Аймақтар • 19 Қазан, 2024

Болат құю өндірісін ашу туралы меморандумға қол қойылды

124 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтау қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жобаларындағы бизнеске арналған мүмкіндіктер» тақырыбымен бизнес форум өтті. Форумға еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам отандық тауар өндірушілер, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов қатысты.

Болат құю өндірісін ашу туралы меморандумға қол қойылды

Бизнес форум алаңында отандық өндірушілер өздері шығаратын трансформатор, кабель, химия, мұнай өндіру өнімдерінің түрлерінен көрме ұйымдастырды. ҚМГ еншілес кә­сіпорындарының өкілдері өндірісте пайдаланылатын импорттық жабдықтар мен тауарлардың отандық өніммен толығымен не ішінара ауыстыруға болатын үлгілерін көрсетті.

Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай форумның өңір экономикасына оң әсерін тигізетініне сенім білдіріп, бұл жобалар арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдің әлеуметтік, экономикалық дамуына үлес қосылатынын атап өтті.

– Бұл іс-шара біздің өңірде ерекше ма­ңызға ие. Осындай ауқымды форумды өткізгендеріңізге шынайы алғысымды біл­діремін. Өйткені бұл өңір экономикасының дамуына жаңа серпін беретініне сенімім мол. Ең бастысы, бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, халыққа әлеуметтік, экономикалық тұрғыда пайда әкеледі деп үміттенеміз. Мемлекет басшысы Жолдауында, басқа да алқалы жиындарда өңірлік өнімдерді көбейту мен экономикалық әлеуетті арттыру қажеттігін үнемі атап өтеді. Елімізде өз ісінің шеберлері жеткілікті, олардың арасында әлемнің дамыған елдерінде білім алып келген мамандар да бар. Сондықтан барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өз тарапымыздан бұл бастамаларды қолдап, қажетті көмекті көрсетуге дайынбыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов мұнай-газ саласындағы жергі-лікті өндірістерді ынталандырудың маңызын атап өтті. Айтуынша, «ҚазМұнай­Газдың» ірі жобаларына отандық өндіру­шілердің қа­тысуы ел экономикасының дамуын­да ше­шуші рөл атқарып, жаңа жұмыс орын­дарын ашуға, нарықта отандық өнімнің бәсекеге қабілетті болуын арттыруға ықпал етеді.

Форум барысында «Өзенмұнайгаз» АҚ, Мұнайлы ауданының әкімдігі, «KazPetroDrilling» АҚ арасында Маңғыстау об­лысында болат құю өндірісін ашу туралы меморандумға қол қойылды. Мемо­рандумның мақсаты – жо­баны бірлесіп іске асыру мақсатында қолдау көрсету, жобаны шикізатпен қамтамасыз ету. Форум аясында қол жеткен тағы бір жаңалық – «ҚазМұнайГаздың» еншілес кәсіпорындары отандық өндірушілермен офтейк-ке­лісім­шарттар жасасты. Қол қойып, қол алыс­­қан ме­морандумдардың жүзеге асып, ел игілігіне жарауы – маңызды қажеттілік.

 

Маңғыстау облысы