Тұлға • 17 Қазан, 2024

Пассионар тұлға

699 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

«...Кенет тұтқын балалардың бірі артындағының кеудесіне екі шекесін алма-кезек ұрғылап шыңғырып жіберді. Ақ тайлақтың терісі күнге күйіп тырысып барады. Қаудырлап кеуіп жатқан түйенің көні бас сүйекті сытырлатып шаға түсті. Қазір-ақ ұн қылып уатып жіберетіндей. Басқа тұтқындар да бебеу­лей ­бастады. Олар бір апта бойы осылай зар илеп, шыңғырды да жүрді. Сосын бастарына шаш шықты, ол түйенің көнінен өте алмай, қайтадан бастың құйқасын тесіп кері өсті. Алты тұтқын елі қайда, жері қайда екенін білмейтін мәңгүртке айналды. Жүре-жүре тілден де айырылды. Түйемен бірге өреді, түйемен бірге келеді».

Пассионар тұлға

Суретті түсірген – Серік МАЙЕМЕРОВ

Егжей-тегжейі сарқыла баян­далған осынау дала аңызы алғаш рет Әбіш Кекілбаевтың «Күй» повесінде қайта жаңғырып, өркениетке «мәңгүрттік, мәңгүртизм» атты ұғымдық архетипті алып келген болатын.

Адам баласының табиғатына, тұлғалық болмысына жасалған жан­түршігерлік жауыздық жөніндегі көне әпсана осылайша жаһан деңгейіндегі рәмізге айналып кетті.

Әбіш Кекілбайұлы адамның ақыл-есіне жасалған физиологиялық ­«отаны» жалпы ұлттың тарихи жадына жасалған отамен теңдестірді. Өз шығармашылығында оның зардаптарын халқымыздың басынан кешірген басқа да қияметтерімен тығыз байланыста қарастырды.

Кейбір зерттеушілердің деректеріне жүгінсек, «Күй» повесінің алғашқы үзінділері Маңғыстау облыстық партия комитетінің «Коммунистік еңбек» газетінде 1967 жылғы қараша айының 24, 26, 28-сандарында жарияланған. Ал толығырақ нұсқасы «Жұлдыз» журналының сол жылғы 12-санында шығыпты.

Шынында, бейресми ой-пікірдің адымын аштыртпайтын «жер бетінде жұмақ орнатқан» коммунистік идео­логия үстемдік құрған кезде адам баласының зорлық-зомбылық көріп, ақыл-ес, жадынан айырылуы жөнінде шығарма жазу оңай болмайтын. Ал ондай туындыны сол партияның төл басылымында жариялау (мейлі, жергілікті деңгейде болсын) тіпті мүмкін емес шаруа еді.

Қаламгер адамның ақыл-есіне, экзистенциалды тіршілік дағдысына жасалған осынау қияметтің – оның жеке басының немесе әулеті, түп-тұқиянының тағдырына ғана емес, жалпы Жаратылыс заңдарына жасалған қиянат екенін баяндап берді. Ұлттың тарихи санасына шабылған балта екенін жария етті. Халқының төл тамырларынан ажырап, әртүрлі жасанды идеологияның әсерінен екіұдай күн кешуінің де себептерін осындай рухани ота-қиянаттардан іздеді.

Әбіш Кекілбайұлының әйгілі шығар­масына арқау болған байырғы аңыз-әпсана сөйтіп, тұтас заманның метафорасына айналды.

Ұлағатты ұстазымыз академик Зейнолла Қабдолов өз лекцияларында айтушы еді: «Шынайы суреткердің шығармашылық лабораториясына мән берген жөн. Қаламгердің өмір сүрген ортасы, замана болмысы, түрлі-түрлі болып жатқан тарихи, қоғамдық оқиға шығармаларында қандай тақы­рыптар немесе образдар жүйесін тудырды? Жазушы қандай көркемдік құралдар арқылы сол құбылыстарға өз бағасын берді? Міне, суреткердің дарын құдіретін, азаматтық позициясын айқындайтын басты әдеби құралдар осы. Біздің «әдебиетті ардың ісі деп бағалауымыздың сыры – осы» деп қорытындылаушы еді сөзін айтулы абызымыз.

