Егемен Қазақстан • 18 Қазан, 2024

«Хат қоржын»

100 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ер есімі әрдайым есімізде

Осыдан 30 жыл бұрын тәжік-ауған шекарасында шекарашы Раджан Батырқанов ерлікпен қаза тапты. Шекара бұзған содырлармен болған күші тең емес ұрыста командирі мен қаруластарының өмірін сақтап қалу үшін содырлардың оғын өзіне бұрған Раджанның ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

«Хат қоржын»

 

Бүгінде кіші сержант Р.Батырқановтың есімін еншілеген шекара бөлімшесі жас шекарашы сарбаздарды батырлық пен патриоттыққа үндейтін тәрбие орталығына айналған. Өзі туған Катонқарағайда көше мен мектептегі мүйіс батырдың есімімен аталады.

Ал осынау ерлік қалай жасалып еді? 1994 жылғы 28 қыркүйекте Хаким бандасының 200-ден астам қарулы содыры 9 автокөлікпен Тәжікстанның Хорог қаласы маңындағы мемлекеттік шекарасын кесіп өтіп, Ауғанстанға өтуге бет алады. Олардың жолына 38 қазақстандық және ресейлік шекарашы тосқауыл болып тұрады.

Соғысқа бірінші болып кірген ресейлік офицер Константин Селюк пен Раджан Батырқанов қаруластарына моджахедтерге тылдан шабуылдауға мүмкіндік береді. Алайда ұрыста ауыр жарақаттанған Раджан көп қан жоғалтып, есін жимастан қаза табады. Ұрыстың нәтижесінде моджахедтер жойылып, содырлардың кепіліндегі адамдар құтқарылады.

Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін кіші сержант Р.Батырқанов қаза тапқаннан кейін Қазақстан Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ал Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай, батыр шекарашы Тәжікстан Республикасының жоғары наградасы – І дәрежелі «Спитамен» орденінің иегері атанды.

Биыл 28 қыркүйекте еліміздің түкпір-түкпірінде шекарашы Р.Батырқановтың есімін ұлықтап, ерлігіне тағзым етуге арналған іс-шаралар өтті. Солардың бір парасын Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаменті ұйымдастырды. Шекарашы ардагерлер мен жеке құрам «Мәңгілік алауға» гүл шоқ­тарын қойып, батырлар, Тәуелсіздік жылдары ерлікпен қаза тапқан шекарашылардың рухына тағзым еткен соң, №102 орта мектебінің оқушылары «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының қатарына кіру үшін ант қабылдады.

Айта кетерлігі, аталған мектептің 7 «Ә» сыныбы Р.Батырқановтың есімімен аталғаны туралы ақжарма хабарды департамент бастығының орынбасары полковник А.Мұналбаев «Мәңгілік алау» басына жиналған көпшілікке толқи тұрып жеткізді. Бұдан әрі жас патриоттар Армия үйіне барып, Екінші дүниежүзілік соғыс қаһарманы генерал И.Панфилов мұражайын аралап көрді.

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,

ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі

АЛМАТЫ

 

 

Ұстазға құрмет – көрегендіктен

Іле ауданының Байкент ауылындағы №10 орта мектебінің іргесі қаланғанына 50 жыл толды. Кеңес дәуірінде мектеп толығымен орыс тілінде білім берген болатын. Тек Еліміздің егемендігі туралы декларация қабылданған 1990 жылы қазақ сыныптары ашыла бастаса, алғашқы қазақ сыныбына 9 бала қабылданғаны күні кешегідей есімізде. Бұл, әрине, сол кезде үлкен табандылық пен ерік-жігерді қажет етті.

1986 жылы мектеп басшылығына Жұмахан Тасыбеков келді. Ол директорлық қызметті 2003 жылға дейін 13 жыл бойы табысты атқарды. Ұжымның ақылшысы, туындаған қиындықты дер кезінде шеше білген ұйымдастырушы болды. Білім ордасына одан кейін басшылық жасаған педагогтер де еш аянып қалған жоқ. Мәселен, Әліпбек Байдәулетов мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, баршаның ризашылығына бөленді. Бүгінде оқу ордасына Жадыра Оқасова басшылық жасайды. Ал сол кезден бертінге дейін қазақ сыныптарына өз мамандықтарына сай адалдық таныта отырып дәріс берген Әсия Құрманбаева, Әбдібай Қорғанбаев, Қали Исабеков, Темірхан Қарсыбаев, Ермек Билібаев, Тойдық Сарманова, т.б. бір топ педагог болғанын да атап көрсеткен орынды.

Дана халқымыздың «Ұстазға құрмет – көрегендіктен» деген тамаша сөзі бар. Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың басы қосылса, төр – ұстаздыкі» дейді. Осы ұстанымдарға лайықты ұстаздар оқушыларды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, мектептегі іс-шараларға да білек сыбана қатысып келеді. Ата-аналармен бірге балалардың тәрбие жұмысына да бар білімі мен білігін жұмсап, үлкен үлес қосып жүр. Олардың қатарында оқу ісінің меңгерушілері Алтын Тортайқызы, Жәмила Абылайқызы, Нәзигүл Қожасқызы, Мөлдір Тұрымбетова, тәрбие ісінің меңгерушілері Әйгерім Қойгелдиева, Лариса Аймаханова сияқты педагогтер бар. «Алғашында бұл мектеп 640 балаға арнап ашылса, 45 мұғалім мен 700-дей оқушы қабылданыпты. 50 жылда 3000-ға жуық түлек түлеп ұшқан. Бүгінде оқу ордасында 1503 оқушы білім алып жүрсе, оларға 125 мұғалім сабақ береді», дейді Жадыра Қасымханқызы.

Гүлзира НҮКІШЕВА,

ардагер ұстаз

Алматы облысы

 

 

Ақын әлемімен таныстырды

«El Arna» телеарнасы – өзіндік көрермендер аудиториясы қалыптасқан, іргелі шығармашылық ұжым. Осында күнделікті таным көкжиегін кеңейтетін қызықты да әсерлі хабарлар көгілдір экраннан жиі беріліп тұрады. Сондай дүниелерді тамашалайтындардың қатарында бармыз. Кезекті көрсетілімдердің бірі таяуда қазақтың өнерлі ұлдарының бірі, Мәжіліс депутаты, ақын Ринат Зайытовқа арналған екен.

Қазақта «Өткір пышақ қын түбінде жатпайды» деген тәмсіл бар. Ол Ринат секілді азаматтарға қаратып айтылса керек. Бұл жігітті қалың көпшілік негізінен айтыс ақыны ретінде жақсы біледі. Ендігі жерде сайлаушылар сеніміне ие болып, Парламент мінберінен елдік мәселелерді де жиі көтеріп жүргеніне куәміз.

Өнер әлеміне жастай қанат қаққан талапты жас 15 жасында-ақ терме жазған екен. Поэзиялық ән кешінде автор баласына арнап жазған термесін орындап, жұртшылықты ойға батырды. Осы іс-шараға қатысып отырған әкесін ұлықтаумен бірге, анасына деген сағынышын «Мама» атты әнімен жеткізді. Ара-арасында соңғы уақытта қаламынан туған жыр жолдарымен таныстырды. Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі тележүргізуші Мақсат Толықбай әріптесінің кешінде қуанышымен бөлісіп, ән шырқады. Қазақтың осындай бесаспап, талантты жігіттерін көргенде риза болатынымыз бар енді.

Осылайша, бұл күні көрермендер Ринаттың әдемі әлеміне бойлап, бір серпілді.

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

зейнеткер

Түркістан облысы