Медицина • 16 Қазан, 2024

Дәрігерлер салғырттығы тексерілді

101 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал тұрғыны анасының өлімі үшін ауру­ханадан 2 млн теңге өтемақы өндіріп алды. Бұл туралы Жоғарғы сот сайтында жария­ланды.

Дәрігерлер салғырттығы тексерілді

Сурет: ru.freepik.com

2019 жылы жедел жәрдем бригадасы дене қызуы көтеріліп, жалпы әлсіздікпен 76 жастағы әйелді Орал қалалық ауруханасына жеткізген. Дәрігерлер созылмалы бронхит пен пневмония деген диагноз қойып, терапия бөліміне жатқызған. Ем нәтиже бермей, науқастың жағдайы ауырлаған. Компьютерлік томография плеврит деген күдікті көрсеткен. 4 аптадан кейін науқастың жағдайы нашарлауына байланыс­ты облыстық ауруханаға жеткізіліп, сол жерде қайтыс болған.

Қайтыс болған әйелдің ұлы Денсаулық сақтау басқармасына дәрігерлердің салғырттығы мен тиісті ем қабылдамағаны туралы шағыммен жүгінген. Тексеру барысында аурухана тарапынан заң бұзушылық анықталған. Тексеру материалдары Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментіне жолданып, қылмыстық іс қозғалып, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты бірнеше рет тоқтатылып, прокуратура күшін жойған.

Денсаулық сақтау басқармасы қалалық ауруха­наның қарсылығын қабылдамағандықтан, мар­құмның ұлы ауруханадан моральдық шы­ғынды өтеу туралы Орал қаласының №2 сотына шағым түсірген. Ол анасының өліміне сапасыз медициналық көмек пен қалалық аурухана дәрігерлерінің әрекетсіздігі себеп болғанын атап өткен. Сондай-ақ талап қоюшының анасы емделіп жатқан аурухананың терапия бөлімінде жалпы практикалық дәрігердің куәлігі бар маман жұмыс істегені, оған құқығы жоқ екені туралы факт анықталды.

Сарапшы науқасқа оның жасы мен онда бар созылмалы аурулары, соның ішінде, бүйректің жедел зақымдануын тудырған антибиотиктер ескерілмей, дәрі-дәрмек тағайындалғанын анықтады. Тиісті бактерияға қарсы препараттар мен гемодиализді енгізу науқастың өмірін ұзартуы мүмкін еді.

Сот медициналық құжаттарды, сарапшылық қорытындыларды және тексеру актісін ескере отырып, дер кезінде қайталама сынақтар өткізбеу, науқастың жағдайын дұрыс бағаламау, емдеуді кеш түзету, нефрологтің кеңесінің уақытында болмауы мен консилиумның кеш жүргізілуі аурудың нәтижесіне әсер еткенін, өлімге әкеліп соққанын анықтады.

Осы айтылғандардың негізінде талап қою ішінара қанағаттандырылды: талап қоюшының пайдасына ауруханадан 2 млн теңге моральдық шығын өндірілді. Шешім заңды күшіне енген жоқ.