Осы орайда «Күй» повесі дүние­ге келген 60-70-жылдардағы қазақ қоға­мында қалыптасқан кейбір үдерістерге тоқталуды жөн көрдік.

Жалпы, «жылымық» аталатын сол кезең қазақ руханиятында айтулы серпіліс туғызды. Сталиндік тоталитарлы жүйенің зардаптарынан енді ес жиып, сілкіне жанданған ұлт зиялылары тың ізденіске бет бұрды. Қалыптасқан қоғамдық-саяси, идеологиялық фетиш­терге мүлдем қабыспайтын жаңа образдар жүйесін, тақырыптар өрісін ашты. Адамның адамдығын, өзіне ғана тән тұлғалық қасиеттерін жырлап, оның жеке тағдыры мен ұлтының бірегейлігін сабақтастыра қарастырды.

Ар алдындағы, ел мен тарих ал­дындағы азаматтық борышын адал атқарып, қоғам, билік тарапынан мүмкін болатын айыптау-кедергілерге қарамастан өздерінің ұлы мұратын жүзеге асыруға бел шеше кірісті. Сол жылдары руханиятқа зор бетбұрыс әкелген үркердей қажырлы топ Алаш зиялыларының тарихи миссиясына жаңа тыныс беріп, коммунистік жүйенің қасаң қағидаттарын іштей қаусата бас­тады. Сөйтіп, мызғымастай көрінген идеологиялық «аңыздардың ақырын» жақындата түсті. Ондаған жыл бойы үстем болған ұстанымдардың тамырына балта шапты. Қаптаған ҚарЛАГ, АЛЖИР-лерге сүйенген, миллиондаған адам тағдырын түрлі «мәңгүрттік» эксперименттің құрбанына айналдырып, тұлғалық, азаматтық қа­сиеттерін жоюға бағытталған саяси доктри­на­лардың іргетасын шайқалтты. Әсіресе ұлт тағдырының ақтаңдақтар кіреукелеген тарихи тамырлары мен рухани мұраларымыздың қалың қабаттарын арши бастады.

«Алпысыншыжылдықтардың» («шес­­­­тидесятники») беделді өкілдерінің бірі Булат Окуджава сол кезең тура­лы: «Боль­шинство из нас не были рево­люцио­нерами, не собирались ком­мунис­тический режим уничтожать. Задача была очеловечить» деуі бекер болмаса керек.

Міне, осы тұста дүниеге келген «Күй» повесі өзінің тарихи шығармашылық миссиясын толық орындады деуге негіз бар.

Ал сол 60-70-жылдары дүниеге келген Ілияс Есенберлиннің «Қаһар», «Алмас қылыш» романдары, Мұх­тар Мағауиннің «Қобыз сарыны», «Алдаспан» жинақтары, т.б. шығармалар – руханият көкжиегінде өлшеусіз серпіліс туғызды. Бүтін ұрпақтың ұлттық сана-сезімін, ең алдымен, өзіне деген құрмет-қадірін қайтарып берді. Қарға тамырлы қазағымыздың төл тарихы, жүріп өткен заманалық өмірбаяны бар екені айшық­тала түсті.

Әсіресе байырғы ұлттық поэзия­мыздың асыл жауһарларын маржандай тізіп, барша сән-салтанаты мен асқақ рухын жарқырата жандандырған, құнарлы тамырларын бес ғасырға тереңдеткен Мұхтар Мағауиннің еңбектері ғасырлық үдерістердің алтын арқауына айналды. Бір ғажабы, жыраулық дәстүрдің бес ғасырлық діңгекті өзектерін көрсеткен Қазтуған, Асан қайғы, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар, т.б жыраулардың поэтикалық мұрасы – Мағауиннің редакциясымен мыңдаған тиражбен қайта басылып шықса да, әлі күнге дейін шырақ алып іздесең де таптырмайтын библиографиялық сирек кітаптардың қатарында келеді.

Жалпы, осы кезеңде қазақ әдебие­тінің жаңа буынын құраған жас қаламгерлердің шығармаларында қалыптасқан ресми стандартқа сай келмейтін кейіпкерлер галереясы дүниеге келді.

