Кейінгі жылдары мал шаруашылығына ден қойып, облыс орталығын етпен қамтамасыз ете бастаған Бесарық ауылында қыркүйектің соңғы күнінде бес бірдей өндіріс орны ашылды. Кәсіпкерлердің кейбірі ісін жаңа бастаса, біразы бұрын бизнесін үй жағдайында жүргізіп келген. Солардың бірі – нан өндірісін жолға қойған Гүлмира Смағұлова.
«Ауыл аманаты» жобасы арқылы 7 млн теңге жеңілдетілген несие алдым. Өнімнің сапасы мен салмағына қатты мән береміз. Осындай орталық салып, бізге жағдай жасаған ел азаматтарына айтар алғысымыз шексіз», дейді кәсіп иесі.
Ауылдан шығатын сабын, қолғап, пластикалық ыдыстар мен шұлықтарға өзге өңірлерден де тапсырыстар түсіп жатыр екен. Ауыл тұрғыны Жарқын Сапарғалиұлы – өңірлік инвестициялық орталық көмегімен тың кәсіп бастаған жанның бірі. Осыдан екі жыл бұрын келіншегі екеуі ою-өрнек басып шығару туралы ойласып, біраз ізденіпті.
«Бастапқыда шағын құрылғымен амалдадық. Онлайн тапсырыс арқылы жұмыс істедік. Биыл қолдаудың арқасында сапасы жоғары құрылғыларды сатып алдық. Сирек кәсіп болғандықтан, еліміздің барлық өңірінен сұраныс бар», дейді.
Бесарық ауылдық округі әкімдігінің әдіскері Бибізада Бекенова ауыл кәсіпкерлеріне өңірлік инвестициялық орталықтан 3, «Ауыл аманаты» арқылы 4 жобаға қолдау жасалғанын айтады. Осындай демеудің арқасында елдегі іскерлердің жаңа кәсіп ашуға қызығушылығы ояна түскен.
Өндірістік орталықта шығып жатқан пластикалық құтылар да – аса қажет өнім. Жан-жақтан түсіп жатқан сұранысқа сай алдағы уақытта құтылардың 5 литрлігін де шығару ойластырылып отыр.
Осы ауылдағы мектеп мұғалімдері Самат Ақпанбетов пен жары Гүлзира қолғап өндірісін біраз зерттеп, облыста шаруашылыққа қолданатын жұмыс қолғаптары шықпайтынына көз жеткізіпті. Бізге бұл тауар Шымкент пен Қытайдан келеді екен. Осыдан кейін белді буып, Таразда осы салаға машықтанған кәсіпкерлерге серіктес болып, Қытайдан қолғап шығаруға қажет жіп пен шағын қондырғы алдырады.
«Кәсіпке қажет қаржыны «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан алдық. Қазір нарықта жұмыс қолғаптары 120–150 теңгеден сатылып жатса, біз 80–85 теңгеден саудалап жатырмыз», дейді Самат Ақпанбетов.
Қазір күніне 200–250, аптасына 1 200–1 500 қолғап шығарып жатыр. Ауылдағы өндіріс орталығы мемлекеттің қолдауы арқасында елде де кәсіп бастағандар қатары көбейе түскенін көрсетіп отыр.
Қызылорда