Экономика • 16 Қазан, 2024

Ілгерілеу бар, іркіліс те жоқ емес

129 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы 9 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы, республикалық бюджеттің атқарылу барысы мен вегетациялық кезеңнің өту қорытындылары қаралды.

Ілгерілеу бар, іркіліс те жоқ емес

Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Отырыста Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Қаржы министрі Мәди Такиев, сондай-ақ Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов баяндама жасады. Салалық динамика, инвестиция тарту бағытында жоспарлы көрсеткіштерден артта қалған бірқатар өңір әкімдері тыңдалды.

Ұлттық экономика министрінің дерегіне сүйенсек, биылғы 9 айда ІЖӨ өсімі 4%-ға жетті. Бұл көрсеткіш негізінен ауыл шаруашылығы (+11,4%), құрылыс (+10,1%), сауда (+6,3%), өңдеу өнеркәсібі (+4,8%) салаларында болған. Аталған кезеңде мұнай өндіру көлемі төмендеп кетті.

Премьер-министр мұнайдан тыс секторлардың есебінен экономиканың өсуі Мемлекет басшысы қойған міндеттерге сәйкес экономиканы әртараптандыру шараларының жалғасып жатқанын көрсететінін атап өтті.

Әкімдіктер мен министрліктердің мақсатты экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізудегі белсенді жұмысының маңыздылығы атап өтілді. Бүгінгі таңда негізгі параметрлер бойынша Алматы, Қара­ғанды, Қызылорда, Павлодар, Түркіс­тан, Шығыс Қазақстан облыстарында, Астана мен Шымкент қалаларында тұрақ­ты өсімге қол жеткізілді. Ең төмен көрсет­кіштер Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарында тіркелді.

«Артта қалған салаларды жеделдетуге қажетті шараларды дер кезінде қабылдап, күнделікті мониторинг жүргізу керек. Әкімдіктер өңдеу өнеркәсібін қолдау­ға, сондай-ақ құрылыс пен сауданы ынта­ландыруға баса назар аударуы қажет. Мұнда үлкен резервтер бар», деп атап өтті О.Бектенов.

Отырыста негізгі капиталға инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударылды. 9 айдың қорытындысы бойынша 11 өңір жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізбеген.

«Салалық министрліктер мен әкімдік­тер өнімді сату нарықтары мен экспорт­тық тауарларды кеңейту үшін кәсіпкерлерге тұрақты түрде қолдау көрсетуге тиіс. Өндірістерді елімізге көшіру үшін шетелдік кәсіпорындарды іздеп тауып, осында орналасқан өндірістерде локализацияны арттыруға жәрдемдесу керек. Жылдың соңына дейін негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша нысаналы индикатордың орындалуын қамтамасыз ету қажет. Бәріңізге осындай міндет қойып отырмын», деп тапсырған О.Бектенов, өңдеу секторы, агроөнеркәсіп, көлік, логис­тика, сондай-ақ сумен, электрмен жабдық­тау салаларын ерекше назарға алу кере­к­тігін атап өтті. Сыртқы істер министр­лігіне инвестиция тарту жұмысын күшей­тіп, оның нәтижесі мен проблемалық мәселе­лерді Инвестициялық штаб отырыстарына ай сайын ұсынып отыруы міндет етіп қойылды.

Инфляция деңгейін бақылау мен төмен­детуге бағытталған іс-шаралар жос­па­рын орындау шеңберінде Премьер-ми­нистр өңір әкімдеріне әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру жұ­мысын жалғастыруды тапсырды. Қыр­күйек айында инфляция 8,3%-ға дейін баяулады.

Басым міндеттердің бірі отандық та­уар өндірушілерді қолдау мен жергілікті қамту үлесін арттыру болып қала бермек. Премьер-министр әлеуеті жоғары шағын, орта кәсіпорындарды қолжетімді қаражатпен қамту қажеттігін айтты. Сонымен қатар Өнеркәсіп, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері «Атамекен» палатасымен бірлесіп, отандық тауарларды қолданудың тиімді мониторингін қамтамасыз етуі қажет.