Адамның ішкі өңірінде мүлгіп жатқан әлдеқандай беймәлім күш­тер­дің бас көтеруін суреттеген қалам­герлеріміздің бірі – Төлен Әбдіков. Адам жанының екіұдай күйін ол «Оң қол» әңгімесінде – «ішкі тұлғаның екіге жарылуы» деп атаған.

Әңгімедегі оң қол – адам болмысының терең иіріміндегі қайшылықтардың көрінісі. Басты кейіпкер Алма бейнесі – ізгілік, мейірім секілді қасиеттерді өзіне қажетсіз деп танып, денесінен сығып тастаған қоғамның өзін-өзі тұншықтыруы еді.

Ал қаһармандарын қоғамдық ілік-шатыс қатынастардан бөлек алып, табиғи кеңістікке «тастап», адамның адамдығын, әлеует күшін сол ендікте «тексеретін» Оралхан Бөкеев­тің кейіп­керлері көбінесе жалғыз, «қия­лилау», «кісікиіктеу» болып мінез­делді. Өйткені олар күнделікті тіршілік ағысынан шығып қалған. Сол себепті дағдылы қоғам санасымен саралап, соның көзімен бағаласақ, аталған кейіпкерлер көрер көзге «оғаштау», өзгешелеу келеді. Бөкеев үшін табиғи стихия – адам баласының алдында төселген тосқауыл ғана емес, ең алдымен, кейіпкер тұлғасының, оның өмірінің баяндылығын сынайтын «сайтан көпір» еді.

Шамамен осы тұста Нобель сый­лығының лауреаты Альбер Камю адамның күнделікті өмір ағынынан «шығып қалып», тіршілік тінінің құрамдас бөлігі болу былай тұрсын, «өз­-өзінен аластап», өз болмысынан ажырап қалған қалпын суреттеп, Батыс өркениетінің тірелген экзистенциалды тығырығы туралы жазды.

Осынау жаңғыру үрдісіне 60-жылдары қосылған қазақ суретшілерінің «жаңа буыны» да белсенді кірігіп, бейнелеу өнеріне жаңа бояу, образ бен мағына алып келді.

«Салахаддин Айтбаев, Мақым Қисамединов, Шаймардан Сариев, Тоқболат Тоғысбаев, Бақтияр Табиев, Әбдірашит Сыдыханов, Еркін Мергенов, Төлеген Досмағамбетов, Вагиф Рахманов, Исатай Исабаев, Оралбек Нұржұмаев, т.б. дарынды жас қазақ суретшілері социалистік реализм әдісіне кереғар ұлттық бейнелеу өнерінің жаңа бағдарламасын жасады. Қалыптасқан канондар мен стильдердің дәйексіздігін айқындап берді», деп жазады Клара Исабаева зерттеу мақаласында.

Кино өнерінде де ұлттық бірегей­лігімізді серпілткен айтулы туындылар: Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым – Қожа», Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» және оң үдерістің алтынтағы ретіндегі Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмдері дүниеге келді.

Шығармашылық еркіндік, ауқымды креативті ізденіс ауа жайлаған осы тарихи контексте жасы 30-ға толар-толмас дарын иесі Әбіш Кекілбайұлы да жаңа мағына іздеп, тың тақырыпқа қалам тартады. Рухани нәр берер алтын өзек тамырлардан ажырау, ата-­баба салт-дәстүрін мансұқ ету – ұлттың өз қадір-қасиетін жоғалтумен пара-пар екенін жырлау оның шығармашылық кредосына айналады. Осы мақсатта қаламгер ел арасында тараған байырғы аңыз-әпсаналарды жаңғыртып, жаңа мағынаға бұрады.

Сол ізденістің нәтижесінде шығар­машылық өмірбаянындағы жау­һар туын­дылары «Күй», «Шыңырау» повес­терін дүниеге әкеледі.

Суреткерге ұлтының тарихи сана-сезімі, бірегейлігінің арқауы – оның рухани мұрасымен: аңыз, ертегілері, әпсана жырларымен, көшпелі өмір салты мен қайталанбас мифопоэтика­лық дүниетанымымен тығыз байла­нысты еді.

