Жалпы отырыста алдымен Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде баяндама жасап, аталған құжаттың негізгі мақсатын түсіндірді.
– Заң жобасы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын орындау мақсатында әзірленді. Заң жобасымен кәсіпкерлік, экологиялық кодекстерге және кейбір заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Оның негізгі мақсаты – заңнаманың тұрақтылығы мен қолжетімділігін жетілдіру, халық пен нысаналы топтардың нормашығармашылық үдерісіне қатысу деңгейін арттыру, нормашығармашылық үдерісінің жекелеген кезеңдерін жетілдіру, заңнамалық нормалардың шамадан тыс нақтылауын алып тастау, – деді С.Имашева.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов таныстырды. Құжат жасанды интеллектінің дамуы аясында тілдің цифрлық, ұлттық, сөздік қорын жасауды көздейді. Яғни ауқымды тілдік модельді қалыптастыруға бағытталған.
Кейін Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы ұсынылды.
– Бюрократиядан арылту жұмысының шеңберінде заңдардан уәкілетті орган мен нұсқаулықтарды, алгоритмдерді, номенклатураларды бекіту сияқты нормаларды алып тастау ұсынылып отыр. Сәйкесінше, бұл функцияларды мемлекеттік органның ережесіне енгізу көзделіп отыр, – деді А.Аймағамбетов.
Сондай-ақ отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.
Бұған қоса депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова таныстырды. Құжатта қаржы ұйымының басшылық лауазымына кандидатты келісу кезінде жұмыс өтілі ескерілетін ұйымдардың тізбесін кеңейту, жанама банк холдингтерінің өз басшы қызметкерлерін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу міндетін алып тастау ұсынылып отыр. Айта кетерлігі, заң жобасында уақытша болмаған басшы қызметкердің міндеттерін атқарудың ықтимал мерзімін регламенттеу, цифрландыруды дамытуға байланысты өзектілігін жоғалтқан талаптарды оңтайландыру жоспарланған.
Заңнамаға қаржы нарығында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуге арналған заң жобасын таныстырған агенттік басшысы дәл қазір елімізде үш халықаралық банк өз филиалын ашып жатқанын айтты.
– Шетелдік банктерді Қазақстан нарығына әкелу үшін елімізбен тығыз экономикалық қарым-қатынасы бар мемлекеттерді зерттедік. Біріншіден, бұл – Азия, Араб мелекеттері, Түркия, Қытай, Еуропалық одақ елдері. Қазір үш халықаралық қаржы тобы Қазақстанда банк ашу туралы шешім қабылдады. Маусым айында Оңтүстік Кореяның «BNK Financial Grouр» дейтін қаржылық тобымен жұмыс істедік. Оның активтері – шамамен 135 млрд доллар. Олар Қазақстанда үш жыл бұрын шағын несие орталығын ашқан. Енді сол ұйымға лицензия алмақшы. Маусым айында рұқсат бердік. Жақында Қатар мемлекетінің банкі «Бәйтеректен» «Bereke» банкті сатып алды. «Qatar Investment Authority» деген үлкен холдинг бар. Соның құрамындағы банк біздің банк секторына кірмекші. Біріккен Араб Әмірліктерінің қаржы нарығын реттеушілерімен кездесіп, банк өкілдерімен жолықтық. Ол елде «ADCB Bank» деген бар. Актив көлемі бойынша Әмірліктердегі үшінші ірі банк болып есептеледі. Қазір Қазақстанда исламдық қаржы операцияларын жасайтын банк бар. Осы банк әмбебап лицензия алады, – деді ол.
Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдап, Сенат қарауына жолдады. Бұл құжат 2024 жылғы 21 ақпанда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған.
– Аталған заң – мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз етуде, азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу дәрежесін арттырудағы жүйелі қадам. Құжат аясында мемлекеттік органдардың халыққа қызмет көрсету сапасын арттырып, азаматтарға мемлекеттің жұмысының ашықтығын қамтамасыз ететін тетіктер пайда болады. Заңда ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектегені үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейту, ақпаратқа қол жеткізу саласында мемлекеттік бақылауды енгізу, ақпараттың ашықтығы презумпциясы мен ақпаратты проактивті түрде тарату қағидаттарын бекіту, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға ақпаратқа қол жеткізу үшін қажет жағдайлар жасауға бағытталған нормалар ұсынылды. Құжатты талқылау барысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңына мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтар алу кезінде қойылатын талаптарды арттыруға бағытталған нормалар енгізілді. Оған қоса Мемлекеттік тілдің рөлін арттыруға бағытталған тілдерді дамыту саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары бекітілді, – деді Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ерлан Саиров.
