Жансарай • Бүгін, 08:30

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ: «Ой түскелі тимеді ерік өзіме»

130 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін

Әдеби ортада жұрт көзінен жырақ, думанды жиындарда ­сирек көрі­нетін, десек те жазуы жүйрік қаламгерлер бар. Әсіре­се қалып­тас­­қан өзіндік тақырыбы, тосын жанры, қалам машы­ғы, жазу стилі, тың пайымы автордың бөлек болмысын баян ете­ді. Мұндай бөлек болмысты шығармашыл жандардың ойы да, сөзі де, өмір сүру ере­­жесі де бөтен болады екен. Бүгін та­ным­дық тақырыпта тол­­ғам­ды еңбек жазып жүрген қаламгер-эссеист, ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері Мақсат ТӘЖ-МҰРАТПЕН әңгіме­лесу­дің сәті түс­ті. Әрине, алғашқы сөзімізді тарихи туындыларынан бастадық.

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ:  «Ой түскелі тимеді ерік өзіме»

– Кезінде Алаш-Орданың Батыс бөлімшесі туралы аса маңыз­ды зерттеулер жүргіздіңіз. «Шәң­герей», «Ғұмар Қараш», «Кә­биса жыл» секілді мазмұны терең, мәні бөлек кітаптар жаз­дыңыз. Жалпы, танымдық тақы­рып­тарға қалам түртуіңізге не се­беп болды? Әлде қандай да бір мақсат бар ма?

– Жазушы бір тақырыпты жазғысы келіп өзінен өзі ауланады және соны жазбайынша тыным таппайды. Мұның сырын білген ешкім жоқ, ол – шығармашылық психологиясының бір жұмбағы. Мен де солай, әлденені жазғым келеді, бірақ неге олай ететінімді өзім де білмеймін. Әлгі тақы­рыптар, айналып келгенде, белгілі бір тұлғаның ғұмырбаяны болып шығады. Биографиялық эссе жанры, оның ішінде персоналис­тік эссе, бұдан да дәлірек айтсақ, ­эссе-идентити. Көлемі жағынан әрқилы – шағындау эсседен инфо­романға дейін. Мазмұн жағынан «танымдық» шығармадан ауқым­дырақ, себебі, нағыз эссе бір өлшемнің шеңберіне сыймайды. Шын эссенің ішінде көсемсөзден бас­тап, проза элементтеріне дейін талай стильдік белгі-түзілімдер мидай араласып жатады. Эссе – сеңсеңмен тіккен тұлыптай, жың­ғылы бітік сай сияқты күрделі, әмбеназар (универсал) жанр.

Өзіңіз сұрап қалған кітап «Батыс Алаш-Орда: библиографиялық сөздік тәжірибесі» деп аталады. Ака­демик А.Н.Кононовтың «Биобиблиографический словарь отечественных тюркологов: дооктябрьский период» дейтін еңбегін алдыма қара етіп ұстап отырдым. Ал «Шәңгерейім» мен «Ғұмар Қара­шым» оның алдында жазыл­ды: «Шәңгерей» инфороман (дәйек­теме-роман), «Ғұмар Қараш» – пошымы монография, мазмұны жа­ғынан романдалған ғұмырнама. Үш кітап та бір аймақтың тарихын­ және бір тақырыпты – Алаш тари­хын қамтиды. Яғни триптих. Хро­нологиялық тұрғыдан алғанда Шәң­герей Алаш қозғалысы­ның­ бас­тауы, Ғұмекең мен библио­гра­фиялық сөздік – Алаш-Орданың Батыс бөлімшесінің тауариғы. Соңырақ шыққан «Кәбиса жыл» – «Ана тілі» газетінде бас редактор болған екі жылда жазған тарихи және идентити эсселерімнің жинағы, оның жағрафиялық аймағы ілгергі кітаптарымнан кеңірек. Кейде менің тарапыма «Өзі шыққан аймақты ғана жазады» деген сын айтылып қалады, бұл білмегі, байыбына бармай айтылған сөз, оған дәлел – Амангелді Иманов туралы «Үзілген үзеңгі», Ақселеу Сейдімбек туралы «Жоқшы ізбен келеді», Сауытбек Абдрахманов жөніндегі «Қартау» эсселерім, әнші Майра Шамсутдинованың өмірі мен өнері жайындағы «Магира: песня пламени и льда» деген кітапшам.

