Қоғам • 19 Қазан, 2024

«Қазақ дастарқаны» – береке мен бірлік бастауы

83 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шымкентте биыл тағы да жылдағы дәстүрмен «Қазақ дастарқаны» фестивалі өтті. Іс-шараны ұйымдастыруға қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этно­мәдени бірлестіктер үлес қосты.

«Қазақ дастарқаны» – береке мен бірлік бастауы

Қалалық ішкі саясат және жастар іс­тері жөніндегі басқар­маның басшысы, ҚХА жа­нын­дағы ақсақалдар, аналар ке­ңесі қоғамдық ұйымдарының жетекшілері мен мүшелері, зиялы қауым өкілдері, этно­мәдени бірлестіктердің төраға­лары мен қоғам белсен­ділері осы фестивальға қонақ ре­тінде шақырылды. Ұйымдастыру­шы­лардың айтуынша, іс-ша­раның негізгі мақсаты – этнос өкілде­рін қоғамдық баста­маларға ұйыс­тырып, сол арқылы оларды мемлекет құраушы қазақ хал­қының маңайына топтастыру, әрі ұл­ты­мыздың қонақжайлылық дәс­түрін дәріптеу.

Өткен жылдары этнос өкіл­дері ет асудан, қазақтың ұлт­тық тағамдарын әзірлеуден, ұлты­мыздың ұмыт бола бастаған та­ғамдарын дайындаудан өзара сайысқа түскен еді. Этномәдени бірлестік мүшелері биыл да сол дәстүрді жалғастырып, кең дас­тарқан жайды, оған қазақтың ұлттық тағамдарын қойды. Кел­ген қонақтар жайнап тұрған сол дастарқанды көріп қызыға тамашалады. Үлкен қазанға ет асылып, үстел басындағы қонақтарға табақ тартылды, түрлі ұлттық тағамдар ұсынылды. Осылайша этнос өкілдері қазақтың қо­нақ күту дәстүрін, ұлттық та­ғам­да­рын әзірлеуді жап-жақсы мең­гергендерін жұртшылыққа көрсетті.

апр

Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі бас­қарманың басшысы Ә.Жұ­мағұлова құттықтау сөз ар­нап, аталған іс-шараның жалпы­ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпақ жадында жаңғыртуға септігі мол әрі этнос өкілдерін бір арнаға ұйыстырып, маңызды құндылықтарды дәріптеген бұл фестивальдың мазмұны терең екенін айтты.

«Өткеніміз бен бүгінімізді салыстырған жанға бүгінгі іс-шараның мәнін ұғыну аса қиын емес. Бәріміздің басымызды қосып отырған – қазақтың берекелі дастарқаны. Кезінде кеңестік өкіметтің солақай саясатының салдарынан қазақ даласына талай ұлт пен ұлыс жер аударылғаны белгілі. Бірақ қазақ халқының пейіліндей кең дастар­қаны бәрін аштықтан аман алып қалды. Сондықтан сыйластық, достық, қонақжайлылық секілді ұғымдар барша азаматтардың дүниетанымы мен өмір салты болуға тиіс. Бұл – біздің баға жет­пес құндылығымыз. Ол барда ор­тақ үйіміз – елімізде бей­бітшілік пен қоғамдық келісім мәңгі жас­ай береді», деді сала жетекшісі.

Дастарқан басында бата берген қалалық ҚХА жанындағы ақ­сақалдар кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев: ««Қазақ дастарқаны» фестивалінің мақ­саты – ас ішіп, аяқ босату емес, ең бастысы – осы елдің әрбір азаматының қарашаңырағы болған елімізде барша халықтың бір-бірімен тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқанын көпке білдіру. Бір қазаннан ас ішіп, бір дас­тарқанда бас қосып, өзара сый­ластықтың, татулықтың туын жықпай келе жатқанымызды дүйім жұртқа көрсету», деді.

Фестиваль барысында қала­лық Салт-дәстүр және әдет-ғұ­рып орталығының мамандары қазақтың салт-дәстүрі мен ұлт­тық тағамдары туралы жан-жақ­ты мағлұмат берді.

Биыл осы іс-шараға алғаш рет қатысқан қалалық «Ассамблея жастары» ұйымының өкілі Нурали Гусейнов «Қазақ дастар­қа­ны» фестивалінен керемет әсер алғанын айтты.

– Үлкен атамыз қазақ хал­қын құрметтеп жүріңдер деп құлағымызға құйып отыратын. Жарықтық, айтқан әрбір әңгі­месінде қазақ даласына қалай күштеп көшірілгенін, жапан түзде қалып қойғанда қазақтардың жатсынбай бауырына жақын тартып, дастарқанындағы нан, құртымен бөліскенін еске түсіріп, көзіне жас алатын. Жейтін тамақ таппай қиналғанда, қазақ ағайын шаңырағына шақырып, дастар­қанын жайып жібе­ретін де, ішінен әрқайсымыз бір-бір құрт, бір үзім наннан алып, жүрек жалғап, басымыз ба­қыт­тан айналатын дейтін. Ра­сында қазақтың дастарқаны – берекенің бастауы ғой шіркін. Себебі қаншама ұлт пен ұлыс осы дастарқанның киесінің арқасында аман қалды. Ал өзі жарымаса да, қолындағы барымен бөлісу кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс екені анық. Бірақ та қазақ халқы нағыз адами қасиеттің үлгісін көрсетті. Даласы қандай кең болса, көңілі де сондай дархан екенін дәлелдеп берді. Сондықтан өз басым қазақ еліне, оның берекелі дастарқаны мен кең пейіліне шексіз ризамын, әрі атам өсиеттегендей, қазақ еліне әрдайым қызмет етіп өтемін», деді «Ассамблея жастары» ұйымының жетекшісі.

Айта кету керек, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақ­тану» жобасының аясында қолға алынған «Қазақ дастарқаны» фес­тивалі алғаш рет 2015 жылы Шым­кентте бастау алған болатын. Жыл сайын қалалық ассамблеяның ұйытқы болуымен түрлі мазмұнда өтетін фестиваль биыл осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр.

 

ШЫМКЕНТ