Күн тəртібіндегі негізгі мəселелер қаралып, заң жобалары қабылданған соң, депутаттар мемлекеттік органдарға депутаттық сауал жолдады.
Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына әлеуметтік желі қолданушыларының жауапкершілігін арттыру мәселесін көтерді.
– Қоғамды дүрліктірген тағы бір маңызды мәселе – әлеуметтік желілердегі арзан ақыл, сапасыз білім сатқыш, білгіштердің көбеюі. Байқап қарасақ, әлеуметтік желілерде «бақытқа жету жолын көрсетемін, жылдам баюды үйретемін, күйзелістен құтқарамын, түпсанаңды түзетемін, бір айда жұлдызға айналдырамын, тез арықтатамын, шет тілінде сайратып жіберемін» деген секілді сан түрлі курс, вебинар, тренинг сатушылар – блогер, бизнес-тренер, коуч, психолог, мотиваторлардың жарнамасы желдей есіп, сауданың көрігін қыздырып жатыр, – деген Мәжіліс депутаты мұндай ұнамсыз әрекетке шоу-бизнес өкілдерімен бірге айтыскерлердің де барып жүргенін атап өтті. Олардың жүздеген мың теңгеге бағаланған сабақтарын жұрт тіпті несие ресімдеп сатып алып, кейін қарызға белшесінен батып қалғанын да жеткізді.
Кей деректерде еліміздегі осындай инфобизнестің жылдық айналымы 500 млн долларға жеткені айтылған. Болжам бойынша алдағы 5 жылда 2 млрд долларға жетуі мүмкін дейді. Осыны негізге алған депутат Үкімет инфобизнес платформаларының мазмұны мен идеологиясына және заңдылығына, оны жүргізушілердің деректеріне мониторингті күшейту керек екенін жеткізді.
Ал депутат Елнұр Бейсенбаев ауылдағы ағайынның жағдайын айтып, бірқатар ұсыныс жасады. Яғни қымбатшылық пен жұмыссыздықтың салдарын ауыл тұрғындары тартып отырғанын айтып, бұл мәселені шешу үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынғанын жеткізді. Алайда жобаның нәтижелі атқарылуында бірқатар түйткілді мәселе бар екенін сөз етті.
– Жоба аясында былтыр 100 млрд теңге бөлініп, игерілді. Биыл да 100 млрд теңге бөліну жоспарланған еді. Алайда жыл соңына таяса да ол қаражат бөлінбей, Үкімет өңірлерге тек 7 млрд теңге ғана жіберген. Біріншіден, Үкіметтің өз ведомстволары арасындағы өзара келісілмеген әрекеттер жүйелі түрде кедергі болып отыр. Өңір әкімдері жоба аясында соманың қайтарылу кепілі болғанын ескеріп, көбінде тәуекелге барудан бас тартады. Ауыл халқын кедейшіліктен құтқаратын бірден-бір жобада әрбір облыс, аудан әкімдері тартынып қалмауға тиіс. Екіншіден, жобаға қатысушылардың көбі ауыл шаруашылығы өндірісіне оқытылмайды. Үшіншіден, жоба аясында ауыл тауар өндірушілерін қолдауға арналған кешенді экожүйенің құрылмауы дайын өнімді өткізуде қиындық тудырып отыр, – деді Мәжіліс депутаты.
Сондай-ақ ол шағын ауыл шаруашылығы өндірушілері өндірген өнім үшін сертификаттауды жеңілдету мәселесін пысықтауды, ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құруды, ел Президенті тапсырмасына сәйкес жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет екенін айтты.
Бұған қоса отырыста астық экспортының проблемалары, мүгедектер құқығын қорғау, ішкі жалпы өнімнің өсу қарқынының төмендеуі, кәмелет жасына толмағандардың әлеуметтік бейімделуі, газбен жабдықтау саласындағы қауіпсіздік сияқты өткір мәселелер көтерілді.