– Мәншүк, Димаш туралы кітап­тарыңыз қоғамда жақсы тал­қыланды. Алдағы еңбектеріңіздің кейіп­кері кім? Қазір не жазып жүрсіз?

– Димаш Құдайберген туралы «Димаш: когда жаждут крика» дей­тін кітап әлі жарық көрген жоқ, бұйырт­са, жақында шығуға тиіс. Бұл өзі мыңға тарта беттен тұра­тын және интерактивті жойқын еңбек. Жаза келгенде Димаштың шеңберінен шығып, ол жөнінде айтамын деп отырып талай қиырға кетіп қалыппын, нәтижесінде, қым-қи­ғаш қат-қабат бір кітап дүние­ге келді. Бұл жоба бес жыл уақытым­ды алды, әлгі бес жылда 18 ай каби­нет­тің есігін жауып алып, сырт дү­ниеден қол үзген Маркес сияқты қоғамнан қол үзбедім. Сонда да бұл бес жыл мен үшін рухани эмигра­цияға кеткен жылдарым болды.

Ал «Мәншүк: мұз бен жалын жыры» – «Неизвестная война Мән­шүк» кітаптарым «Қазақ әйелдері» жобамның құрамдас үлкен бір бө­лігі және бұл екі дүнием Батыр апамыздың алғашқы толыққанды (толық емес) ғұмырбаяны деуге аузым барады. Жазу барысында көзім жеткен нәрсе – Мәншүк Мә­метова ғадауатты репрессияның, ғадалатсыз соғыстың құрбаны болып кеткен екен. Тіпті осы жерде Мәншүк және ол сияқты жастай жалын кешкен боздақтар қазақтың қақпақыл тағдырының символы десем қалай болар екен? Қазір де жа­зып жатқан «Ағаевтың ізімен» кіта­бым осы ойды одан әрі апарады. Яғни өз жерін большевизм тырнағынан босатам деп келіп қаза тапқан вермахт обер-лейтенан­ты Әлихан Ағаевтың (Әмірхан Тілеу­мағамбетов) өмірхикаяты – тағ­дыр­лары екі түйе үйкескен кезде арасында сона секілді жаншылып қал­ған және солай болып келе жат­қан халқымыздың аянышты тағдыры.

Ылғи үлкен, кесек дүниелер жазу оңай емес. Жазушылардың әлсін-әлсін соқа суырып, жауын-жауынның арасында жанр ауыстырып отыратын әдеті болады. Сол үрдіспен тарихи эсселердің ала-шоласында ептеп прозаны ермек ететінім бар және өз өмірім туралы «Қошқармен қоштасу» деген атпен эсселер жинағын бас­­­тағанмын. Оның «Орыс тілі сабағы», «Эйсебио», «Дұрыс қарым-қатынас» дейтін алғашқы бөліктері паблик­терде жа­рияланды. Арасын­да алғаш кітап оқып, жазуға кел­генімді де хикаялап өтпекпін. Мен жазуды төртінші клас­та бастадым ғой. Содан бері, Абай айтпақшы, «ой түскелі тимеді ерік өзіме»...

– Екі тілде жазасыз. Бұл ше­бер­­лік пе, қабілет пе?

– Ол жағын тап басып айта алмай­мын. Ал неліктен кенет орыс­ша жазып кеткенімнің сай-себе­бін жаңа айтып өткен «Орыс тілі сабағы» эссемде саралаған болдым. Сондағы ақыл зердем жеткен нәрсе – бала мектепте қай тілде сауат ашса, кім қолына қалам ұстатса, өмі­рінше сол тілді, сол мұғалімді ұмытпай өтеді екен. Яғни өзегіне сол кезде-ақ түскен құрт өмірінше кетеді. Мен бастауыштың екі класына орысша түскенмін ғой. Өткен ғасыр басындағы алашшылдардың «Баланы қайткенде де төрт сынып ана тілінде оқытыңдар» деп қаққан зары ащы рас. Осы төрт жылды жібе­ріп алсақ, онда – гуд бай, чилдрин! Одан әрі орыс, ағылшын тіл­дерін көпір ете отырып, әлем мә­дениетінің жауһарларымен таны­сып, өзімізге керегін сіңіріп отыру керек. Реті келді, айта кетейін, ке­зінде орыстарға қоса өзіміздің түркі, неміс, поляк және яһуди жұрты жасақтаған Ресей мәдениеті – ұлы мәдениет. Онда біздің хақымыз бар. Дүние жүзінде, тіпті Батыста Толстой, Достоевский, Чехов жо­ғары қойып сөйленеді. Тіпті Вир­д­жиния Вулф орыс әдебиетін өзі­не үлгі ете табынғанын оқып таң­ғал­ғанмын. Осы тегін болмаса керек...

