Ерекшелігі сол, мүсіннің жанындағы тақтайшада ғарыш сапары кезінде қаза болған 14 адамның аты-жөні жазылған. Оның ішінде атақты Юрий Гагариннің де есімі бар. Осынау игілікті идея алғаш көтерілгенде бельгиялық суретші Пол ван Хейдонк жауапкершілікті өз мойнына алады. Оған жүктелген міндет оңай емес еді. Өйткені мүсін жеңіл әрі берік болуы керек, сонымен қатар температураның күрт өзгеруіне төтеп беруге тиіс. Нәтижесінде, биіктігі 8,5 см болатын шап-шағын мүсін ай бетінде әлі күнге дейін мызғымай тұр.
Алып мүсіннің астары
Әлемге әйгілі бұл мүсіннің жанында бір рет суретке түсу үшін Нью-Йоркке баруды армандайтын адамдар бар. Биіктігі – 93 метр, салмағы 125 тонна болатын бұл алып ескерткіштің тарихы да қызық.
Бастапқыда француздар мүсінді, ал америкалықтар оның тұғырын жасауға келісіпті. Өкінішке қарай, 1876 жылы екі жақ та өз жұмысын уақтылы аяқтай алмаған. Бірақ бұл кезде француздар ескерткіштің қолы мен факелін (алау) дайындап үлгерген-ді. Олар соның өзін жарнамаға жаратып, Филадельфиядағы бүкіләлемдік көрмеге әкелді. Осылайша, жер-жерде алып мүсіннің атағы жайыла бастады. Арада он жыл өткенде ғана көптен күткен Бостандық мүсінінің ашылу рәсімі өтті.
Ауадан ақша жасаған
Мұндай да болады екен-ау. Италиялық суретші Сальваторе Гарау 2021 жылы көзге көрінбейтін «Io sono», қазақшаласақ, «Мен бармын» атты мүсінін 15 000 еуроға сатқан.
Таңғалмасқа шараң жоқ. Бұл мүсін расымен физикалық тұрғыда жоқ. Оны ұстай да алмайсың, көре де алмайсың. Автор осы бір өнер туындысын «Тек энергия, күш һәм ойлардан тұрады» деп түсіндіреді. Тіпті бәссайыс кезінде «Мүсінді орналастыруға 1,5 x 1,5 метр кеңістікті босатыңдар», деп халықты састырған. Нәтижесінде, С.Гараудың еңбегі жоғары бағаланып, жеке коллекционер мүсінді сертификатымен қосып сатып алған.