Тағзым • 18 Қазан, 2024

«Көкшенің көк семсері Көкен ақын»

78 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанның халық ақыны, Қазақстан ақын-жыршылар ода­ғы­ның тұңғыш пре­зи­денті Көкен Шәкеевтің туғанына 100 жыл толуына орай туған жері Көкше өңі­рін­де кеңінен аталып өтілуде. Маз­мұны мол мерейтой «Көкен Шәкейұлы: ай­­тыс­­тағы алтын көпір» атты көлемді ғылыми-танымдық конференция­дан бастау алды.

«Көкшенің көк семсері Көкен ақын»

Кешегі Жамбыл, Кенен, Доскей, Шашубайлар бастаған халық ақын­да­ры мен бүгінгі тәуелсіздік жылдарындағы айтыс өнерінің ортасында алтын көпір болған Көкен Шәкеевтің шығармашылығы, ақындық қуаты жақұттай жар­қырап кейін­гі ұрпаққа үлгі болуда. Конфе­ре­нцияда облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов құттықтау сөз сөйлеп, айтыстың ақтанбозына арналған ауқымды шараның шаш­бауын көтерісіп келген ел аға­ла­рына алғысын жеткізді. Айтыс өнері өткен ғасырдың 80-жылдары қыннан суырылған қылыштай жарқ еткенде қуанбаған қазақ жоқ шығар. Сол сәтте ұлттық өнердің тізгінін қолға алған Көкен Шәкеев, Манап Көкенов секілді халық ақындары бастаған ел ішіндегі тума таланттардың басын қосып, айтыстың салтанатты көшін болашаққа бастаған қазақ руха­ниятының тау тұлғаларының бірі, қазіргі айтыс ақындарының рухани ұстазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман да конференцияда сөз сөй­леп, Көкен ақынмен кездескен кезіндегі естеліктерін айтып берді.

Конференцияда ғылыми-танымдық тұр­ғыда баяндамалар оқылды. Белгілі ақын Қор­ғанбек Аманжол «Көкен ақынның Көкше өне­ріндегі көшбасшылығы», Е.Бөке­тов атын­дағы Қарағанды зерттеу универ­­си­тетінің профессоры, филология ғылым­да­рының докторы Қойлыбай Асанов «Кеңес дәуірінде өткен ақындар айтысының қоғам­д­ық-әлеуметтік мәні», үш дүркін «Алтын дом­быра» иегері Мұхтар Ниязов «Халық ақын­дары Көкен Шәкейұлы мен­ Манап Көке­нов арасындағы шығар­­ма­шылық байланыс», Ш.Уәли­ха­нов атындағы Көкшетау уни­­вер­­­ситетінің профессоры, фило­­логия ғылым­дарының кандидаты Сәбит Жәмбек «Арқаның айтыс дәс­түрі һәм арқалы ақын­да­ры» тақы­рып­тарын қаузап, тереңнен тол­ғады.

Мерейтой облыс әкімдігінің қолдауы­мен «Көк­шенің көк семсері Көкен ақын» атты Қазақ­стан мен Қырғыз елдерінің айтыс ақын­­да­ры, дәстүрлі әншілері, жыршы-терме­ші­лері арасында халықаралық ақындар ай­ты­­сы­­мен жалғасты. Халықаралық айтыс­ты Қа­зақ­­станның еңбек сіңірген қайраткері, бел­­­гілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев жүр­гізді. Айтысқа Жүрсін Ерман төрағалық етті. Алқалы жиынға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысып, ақ жарма ті­ле­­гін білдірді. Аламан айтысқа Қазақстан Рес­­­­пуб­ликасы Мәдениет және ақпарат ми­нис­трі Аида Балаева құттықтау хатын жолдады.

Қазылар алқасының мүшесі, Қырғызстан Республикасы Мем­ле­кет сыйлығының лауреаты, Қыр­ғыз­станның ел жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері Қайрат Има­нәлиев екі елдің достық үлгісіндегі тамаша теңеулер келтіріп, сөз сөйледі.

– Қазақ, қырғыз екі көз болса, ал Алатау ортадағы мұрыны. Қан­дай тағдыр бізге кез болса, анттасқанбыз дайын бірге тұруға. Біздің тіліміз де, діліміз де, салт-дәстүріміз де егіз. Әлмисақтан біз осылай құстың екі қанатындай болған халықпыз, – деді ол.

Екі елден барлығы 18 ақын айтысты. Мақ­сат Аханов, Жансая Мусина, Мұхамед Қон­қаев, Нұрлан Есенқұлов, Аспанбек Шұға­­таев сынды қазақ елінің жүйрік ақын­дары көршілес қырғыз елінің төкпе ақын­дары Амантай Кутманалиев, Азамат Бол­гонбаев, Кубат Тукешов, Нұрсұлтан Мал­ды­баев, Жамайка Токоновалармен баба­­дан қал­ған жыр байрағын көтеріп, сөз қағыс­тыр­ды. Екі елдің дәстүрлі әншілері Айгүл Қосанова мен Эльзар Өскөнбаева, күйші­лер Бекзада Достиярова мен Закирбек Дүй­шөн­бекұлы, жыршылар Елмұра Жаңабер­ге­нова мен Самат Көчөрбаев, термешілер Арафат Ысқақов пен Құндыз Таштаналиева көпшілікті өнерлерімен тәнті етті.

Дүбірлі доданың бас жүлдесіне екі елдің қос жүй­­рігі Мақсат Аха­нов пен қырғыздың жыр қы­раны Аман­тай Кутманалиев ие бол­ды.

 

Көкшетау