– Кітаптарыңыз оқырманға қолжетімді ме? Мәселен, «Шәң­ге­рейді» кітап дүкенінен сатып алып оқи аламыз ба?

– Оқи алмайсыз. «Шәңгерейдің» шыққанына биыл 26-жыл. Қайта басылмады, мемлекеттік тапсырыстан үш рет өтпей қалды. Бізде мемлекет есебінен кітап шығару ісінде ойсыраған аймақтық диспропорция бар: белгілі бір тұлғалар жа­йында осы кезге дейін ондаған кітап шығарылды, шығарылып та келеді, ал Шәңгерейдің шығармалары 1982 жылдан бері бірде-бір рет қайта басылмады. Деректі, көркем фи­льмді айтпай-ақ қояйын. Мен жік­шіл сепаратист емеспін, бірақ сон­дай бір көңіл күйді тудыратын жағ­дайлар бар, соның үлкені – биліктің Ата заңда бекітілген уни­тар­лық саясатты ескермейтін көпе-көрінеу кереғарлыққа жол беріп отырғаны. Ал кітаптарым қол­жетімді дей алмаймын. Таза шығар­машылық адамы кітап сауда­сына салғырт келеді. Мәдениеті озық елдерде бұл іспен арнайы ұйым, менеджерлер айналысады. Ондайларды ұстауға біз сияқты «беспомощный, беззащитный» зейнеткердің – сіздердің, қазіргі жас­тардың тілімен айтқанда, «пенс»-тің шама­сы қайда?

– Бізде ағартушылық-таным­дық шығармашылық әділ ба­ғалана ма? Мұны айтып отыр­ға­ным, сіз бірнеше жылдан бері тек шығармашылыққа ден қойып, Толстой ақсақал секілді елден жырақ саяжайда тұрасыз. Жазуы­ңыз да өнімді жүріп жатқан секілді. Жазушылық стихияңыз тыныштық болып тұр ғой, сірә?

– Мен айналысып жүрген сала, эссеистика бізде әділ бағаланады дей алмаймын. Оның басты себебі, көп жұрт бұл жанрды түсінбейді, көсемсөздің ар жақ, бер жағы деп қарайды. Өзіңіз де «ағартушылық-танымдық, шығармашылық» деп отырсыз ғой... Әрі-беріден соң Жазушылар одағында да жеке эссе секциясы жоқ, эсселерді «деректі проза» секциясына қосып жіберген, білуімше. «Айбоз» сияқты әдеби сыйлықтарда эссе прозаның санатында, бірақ «Айбозды» эссеист жазушыға берді дегенді естімеппін. Осыдан бірер жыл бұрын Сауытбек Абдрахмановқа ғана «Абыз Әбіш» эссе кітабы үшін Мемлекеттік сыйлық берілді. Болды, бітті. Маған да биыл жазда «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы эссеистігім үшін емес, журналистикадағы еңбегім үшін берілді. Жалпы, атақ-дәреже, ізет-үрмет мәселесінде ұстанымым айқын: атақ-құрметті өзім сұрамаймын, ал еңбекті ескеріп беріп жатса, бас тартпаймын. Байқағаным, осы атақ шіркін өзімізден гөрі зайыбың мен бала-шағаңның алдындағы мерей үшін көбірек керек пе деп қалдым ғой...

Саяқ кетуіме келейін. Мұның басты себебі ретінде әлгі «Умному в своем одиночестве не скучно, ему скучно в толпе дураков» дейтін сөзді келтірсем астамшылық болар. Менің саяқ кетуім, өзіңіз айтқан «Ясная Поляна» мен Шәкәрімнің «Саят қорасының» аралығы болар, сірә. Айтты-айтпады, бұл кісілер тыныштыққа, жазу үстеліне қайнаған өмірдің ішінде жүріп талпынған ғой. Мен де осы қатарда.

