Рухани іс-шараны ұйымдастырушы Қазақстан Жазушылар одағының Астана бөлімшесі және ақынның туған өлкесі Павлодар облысы Ақсу ауданы әкімдігінің мақсаты – қыршын кеткен қаламгердің артында қалған мұрасын жас буынға насихаттаумен қатар, шығармашылығы мен тұлғалық қасиеті хақында көпшілікті хабардар ету.
Дөңгелек үстелдің тізгінін ұстаған ақын Дәулеткерей Кәпұлы қазақтың маңдайына біткен дарынды тұлғаның бірі Сәбит Дөнентаев екенін жеткізіп, биыл ақынның 130 жылдығына орай «Фолиант» баспасы «Алаш аманаты» сериясымен жазушының «Көркемтай» атты кітабын шығарғанын, бұл іске өзінің мұрындық болғанын тілге тиек етті.
Ақын Сәбит Дөнентаевтың сан қырлы өмірі бір ғана отырыспен жеңіл-желпі тоқталып өте шығатын дүние емес. Өйткені бұл адам өз ғұмырында ел ішінде болып жатқан елеулі оқиғалардың қайнаған ортасында жүріп, оны қаламына арқау ете білді. Осы пайымымызды отырыстың бас баяндамасын жасаған Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, әдебиеттанушы ғалым Сағымбай Жұмағұлдың пікірі толықтыра түсті.
«С.Дөнентайұлы шығармашылығы сан қырлы сипатқа ие. Ол – Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы дәстүрін жалғастырушы мысал жанрының шебері, сатирик ақын. «Көз сал газет, журналға, Дін дүниеңе, қормалға, Аз шығынды қызғанып, Көп пайдадан құр қалма!» деген дарынның «Қазақ», «Айқап», «Сарыарқа», «Абай», «Қазақ тілі» сынды газет-журналдарда жарияланған мақала, очерк, фельетондары журналистік қарымын танытады. Панасыз, қорғансыз жетімдер тағдырын арқау еткен «Көркемтай» әңгімесі әлеуметтік өмірдегі қиянатқа жаны төзбеген гуманист жазушы ретінде даралайды», деді Сағымбай Ботпайұлы.
Сондай-ақ іс-шара барысында ақынның алашшыл бағыты мен адамшыл болмысы биік екені де сөз болды. Бұған дәлел – 1918 жылы Семей қаласында қызылдар қолынан қаза тапқан Алаш сарбазы Қази Нұрмұхамедұлының қазасына арнап жазған «Тұңғыш құрбан» мақаласы мен «Алаштың алғашқы құрбанына» атты өлеңі екен.
Жиын барысында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай: «Сәбит Дөнентаев туралы ең көп білетін біздің буын. Бұл кісі Абай мектебінің өкілі ретінде ерте танылған һәм талай мықтылардан сабақ алған адам» десе, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы соңғы жылдары мектеп оқулықтарынан Сәбит Дөнентаевтың «Көркемтай» әңгімесі алынып тасталғанына өкініш білдіріп, әдебиеттің талаптарына толық жауап беретін мұндай классикалық туындыларды жоғалтпау керек екеніне тоқталды.
Сонымен қатар іс-шарада Ақсу қаласы мәслихатының төрағасы Мәдениет Омарғалиев, белгілі қаламгерлер, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Сұраған Рахметұлы мен Серік Елікбай, Ақсу қаласы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медіғат Манапов, ақынның тікелей ұрпағы Балқия Дөнентаева, Мәдениет және ақпарат министрлігі Баспа ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет бастаған шығармашылық өкілдері ақын С.Дөнентаев туралы ой-пайымдарын білдірді.