Орталық ғылыми кітапхана «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарайды. Жаңа келген директор Ұлар Мұқажанов бізбен әңгімесінде ғылыми орталық ретінде республикаға аты мәшһүр кітапхананың шаруашылық мекемесі деңгейіне дейін төмендеп кеткеніне алаңдаушылық бірдіріп, ғылым ордасын өз дәрежесіне қайта көтеруде атқарылып жатқан шаруалар мен кітапхананың қазіргі жағдайымен таныстырды.
– Біріншіден, кітапхана, музей қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына, айлық ақысын көтеруге көңіл бөліп отырмыз. Осы орайда сирек қорды зерттеуге, цифрландыруға, зертхана ісін дамытуға байланысты гранттық қаржыландыруға биыл төрт тақырып ұсындық. Бұл кітапхана қызметкерлерінің қосымша табыс табуына мүмкіндік береді. Таяуда мамандардың әлеуметтік жағдайы, біліктілігін арттыру мәселесіне де көңіл бөлмекпіз. Осы орайда кітапхана, музейлер ісін дамытуға байланысты ұсынған жоспарымызды Ғылым және жоғары білім министрлігі құптап отыр. Алдағы уақытта меншік мәртебесін ауыстыруға қатысты да ұсынысымыз қолдау тауып жатса, онда бірінші кезекте қызметкерлердің айлық мәселесі шешіледі. Кітапхана саласы мамандарын «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасымен дайындау ісі де уақыт күттірмейді. Бүгінгі күні докторантурада білім алуға жылына 10 қызметкерімізді жіберіп оқыта алатын мүмкіндік бар. Тек мамандар тарапынан ынта мен жігер болса болғаны, – дейді Ұлар Мұқажанов.
Кезінде 50-ден астам мемлекетпен ғылыми байланыс орнатып, республикада кітапханашыларды даярлаудың кәсіби орталығына айналған Орталық ғылыми кітапхана соңғы жылдары қоғамнан мүлдем алшақтап қалды. Ендігі кезекте бабалар мұрасынан мол мағлұмат беретін жәдігерлерді насихаттау мақсатында әлеуметтік желілерде контенттер ашып, сайт жұмысын жандандыру қажет.
Бүгінде «Ғылым ордасына» Орталық ғылыми кітапханамен қатар 4 музей қарайды. Бас директордың ғылым жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Сейдіннің айтуынша, Орталық ғылыми кітапханада қордаланған бірқатар мәселе республикадағы кітапханалар ісі туралы заңның кешеуілдеуіне байланысты әрі мекеме Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты болғандықтан, ғылым саласындағы тоқырау жылдарының кері әсері болмай қойған жоқ.
«Орталық ғылыми кітапханадан өзге кітапханалар Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарайды. Сәйкесінше, қаржыландыру жағы да басқаша. Президент тапсырмасына орай еліміздегі ғылым саласына енді-енді қаржы бөліне бастады. Десек те республикадағы архив, кітапхана, музей ісі кенжелеп келеді. Егер де кітапхана ісі туралы тиісті заң қабылданатын болса, көптеген мәселе шешімін табары анық», дейді Нұрлан Сейдін.
Қазір «Ғылым ордасына» қарасты 4 мұражайда 20-дан астам қызметкер бар. Орталық ғылыми кітапхана меңгерушісі Аян Жолдасовтың айтуынша, қазіргі кезде мамандардың кадрлық әлеуетін арттыру, іс-тәжірибе алмасу үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қыздар ұлттық педагогикалық университетімен келіссөз жүріп жатыр. Мұнымен қоса кітапхана базасын цифрландыруға байланысты арнайы бағдарламалар енгізіліп жатыр. Аттестациялау жағына да мән беріледі. Импакт факторлы журналдармен байланыс орнатып, ИФЛА халықаралық кітапханалар қоғамдастығына мүше болуды жоспарлап отырған кітапхана басшылығы көне ғасырлардан сыр шертетін қорын әрі қарай толықтыруда да ілкімді істерді қолға алған.