Әңгіме былай. 2014 жылы Қазақ мәдениет ғылыми-зерттеу инс­титутының бас директоры қыз­метінен кеттім. Біреуге орын керек болды да, тіпті де тәжікелеспей, сол арада арызымды жазып бердім. Зейнеткерлікке сегіз жылдай уа­қыт бар еді, сонда да өзімді-өзім «пенсияға» жібердім. Бірыңғай шығармашылықпен айналысайын, жазылмай, күйбең тірлік пен қызметтің арасында қап кеткен нәрселерімді жазып тастайын деп шештім. Соным әйдік ақыл болыпты: арада өткен он жылда бес мың беттей дүние жазылды. Осыны жұмыста жүрсем, жазар ма едім? Сондықтан орнымды босатуымды сұраған адамға бек қарыздармын. Бір сөз бар ғой. Қызы басқа жігітке шығып кеткен біреу қамығып жылап отырса, досы арқасынан қағып: «Өмір әлі көрсетеді, кімнің жолы болғанын!» деп жұбатады екен...

Өзіңіз айтқандай, шынында да арғы төркінімде жан тыныштығын, сол арқылы жазу тыныштығын тілейтін болуым керек. Тыныштық – мен үшін жазу қажеттілігі ғана емес, тыныштық – жазушы ретін­дегі тақырыбым да. Сэлинджер, Флобер, Шәңгерей сияқты бөлектеніп өмір сүрген (жалғыз жазушы ғана емес) адамдардың өміріне алабөтен қызығып, арнайы назар жығып жүретінім де содан болар. Антрофобияның табиғатын түсінгім келеді. «Шәңгерейімнің» қайта жазылған қолжазба нұсқа­сына «Шәңгерей. Үнсіздік» деген тосын ат тағындыруым да осыдан шығар...

– Дегенмен күнкөріс мәселе­сін қалай шешесіз?

– Иә, шаруа мұңы, тірлік қамы – жазушы үшін уақыт тапшы­лы­ғынан кейінгі, тіпті оның алдына шығып кетер үлкен жағдаят. Бізде шетелдегідей жазғаныңа адекват, барабар қаламақы төленсе көп­­ жазушы жұмысты қойып, жазу­ үстелінде алаңсыз отырар еді. Бұ­лай болмағандықтан да біз­дің буын негізінен ойға алғанын зей­нет­ке шыққасын жазып жүр. Иә, бұл шақта ұл аяқтанады, қыз­ ұзатылады, ата-ана ретінде қалам­гер­дің қолы босаңқырайды, әрі балалар да көмектесе бастайды ғой. Елге барсаң, Қылышбай, Мұқан сияқты достар табаныңды жерге тигізбей, көтеріп әкетеді. Ал бірақ, сонда да, ең өнімді жұмыс істейтін жасырақ кезің кетіп қалған, оны қайтара алмайсың. Ахаң (Ақселеу Сейдімбек) ұстазым қайтарының алдында: «Ай, Мақсат­жан, жазатыныңды 65-ке дейін жазып қал, одан әрі – шабаш!» деп еді, білгендей-ақ айтқан екен, жарықтық. Сонда өзі 67-де екен ғой, қарап отырсам. Ал жазушы үшін жаза алмай қалу – өте ауыр, тіпті өкінішті, қайғылы жағдай болуы керек...

– Кезінде «Астана» журналын дүркіретіп шығардыңыздар. «Жаңа қазақ журналы қандай болу керек?» деген сұраққа да іспен жауап бердіңіз. Сол журналды қазір неге оқи алмаймыз?

