1892 жылы Баянауыл ауданы Желтау маңындағы Қаратау қыстауында дүниеге келген Ж.Шанин Алаш арыстары жолын тұтқан біртуар болмыс иесі. Омбыда жұмыс істей жүріп оқыған санаткер тұлға 1925 жылы Қызылорда қаласында ашылған тұңғыш кәсіби қазақ театрының режиссері әрі директоры болып тағайындалды. Замандастары С.Сейфуллин мен Б.Майлиннің, М.Әуезовтің шығармаларын қойған режиссер даламызға Шекспирдің «Гамлетін», Пушкин шығармаларын әкеліп сахналаған.
Кәсіби театр құрылмай тұрған кездің өзінде өнердің осы саласымен ұлт көкірегіне от маздатуды көздеген біртуар Семейде «Ес аймақ» деген театр тобын құрады. Автордың өзі жазған «Арқалық батыр» пьесасы 1924 жылы алғаш рет сонда қойылады. Міне, қазақ театрының бастауы қайда жатыр! Сонау ғасыр басынан жүлге тартқан ұлы өнердің көші бүгінге жеткені елдің мерейі. Астында Шанин қатарлы тұлғалардың еңбегі жатқанын айтудан жалықпаймыз. Оның театрға, драматургияға, режиссураға қатысты мақалалары мен пьесалары сол кездегі газет беттерінде толассыз жарық көріп жатты. Қаламынан туған 10 перделі «Арқалық батыр» трагедиясы 1930 жылдардың ортан беліне дейін қазақ театрлары сахнасынан түспеген. «Торсықбай мен Айдарбек» комедиялары күні бүгінге дейін қойылатыны белгілі.
Актер, музыкант, жазушы-драматург, режиссер Жұмат Шанин Елубай Өмірзақовпен бірге 1931 жылы тұңғыш рет халық әртісі атағын иеленгенімен, тағдыр жолында да соншалықты мехнат кешкені қамықтырмай қоймайды. 1927 жылы Мәскеудегі этнографиялық концертте атақты актерлер Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Сәбира Майқанова, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов пен Құраманбек Жандарбеков өнер көрсетеді. Осы сапарда жол үстінде Жұмат Шаниннің жары, актриса Жанбикенің омыраудағы баласы мезгілсіз шетінеп кетеді. Қайғылы қазаға қарамастан, режиссер онкүндік сапардың бас-аяғын түйіндеп қайтады.
Қазақ даласындағы Абай атындағы Опера және балет театрынан бастап, Қырғыз драма театры және еліміздегі басқа да театрлардың қалыптасып кетуіне Жұмат Шанин өлшеусіз үлес қосқанын талдап жаза берсе, таусылмас тақырып. Жиылатын басқа орындар жоққа тән ол кезде зиялылардың бәрі театр залынан табыларын айтпаса да болады. Елдің санасын сәулелендіріп, көкірегінде от маздатқан қазақ өнерінің қайран арысы 1938 жылдың 26 ақпанында небары 46 жасында «халық жауы» ретінде атылғанымен, соңындағы өшпес ізін ұлы Қасымхан жалғастырды. Әкесі халық жауы ретінде айыпталған оның да жолы жеңіл болмаған. Ленинградта оқып бітіріп, әкесінің де жасына жетпеген дарын бар өмірін қазақ өнерінің өркендеуіне сарп еткен. Театр сахнасында сомдаған шоқтығы биік бейнесі Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» спектакліндегі Шоқан бейнесі екен. Сахнада Шоқан болып қалған актер кино өнерінде де көп табыстарға жеткен. Қазақ кинематографиясының тарихына да аты жазылған сирек дарын «Бүркітбайдың әні» сынды халық композиторларының туындыларын шебер орындағаны жазылады.
Ұлт өнерінің сүбесіне айналған алтын әулет жалғастығының мыңнан бір парағы осындай.