Сурет: ru.freepik.com
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, агенттік қызметкерлері Павлодар облысының мектепке дейінгі мекемелерінде ӘМАТ бағасын негізсіз қымбаттату фактілерінің жолын кесті. Жүргізілген мониторинг барысында бір ЖШС өңірдегі 158 мектепке дейінгі мекеменің 108-інің негізгі жеткізуші болғаны анықталды.
Мектепке дейінгі мекемелермен (балабақшалармен) жасалған шарттарда өндіруші зауыттан алған бағадан ӘМАТ-тың түпкілікті тұтынушысына дейінгі баға айырмашылығы көзге ұрған. Мәселен, күнбағыс майы – 286% үстемақымен (литріне 453 теңгеден 1 300 теңгеге дейін), қарақұмық жармасы – 150% (килосына 240 теңгеден 600 теңгеге дейін), қант – 93% (килосына 325 теңгеден 630 теңгеге дейін), тауық жұмыртқасы – 79% (ондығына 430 теңгеден 770 теңгеге дейін), тұз – 66% (килосына 60 теңгеден 100 теңгеге дейін), күріш – 36 % (килосына 490 теңгеден 670 теңгеге дейін), сарымай – 22% (килосына 2 075 теңгеден 2550 теңгеге дейін).
«Қабылдаған шаралардың нәтижесінде аталған ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жеткізушімен жасалған шарттар күшін жойды. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі мекемелерде ӘМАТ жеткізу шарттары қайта қаралып, жаңа келісімшарттар жасасу мәселесі қаралып жатыр. Осылайша, үнемделген қаражат сомасы 30 млн теңгені құрайды. ӘМАТ тауарларына баға белгілеудің делдалдық схемаларын тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялар шеңберінде агенттік бюджеттік ұйымдарға жеткізілетін азық-түлік бағасына жүйелі түрде мониторингілейді», делінген хабарламада.