– Астанада елордалық журнал шығарған төрт жыл – мен үшін қайран да қайран бір дәуір. Ондағы қиындықтар мен жетістіктерді кейін екі тілде үлкен мақала етіп жазғанмын, пабликтерде тұр. Жаңа сіз дұрыс айттыңыз, бізге қандай журнал керек екенін көрсете алдық, білем. Басында мұны алдымызға мақсат етіп қойған жоқпыз, бірақ объективті түрде солай болып шықты. Иманғали ағамыз (Тасмағамбетов) журналдың тізгінін маған ұстатқан кезде үш тілде шығуға тиіс басылым орысша өң алып қалған екен. Редакцияда «Қазақтілділер журнал шығара алмайды» деген түсінік үстемдік етіп, бұрынғы бас редактор сол нарративке көніп, биліктің бұйдасын орыстілділерге беріп қойған. Оларды мен әдемілеп тұрып кетірдім: ұрыспадым, жекімедім, жай ғана өз бағдарламаммен таныстырып, соны жүзеге асыруды талап еттім, бұл жүкті алып жүре алмағандарын сезіп, өздері кетіп болды. Енді жаңадан команда жинап, бұлтаққа түсіп көп ізденуден кейін қазақтілді бас редактор екі  тілде тәуір журнал шығара алатынын көзапара көрсеттік. Және халықаралық стандартта шығардық. Бұл жолда мен «Сноб» журналын басшылыққа алдым және соңғы жағында сол үлгіге – қағаз қалыбы мен онлайн нұсқасы өзара шарбыдай шырмасқан және ең бастысы авторлар мен оқырмандар нөмір дайындауға тікелей қатысатын конвергентті журналистикаға таяп келдік. Осы негізде журнал жанынан «А-клуб» зияткерлік ұйымы да құрылды, бірақ жобаны толық жүзеге асырып үлгермедік.

– Неге?

– Ұзамай журнал жекеге сатылып кетті.

– Себеп?

– Соның алдында жұртшылық­ты елең еткізген (резонансты) бірқатар материал шыққан-ды: «Астана – город масонов?» және саяси қуғында жүрген Жақсыбек Құлекеев, Жақсылық Досқалиевпен интервьюлер. «Жоғары билік соған бү­лініп жатыр екен» деген сыбыс жетті, бірақ ешкім ашық түрде же­кірмеді. Бізде демократия ғой, қанша айтқанмен. Бәрі де жінтікті жасалды: журнал сол кездегі үкі­меттің бір қаулысының негізінде, «еркін бәсекелестікке шығару» желеуімен, голландтық әдіспен жекеге бизнеске сатуға қойылды. Бұл жымысқы маған ауыр тиді. Енді, бір кезде жұртшылықтың көзайымына айналған «Астана» журналын оқи алмайсыз, ол – тарих мүлкі: сол 2012 жылдың аяқ шенінде өзімнің дәнекерлігіммен бір кәсіпкер жігіт сатып алды, дүние мүлкін басып қалды да, соңыра журналды жапты. Жоғарыдағы журнал туралы мақаламды «Астана», которого нет» деп атағаным да содан еді. Міне, солай.

– Жалпы бізде журнализм саласы әлемдік үрдіспен салыстырғанда қай деңгейде?

– Кісі жыларлық халде. Одан да зорын айтайын: бізде журнализм жоқ. Ілгеріде, біз журнал шығарып жүрген кезде елімізде Voice people сияқты бірқатар жаңа форматты журналдар болды. Компрадорлық буржуазия басылып-жаншылған кезде олар да тынды. Бүгінде «Форбс-Қазақстан» ғана қалды, ол таза орыс тілінде жазады. Қалғаны сән журналдары. Жалпы, визуал ақпараттың бел алуымен дүние жүзінде де журнализмнің жағдайы мәз емес, бірақ олар визуал сыңарларын жасай отырып, қағаз қалыбын сақтап қалды. Қағаз баспа өнімі ешқашан жойылмайды, кітапқа сұраныс қайта күшейіп жатыр, сол сияқты әлемде де қағаз журналдарға сұраныс артып келеді. Жұртшылықтың талғамын көтеруіміз керек, әйтпесе дүние халқы бізге наданға қарағандай қарайтын болады, ал бұқараның талғам-тұшымын көтерудің басы – кітап пен журнал. Мәтін-контенті мен иллюстрациялық қатары өзара сәйкескен, сол арқылы өзгеше сыр ұқтыратын – журнал. Ал бізде журнализм бағыт ретінде де оқытылмайды, журналды газетші мамандар шығара береді деген қате түсінік әбден орнығып алған.

– Әдебиетке ойысайық. Эссе де әдебиеттің бір жанры ғой, өзі­ңіз тоғыз кітаптың авторы ре­тінде Жа­зушылар одағына мү­шесіз бе?

