырып, «Еуразия­лық трансқұрлықтық дәліз» мультимодаль­дық көпірін жасау мақсатында Азиядан Еуропаға жүкті транзиттеуді тездететін жоба іске асырылмақ. Мұнда бірінші тармақ Қазақстан мен Ресейді және әрі қарай Еуропаны қамтыса, екіншісінде Қазақстанның Қорғас кеден бекетінен Ақтау портына, содан кейін Каспий теңізінен Әзербайжанға, Грузияға өту көзделуде. Міне, осы айтылғандарды іс жүзіне асыру мақсатында, жақында өткен VІІІ Астана экономикалық форумы аясында Астана халықаралық әуежайы мен Еуропа Қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) арасында «Астана қаласы әуежайының қону және ұшу алаңын жаңғырту» инвестициялық жобасын жүзеге асыруға 8,5 млрд. теңге көлеміндегі қаржыға несиелік келісім­шарт жасалды. Маңызды құжат­қа Еуропа Қайта құру және даму банкі­нің президенті Сума Чакрабарти, «Астана халықаралық әуежайы» ҰК» АҚ-тың вице-президенті Бауыржан Орынбасаров қол қойды. Несиелік келісім 15 жылға, үш жылдық жеңілдікпен жасалды. Жоба «Нұрлы Жол» мемлекеттік инфрақұ­рылымдық даму бағдарламасының аясында жүзеге асырылып отырған ұлттық маңызды жобалардың бірі болып табылады. Суретте: Астана әуе қақпасының көрінісі.