Эпос, дала аңыздары, жырлар мен күйлер, номадтық өмір стилі, салт-дәстүр, ата-бабадан мирас болған ата­кәсіп – ол үшін ұлттың пассионарлық әлеуетін танытатын қасиетті өзек болатын. Ал оны осындай уызды нәрден ажырату: тарихи жады, ақыл-естен, яки генетикалық кодынан айыру – келе­шегіне жасалған қиянпұрыс қылмыспен пара-пар еді. Сондай-ақ адам баласы­ның қасиетті мұрасына деген теріс пиғыл, қасаң ниетінің қалыптасуы – ұлттың екіұдай күй кешіп, құрдымға кетуінің алғышарты болатын.

«Шыңыраудың» басты кейіпкері Еңсептің туғалы көргені – қара жер қойнауы, құдықшы кәсібі еді. Ата­­кәсібіне ертеден ден қойған Еңсеп өмір талқысын, тіршілік ризығын да содан тапты. Бүкіл аймақ Еңсепті қадірлеп, оның құдықшылық өнерін құрмет тұтады. Алайда алғашында атакәсібіне ризық табудың көзі деп қараған Еңсептің бойында бертін келе екінші күш, екінші Еңсеп пайда болады. Екінші Еңсеп адамдарға жақсылық әкелер қарапайым да сұлу өнерінен атақ-даңқ іздей бастайды. Мақтанға, асыра сілтеу марапатқа ден қоя бас­тайды. Еңсеп жеңілісінің басы осы ­– сауапты өнерінен жат даңқ іздеген үннің оянуы. Сол үн Еңсепке Хорезмнен көшіп келген Қалпақты бақас қылады. Сол үн, Еңсептің бойындағы екінші «Мен», екінші тұлға оны түбектегі ең терең құдықты қаздыруға үгіттейді. Көндіреді. Ата-бабасынан мирас боп қалған шынайы өнердің түзу де қасиетті жолынан тайдырады.

«Не де болса, ол бүкіл Үстірттің үс­тін­дегі ең терең, ең мол шыңырау бо­лып атағы жайылды. Бірақ «Еңсеп қаз­ған емес, «Еңсеп өлген» атанып кетті» деп бітіреді шығармасын жазушы.

Осылайша, Әбіш Кекілбайұлы сонау тоқырау заманының бел ортасында жүріп-ақ, адамның өз тұлғасын, қайта­ланбас болмыс-табиғатын жоғалтуы, сөйтіп, тіршілік алаңынан құрдым кетуі – оның атакәсіп, ана салтына деген ниеті­нің бұзылуынан баста­латынын жырлайды. Қарапайым аңызбен соны сыр қылып айтады. Ұлт табиғатының да дар айырыла жыртылып, қалбалаң күйде шыңырауға құлайтынының да себебін сол бұзылған ниет-пиғылдан, қасиетті тамырларды мансұқ етуден іздейді.

Әлқисса, Әбіш ағаның шығарма­ларындағы қайсыбір тақырыптарды бөле-жара тәптіштеуіміздің себебіне тоқталсақ.

Алдымен айтарымыз, Әбекеңнің құнарлы шығармашылық мұрасында өз кезеңінің интеллектуалдық өресі танып біле алмаған мағыналар қазынасы мол. Сол қазына әлі күнге дейін тиісті бағасын ала алмай келеді. Әсіресе оның заманалар ауысқан шақта – дана сурет­керлік қарымымен, кемеңгерлік қай­­ратымен өзгерістердің басы-қасында болып, оң үдерістің негізін қалаған тұлғалық қасиеттері толық ашылмай келеді. Бұл – бүгінгі ұрпақтың енші­сіндегі парыз болса керек.

Тағы бір айта кететін мәселе – Әбіш Кекілбайұлының кемел тұлғасының алтын арқауы – оның суреткерлік болмысы. Суреткерлік тыныс-тіршілігі. Ғаламдық ауқымдағы ойшылдық өрісі. Ұлтына деген терең сүйіспеншілігінің де, еліне деген перзенттік адал қыз­метінің де, мемлекетіміздің дамуына жұмсаған қажыр-қайратының да қозғаушы күші, басты мотиваторы – осы рухани негіздер. Бақай есептерден ада, науқандық заңдылықтардан тыс, қызмет бабындағы бақталастық кикілжіңнен биік, адамзаттық мұратпен сусындалған, пендәуи тірліктен таза саф әулиелік.