Қаражатты игеру бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне қаржылық тәртіпті күшейту тапсырылды.

«Мемлекеттік пен жергілікті атқарушы органдар осы жылдың соңына дейін барлық ресурстарды экономиканың сапалы өсуіне жұмылдыруы керек. Қазіргі жағдайда бұл оңай шаруа емес. Сондықтан осы бағыттағы күш-жігерді еселей түсу қажет. Ол үшін министрліктер мен өңірлер үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуге тиіс», деп атап өтті О.Бектенов.

Сонымен қатар Үкімет отырысында вегетациялық кезеңнің өту қорытындылары жөнінде Су ресурстары және ирригация, Ауыл шаруашылығы министрлерінің, бірқатар өңір әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.

Елімізде биыл аталған кезеңде су тапшылығы болған жоқ. Диқандар егін шығынынсыз, толық көлемде егіндік сумен қамтамасыз етілді. Оңтүстік аймақтарға тұрақты суару үшін 10,9 текше км су берілді.  Жалпы көлемі 1,5 млн гектардан астам суармалы жерлерде шаруалар дәнді, майлы дақылдар, жемшөп, бақша дақылдарын, мақта, картоп, күріш, көкөністер, қант қызылшасын өсірді. Оның ішінде 397,3 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиялары пайдаланылды.

«Мемлекет басшысы халыққа Жол­дауында экономика салаларында, әсіресе ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологиясын  кеңінен қолдану керектігін атап өтті. Елімізде су қоры көп емес. Сондықтан оны барынша үнемдеп жұмсап, халықты ғана емес, бірінші кезекте бизнесті соған ынталандырып отыру керек. Өңірлер су үнемдеу технологиялары бар егіс алқаптарын ұлғайту жөніндегі индикаторларға қол жеткізуге тиіс», деп атап өтті Премьер-министр.

Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарынан едәуір артта қалған аймақтар аталды. Мәселен, Жам­был, Қарағанды және Атырау облыс­тары­ның бекітілген индикаторлары төмен­детіп жіберді. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары жос­парды орындай алмады. Аталған өңірлер­дің әкімдіктеріне көрсеткіштерді қайта қа­рап, тиісті шаралар қабылдау тапсы­рыл­ды. Суару тиімділігін арттыру арқы­лы белгіленген жоспар артығымен орын­далған Қызылорда облысы оң мысал ретін­де кел­тірілген. Бұл тәжірибені басқа өңір­лерде, әсі­ресе еліміздің оңтүстігінде қол­дану керек, деп атап өтті О.Бектенов. Сондық­тан су үнем­деу технологияларын қолда­нып, су­ды көп қа­жет ететін дақылдар аума­ғын оң­тай­лан­ды­ру бойынша шаралар қабылдаған жөн.

Премьер-министр вегетациялық кезеңде көрші елдермен сапалы келіссөздер жүргізудің маңызы зор екенін атап өтіп, мемлекеттік органдар мен шекаралас өңір әкімдіктеріне тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Су ресурстары және ирригация мен Ауыл шаруашылығы министрлігі су қоймаларын толтыра отырып, суару кезеңінде судың ысырап болуын азайту арқылы келесі вегетациялық кезеңнің бас­талуына сапалы дайындық жүргізуі қажет.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мүмкіндігінше қысқа мерзімде Су ресурс­тары және ирригация министрлігімен егіншілерге су беру қызметтерінің құнын субсидиялау мен су үнемдеу технологияларын инвестициялау кезінде шығындарды өтеу функцияларын да бекітіп бергені жөн.

Су үнемдеу технологияларын ынталан­дырудың жаңа тетіктерін әзірлеу маңызды. Ауыл шаруашылығы мен Су ресурстары және ирригация министрліктеріне тиісті тапсырма берілді. Мемлекеттік органдардың міндеті – су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы алқаптарды жыл сайын 150 мың гектарға дейін ұлғайту.