– Мүше емеспін. Жалпы, мен еш одаққа мүше емеспін. Ресейде Владимир Богомолов деген жазушы болған. «Иван» дейтін повесть, «Момент истины» деген романның авторы, нұсқалы қаламгер. Сол кісі марапат, атақ-үрметтің бәрінен бас тартқан, Жазушылар одағына сұраса да өтпей қойған. «Одаққа өтсем, жақсы жазып кетемін бе?» – дейді екен жарықтық ондайларға. «– Мүше болу маған не береді?» «Дача береді, машина аласың, кітаптарың да тезірек басылады» десе де көнбей қойыпты, тек ақын Сергей Наровчатовтың бір уәжіне ғана ұйыпты. Наровчатовтың сон­­дағы айтқаны: «Жазушылар одағында бір еврей шал бар, лауазымы – ритуалдық агент, әгәрәки сен, Богомолов, Одаққа өтсең, әлгі шал өлгеніңде ың-шыңсыз және абыроймен жерлеп береді». Владимир Осипович ойланып қалады, бірақ мүшелікке өткен-өтпегені жөніндегі пікір әлі күнге екіұдай. Белгілісі – өлерінен екі жыл бұрын «За дос­тойное творческое поведение в литературе» дейтін сыйлық бергенде, қырсық шал алмай қойған. Қайтқанда Ваганьков зиратына қойылған. Еврей шал іске кіріскен бе, жоқ па, ол жағы мәлімсіз. Айтайын дегенім, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алғандарға 2,5 метр жер тиесілі екен, естуімше, «Олай болмаған күнде «Әдебиеттегі лайықты шығармашылық қылық» дейтін бір жүлде тағайындар, бәлкім...

– Дегенмен айтыңызшы, эссе де әдеби шығармаға жатпай ма, олай болса, Жазушылар одағына мүше болуға толық хақылы емессіз бе?

– Иә, солай, эссе – шағын проза­лық шығарма. Жанр ретіндегі анық­тамасында осылай деп көр­се­тілген. Одан әрі «роман мен эссе әдебиеттің сүт кенжелері екендігі, екеуі де бір мезгілде – индустрияландыру дәуірінде пайда болғаны, екеуі де адамның жеке өмірін ашатыны» баяндалады. Айырмашылығы – роман қат-қабат, көпдауысты, диалог-полилогті, ал эссе жалғыз дауысты көкек сияқты, яғни бір ғана авторлық монологке құ­рылады, онда автор оқырманға тақырып бойынша өзінің тосын көзқарасын ұсынады (таңады). Баяғыда бір жас жазушы Чеховқа келіп кеңес сұрапты. Сонда Чехов оның әңгімесінің қолжазбасының бірінші бетін екі бүктеп, авторынан бүктелген жерді екіге айырып жыртып тастауды сұрапты. Сосын алдыңғы жыртылған жерін былай тастап, қалғанын көрсетіп: «Міне, мына жерден әңгімең басталады» деген екен. Меніңше, Чеховтің қатаң жіктеуіне ұшыраған жер – эссе жанрлы бастама (экспозиция) болуы керек.

Осы пікірге ұйысақ, үшбу эпизод көркем проза мен эссенің арасы қаншалықты жақын екендігіне бір ыспат. Содан болуы керек, жуықта ғана прозадағы тырнақалдым «Он бірінші ауылдың Павлик Морозовы» деген бір баян (повесть) жазғаным. Өмірде болған уақиға, бас кейіпкері де жанымызда жүр – Қылышбай Сүндетұлы деген азамат, қып-қызыл белсенді пионер ол алтыншы класта жүргенінде әкесін ұстатып жіберуге шақ қалған. Замана желімен қоса құбылатын күрделі адам жанының табиғаты жайлы сарказмға толы және өмірдің өзінен ойып алынған дүние болып шықты. Қысқасы, мен прозада да эсселік табиғатымнан айнымай қалдым. Әлбетте, ылғи да бұлай болуы мүмкін емес –  Қылышбайлар «штучная продукция» ғой, оның үстіне айнала өмір де саналуан, ол ондаған, жүздеген түстен, сәуле-жарықтардан тұрады.

– Бір сұқбатыңызда интелек­туалдық әдебиетті айтып қал­дыңыз. «Зияткерлік әдебиетті» қалай түсінесіз?