Замана осы деңгейдегі тұлғаларға зәру. Өйткені заман мен тұлға арасын­дағы рухани бәсекелестік қашан да дамуға жетелейді.

Сондықтан Әбіш Кекілбайұлының әдеби мұрасының бүгінгі заман үрдісіне ықпалы қай деңгейде, жаһандық өрке­ниетке қосқан үлесі қандай деген сауал­дарға жауап іздеген ләзім.

Осы орайда алғаш «Күй» повесінде дүниеге келген мәңгүртизм идеясының уақыт өте келе өркениет деңгейіндегі архетип-ұғымға айналғаны – көлденең дау тудырмайтын шындық.

Ондаған жылдан кейін Шыңғыс Айтматов «Боранды бекет» романында ол ұғымды өзіне тән қаламгерлік қуатымен, бруталды суреткерлік құла­шымен дамыта отырып, шын мәніндегі ға­ламдық концепт-символға ұластырды. Бауырлас екі суреткердің (Кекілбайұлы-Айтматов) шығармашылық тандемі байырғы дала аңызын жаңаша түлетіп, жаһандық метафораға айналдырды.

Өркениет негізінен осылай алға басады. Оның даму барысында тұлғаларды бір-бірімен салғыластырып, қайсысы бұрын айтты, қайсысы кейін айтты деп біріншілігін таңдап жатудан гөрі, бастапқы идеяның адамзат игілігіне қаншалықты ауқымды қызмет еткенін саралау маңызды.

Параллельдерге келетін болсақ. Жара­тылыстану ой жүйесінде кванттық теория­ның қалыптасып, өркендеуіне Нильс Бор-Макс Планк -Альберт Эйнш­тейндердің әр жылдардағы бірін-бірі толықтырып, дамытып, алға сүйреген ізденіс­тері негіз болғаны белгілі. Ал гуманитарлық саладағы деңгейі сол тектес мәңгүртизм концепциясының негізін қалаған Әбіш Кекілбайұлы мен Шыңғыс Айтматовтың тандемі екені – даусыз ақиқат.

Бүгінде мәңгүртизм құбылысы түрлі трансформацияны бастан кешіріп, жаһандық тіршіліктің жаңа драмалық парақтарын ашуда.

Бір жағынан, бастапқы архетип құбылыстың дәнек-вирустары әлемде тамырлана жайылып, түрлі радикалдану үдерісінің себеп–салдарына айналып отыр.

Екінші жағынан, жаңғырған доктриналар өз қатарына тарихи жады көмескіленген, рухани өрісі «тамырсыз» тайғанақ, тұлғалық табиғаты жұтаң, радикалды идеологиялармен оталанып, «жаппай бірыңғайланған» заманауи мәңгүрттердің қалың жасақтарын тартып отыр.

Нәтижесінде, әлем аренасы бітіспес қақты­ғыстар мен дағдарыстардың алаңына айналып жатыр. Өз мұрат­тарының ауанымен өзге ұлттар мен ұлыстардың дамуына төзбеу­ші­лік; аймақтық, жаһандық гео­саяси араздастық; дінаралық, кон­фес­сия­аралық ымырасыз қантөгіс; адамзаттың мәдени мұрасына деген вандализм; қалыптасқан экожүйеге, Табиғат-Анаға жасалып жатқан озбырлық – бүгінгі қордаланған әлемдік проблемалардың бір шоғыры ғана. Түптеп келгенде, бұл құбылыстардың адам баласының күнделікті өмір сүру салтына айналып бара жатқаны алаңдатады.

Міне, осы тұста өркениеттің ба­ғытын жаңа сапаға көтеретін Әбіш Кекілбайұлы секілді пассионарлық тұлға­лардың қажеттілігі сезіледі. Иә, сабырға жөн сілтейтін, замананың тұрлаусыз заңдылығының іргесін шай­қалтып, адамзаттың ниет-пиғылын ізгілікке бұратын, қателік пен адасудың сырын ашып, өркениеттің кемелдену бұлақтарының тың мағына-көздерін ашатын пассионарға зәрулік туып отыр.

Әбіш аға мұрасының сырлары да осы ендіктерде жатса керек.

 

Ермек Аманшаев,

жазушы-драматург