1959 жылы ашылған Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімінде ел ғалымдарының, академик Ә.Марғұлан бастаған ғылыми экспедициялар нәтижесінде жинақталған тарихи материалдар – кітапхананың басты құндылығы. Мұндағы сирек кітаптар қоры 300 мыңға жуықтайды. Алдағы уақытта «Ғылым ордасы» басшылығы сирек қорды түгендеу, мұнымен қоса кітапхана қызметін тәулік бойы пайдалануға мүмкіндік беретін RFID технологиясын енгізбекші. Сирек қорда сақталған Еуропа әдебиетін зерттеу ісі де уақыт талабынан туындайды. Осыған байланысты Гарвард университетінің ғалымдарымен бірлескен зерттеу орталығын құру туралы келісім жасалған. Осы келісімге орай Гарвардта мамандарды тағылымдамадан өткізуге де мән берілмек.
«Қазіргі кезде сирек қолжазбалар қорындағы жәдігерлерді 400 шаршы метр ауданды құрайтын мұражайға орналастыру көзделіп отыр. Кітапхана қорындағы жәдігерлерді жастарға, қызығушылық білдірген ғалымдарға, шетелдіктерге көрсету мәдени мұрамызды насихаттаумен қатар ішкі және сыртқы туризмді дамытуға ықпал етпек», дейді Ұлар Оразғалиұлы.
Сирек қорды зерттеу тілші мамандардың еншісінде. Алайда осы жанкешті тірлікті жауапкершілігіне алған штаттағы санаулы тілші мамандар парсы, урду, шағатай тіліндегі қорды зерттеп жатыр. Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімінің қызметкері Еркежан Жәкіманқызы электронды каталогпен таныстырып, ғалымдар үшін құнды мұраға айналған қорда 1800 жылдан бергі аралықта сақталған әрі өзге кітапханалар қорларында кездесе бермейтін диссертация, авторефераттар, 1917 жылдан кейінгі материалдар қоры, 130-ға жуық тілде жазылған басылымдармен таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі кезде 10 мыңға жуық шығыс тіліндегі басылымды электронды каталогке енгізу ісі жалғасып жатыр.
«Мұнда әл-Фараби бабамыздың геометриялық тапсырмалар қолжазбасы, XVIII ғасырдың орта шені, соңына қатысты тарихи кітаптар, сондай-ақ түбі түркіден шыққан ақындардың ғылыми ортаға беймәлім кітаптары бар», дейді кітапхананың кіші ғылыми қызметкері Құрманбек Қасымханұлы. Жазбаларды танып, оқып қана қоймай, қай ғасырға тиесілі екенін анықтап жатқан ғалымдар осынау игілікті жариялаудың уақыт күттірмейтінін айтады.
Қазіргі кезде Орталық ғылыми кітапханадағы жәдігерлерді қалпына келтірумен Реставрация және консервация орталығы мамандары айналысып жатыр. Заманауи құралдармен жабдықталған зертханада әріптері өшіп, мұқабасы жыртылған, сызығы да, бояуы да көмескі тарта бастаған карталарды кездестіруге болады. Кәсіби мамандар жаңа технологиялардың көмегімен құнды жәдігерлерді қалыпқа келтіруге кіріскен.
«Қолжазбаларда жойылып кеткен әріптерді арнайы мамандар оқып зерттегеннен кейін барып, болжам жасап қалпына келтіреміз. Мұнда қолжазбаларды ретке келтіруге 6-8 ай уақыт кетеді. Реставрация – көздің майын тамызып отырып жасайтын жұмыс. Көне ғасырларға тиесілі құндылықтардың бояуы, сызығы, жазуын қалпына келтіру тиянақтылық пен зеректікті қажет етеді. Осы орайда жақында Американың Делавэр университетінде білім алып келген химик маман Аяз Елемесов жұмысқа кірісті», дейді орталық меңгерушісі Дінмұхамед Әбдіраханов.
Қазіргі кезде «Ғылым ордасы» басшылығы Алматы полиграфия колледжімен келісімшарт жасасып, реставрация саласы бойынша дуалды оқыту аясында мамандар даярлауды қолға алыпты. Сондай-ақ Түркия, Иран тәжірибесін үйрену үшін бірлесіп мамандар даярлау бойынша келісімдер жасалған.
Алдағы уақытта Ғылыми департамент құруды жоспарлап отырған «Ғылым ордасы» басшылығының көздегені – бюджеттен тыс қаражат әкелетін жобаларды іске асыру. Жақында қанатқақты жобаны бастап кеткен Реставрация және консервация орталығы «Абай жолын» шағын таралыммен жарыққа шығарған.
Егер кітапхана басшылығының жоспары іске асатын болса, Орталық ғылыми кітапхана ғылымға қызыққан жастардың орталығына айналмақ.
АЛМАТЫ