– Батыс прозасының асыл мұ­ратының үлкені – адам болып туған соң, сол Адам дейтін атты ақ­тап өмір сүру. Осы жолда «Адам­ның жанын көркем сөзбен ізгі­лендіру» (Серік Асылбекұлы). Ертеңге сеніммен, оптимизммен қарау, өмірге құштарлық. Қандай қиын жағдайға кезіксе де өмірдегі бақыты үшін, жеке бас еркіндігі үшін соңына дейін күресу. Осы орайда адам жанының қалтарыс-құпияларын ақтармалап, зерттеу. Жарық, сәулелі жерлерін көрсету, қараңғы, көмес тұстарын анықтау. Мұны өздері «интеллектуалдық проза», «психологиялық проза» деп жіктейді. Бұл өзі ХХ ғасырдың бас кезінен бастау алған үрдіс, осы аралықта Стефан Цвейгтің «Әйелдің жиырма төрт сағат өмірі» тәрізді шағын көлемді баяндарынан Умберто Эконың философиялық романдарына дейін талай нұсқалы дүние жазылды. Еуроамерикан әдебиеті үшін мың беттік зияткерлік роман – қалыпты жағдай. Ал бізде бүгінде бір беттен асатын жазбаны ешкім оқығысы келмейді. Көлемді дүниені таразылауға, сараптауға ерінеді. Соңын оқып отырып, басы қалай басталып еді деп еске түсіріп, машақаттанғысы келмейді. Ал бірақ әрқандай мәліметтің, ақпараттың көзі текст қой (қазір қолданылып жүргендей «мәтін» емес, мәтін – арабша жазбаның асыл негізі, яғни канон). Қағаз түріндегі кітап болсын, әлеужелідегі пост болсын, тіпті Ютубтағы бейнемате­риал болсын, бәрінің негізінде текст жатады. Ал текспен, соның ішінде көлемді текстпен жұмыс істеу дағдысын, машығын жоғалтқан адам сол бойда, дереу өзіне аса қажет ауқымды ақпараттан айырылады. Одан да сорақысы – ойлау машығын жоғалтады. Мен «Димаш» кітабымды әдейі көлемді етіп жаздым. Сондағы ойым – бүгінгінің оқырманын үлкен текстерді сыни тұрғыдан қабылдап, игеруге үйрету.

Интеллектуалдық проза ұлт­тық әдебиетімізге де сыналап­ ене бастады. Басқаша болуы мүмкін де емес. Бүгінде прозаның зияткерлік, әсіресе психологиялық, фэнте­зи сияқты өрелі түрлерімен қалып­тасқан, сақа жазушылар емес, кейін келген жасамыс және жас бу­ын айналыса бастады. Көбісі – авторының тәжірибе, талант кем­дігін андеграунд шығармалардың өтімділігімен бүркемелеген көкжа­сық шығарма­лар. Қолмен ұстауға келмейді, былжырап тұрады, стиль алақұла, тіл мүкіс, бейнебір аударма дүние оқып отырғандай боласың. Себебі мәлім-білімді өмірден емес, кітаптан жиған. Ал енді солардың жарнамасы сұмдық – авторларымен жас жағынан құралпы, яки дос-жар «қарадомалақтар» жөндемі әдеби сынның жоқтығын пайдаланып, табанын жерге тигізбей мақтап ала жөнеледі, ол ештеңе емес, аға буын жазушылардың қабілетті өкілдерінің желіккенге елігіп, кепердей қылып сөз ұзататындарын айтсайшы! Сол баяғы – «кішіге ізет», «жастарға жол ашу» дейтұғын, күнделікті өмірге керек, бірақ әдебиет үшін күлдей зиян қаспақ әдет. Рақаң жазғандай, «толқынды толқын желкелеп өлтіріп жатыр».

 – Сөзіңіз аузыңызда. Кейінгі жылдары әдеби байқаулар жиі өткізіліп жүр. Оған басұра қатысатындар да жетіп артылады. Деңгейі мен талғам – бөлек әңгіме. Жалпы, шығармашылық додалардың мақсаты қандай болуы керек? Өзіңіз әдеби бәйгелерге қатысасыз ба?

– Қатысып көрдім. Жалғыз рет. 2018 жылы ғой деймін, «Жас Алаш» газеті жариялаған «Қазақ пен қала» дейтін әдеби байқауға. Тақырыбы күшті, өзекті. Таңқаларлығы, қала тақырыбына сол жолы жүздің үстінде көркем шығарма ұсынылған екен. Осының өзі көрсетеді, әдеби байқаулар әдебиетке қаншалықты серпін бере алатынын. Мен ұсынған «Аппақ сүю» повесі прозадағы алғашқы балаң қадамым болғандықтан, шикілі-пісілі болып шықты, оны өзім де сездім, сондықтан бәйгеде көмбеден көріне алмағаныма еш өкінбедім. Мені өкінткен басқа жағдай болды. Бас жүлде орта мектепті де оңдырмаған сауатсыздың жазуына берілгені. Құрмалас сөйлем түгіл жәй сөйлем құрай алмайды. «Темекінің шоғын күлсалғышқа мылжалап тұрып өлтірдім», – деп жазатын «қаламгерден» не үміт, не қайыр?! Ғажабы, сол автордың тағы бір «шығармасы» жуырда ғана үлкен бір роман бәйгесінде екінші үздік туынды ретінде бағаланды. Сол сияқты бір ақын – тағы да жуықта – өзім сыйлап өткен талантты эссеист атындағы сыйлықты «прозаизммен» шалапталған өлеңі үшін алды. Мені сескендіргені тағы да бұл емес. Жаңағы екі шығармасымақ іштерінде өзім қадірлейтін талантты қаламгерлер бар ридерлер тарапынан жоғары бағаланғанын көріп, ішім қылп ете қалды. Әлденеге Сергей Довлатовтың ізімен бір «философиялық ахинея» жазғым келіп кеткені. Айталық, «Компромисс» деген. Марқұм Көпен Әмірбек ағамыз «әділ қазылар» дегенді «әділ қозылар» деуші еді…
Ойымша, әлгіндей келеңсіздіктердің түп тереңінде кейінгі жылдары бізге сырттан күштеп таңыла бастаған рефрейминг (отарсыздандыру саясаты) үрдісі жатыр. Ол негізінен шетелге әлпештеп шақырылып, санасын 180 градусқа бұрып «ағартып» жіберетін модус вивентус әдісінің шылауындағы оқыған гуманитар жастарымыздың қолымен жасалып отырғанын ендігі жерде қалтарыссыз ашық айтуға тиіспіз. Әлбетте, сананы отарсыздандыру керек. Бірақ ол көпшіліктің талғамын тамтырату арқылы жасалмай, сырттан тасымалданған креативті индустрия таланттар шоғырының көмегімен жүзеге асырылса, өркениет сатысына жеткеніне әлденеше заман іргелі Қазақ еліне құрметпен қарау болар еді.
Әрине, жоғарыда айтылған руханияттағы, соның ішінде көркем әдебиеттегі келеңсіздіктерді жою, түзету айтумен-жазумен ғана бітпейді. Абзалы, ұлт қаламгерлері, соның ішінде аға буын, өзіміз бас болып сапалы дүние жазсақ, әне, «құла тасқынның» жолына қойылар тосқауылдың үлкені сол. Прозамен айналыса бастағалы бір байқағаным – біздің қоғамда өрелі интелектуалдық, психологиялық және әпсіндік прозаға тақырып, арқау болатын оқиға мен уақиға көп, тіпті аткөпір екен. Тек соны уақтылы көріп, ала біл. Одан арғысы суреткерлік шеберлікке, азаматтық алымдылығыңа, күрескерлік темпераментіңе байланысты. Мәселен, өз басым осы соңғы жылдың өресінде ғана екі тақырыпты ішіме ойөзегі (замысел) ретінде құлта қылып түйдім.
Екеуі де өмірде болған, қоғамымызды шулыған етіп өткен уақиғалар. Қалай болып шығады, оны өмір көрсетеді. Бірақ мен үшін қазірде ең қатты нәрсе – уақыт болып тұр. Ол катастрофалық түрде жетпейді. «Шіркін-ай! – деймін кейде отырып. – Баяғы отызымды қайтып берсе ғой… Бәлкім, біз жасай алмағанымыздың үдесінен сендер, жастар шығарсыңдар. Төлегенше жіберсек, «Жалғасын сен айт. Бұл асқақ әннің. Жабылып кетсем мен егер. Ғұлама жылдар. Ғұлама жылдар. Судырлатқанда парағын…»

–Уақытыңызды қиып, әңгімеге келгеніңізге көп рақмет!

Әңгімелескен –

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»