Өңірлік коммуникация қызметі орталығында өткен баспасөз жиынында бағдарламаның биылғы шарты, талабы, мақсаты жөнінде айтылды.
«Аталған бағдарлама өңірдің барлық қалалары мен аудандарында түрлі салада еңбек етіп жүрген 34 жасқа дейінгі жас мамандарға арналған. Өтінімдер 21 қазаннан бастап 1 қарашаға дейін қабылданады. Үміткердің кем дегенде бір жерде алты айлық жұмыс өтілі және облыс аумағында тіркелген тұрақты мекенжайы болуы керек. Бағдарламаға отбасы мүшелерінің біреуі ғана қатыса алады. Қатысып жатқан үміткерлерді арнайы комиссия анықтайды. Қатысушыларды іріктеу ашық түрде өтеді, ол конкурстық комиссия отырысында балдық жүй бойынша жүргізіледі. Үміткерлер бірдей ұпай жинаған жағдайда, жасы үлкен қатысушыға артықшылық беріледі», дейді облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Әсел Құлмағамбет.
«Отбасы банк» АҚ Қостанай филиалының директоры Әсел Асқарованың айтуынша, аталған бағдарлама аясында жас кәсіпкерлерге де қолжетімді баспана алу мүмкіндігі беріліп отыр.
«Бағдарламаға қатысушылардың айлық табысы да ескеріледі. Мысалы, ерлі-зайыптылардың, олармен бірге тұратын ата-анасының соңғы жарты жылдық табысын алты айға шаққанда ай сайын 150 АЕК-тен, яғни 553 мың 800 теңгеден аспауға тиіс. Сонымен қатар өтінім берушінің басында соңғы бес жыл ішінде тіркелген баспанасы болмауы керек», дейді филиал басшысы.
Жалпы, «Қостанай жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы аясында әр салада қарапайым еңбек етіп жүрген көптеген жас отбасының жайлы баспанаға қол жеткізіп жатқаны қуантады. Айлығы асып-тасып бара жатпаса да, облыс әкімдігі мен «Отбасы банктің» ұтымды шешімінің нәтижесінде қысқа мерзім ішінде «өз үйі – өлең төсегіне» қол жеткізіп, баспана қуанышына кенеліп жатқан қарапайым еңбек жастары көп. Соның бірі – облыстық жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Бақытбек Досмағұлов.
«Біраз жыл пәтер жалдап келдік. «Қостанай жастары» бағдарламасы шықты дегенді естіп, құжаттарымды жинап, қалалық әкімдіктің жанына жұмыс істейтін «Ikomek» орталығына барып кезекке тұрдым. Жарты ай өтпей, «Сіз аталған бағдарлама бойынша конкурстан өттіңіз» деген хабар алдық. Осылайша, 7 жылға 5 пайыздық жылдық сыйақымен (ЖТСМ 5,2% бастап 5,5% дейін) несие алып, үш бөлмелі пәтер алдық. «Отбасы банкінде» 1 млн 500 мың теңге депозитіміз бар еді, оны бастапқы жарна ретінде кәдеге жараттық. Несие шарты басқа бағдарламаларға қарағанда көп жеңіл. Үш баламыз бар. Үшеуі де үйдің жанындағы мектепке барып жүр. Ең бастысы, бұрын өзіміз жалдап тұрып жатқан пәтердің ақысына кететін қаржыны, өз меншігіміздегі үйдің қарызын жабуға жұмсап жатырмыз», дейді Бақытбек.
Аталған бағдарламаның шарапатын қала жастарымен қатар, ауылда тұрып жатқан жас отбасылар да көріп отырғанын айтпай кетуге болмас. Мысалы, Қостанай ауданындағы Озерный ауылының учаскелік медбикесі Любовь Бутенко осы «Қостанай жастары» бағдарламасы арқылы аудан орталығынан үш бөлмелі пәтер сатып алып отыр.
«Басқа ипотекалық бағдарламаларға қатысу үшін пәтер құнының 50 пайызын жинау керек. Ал біз 10-ақ пайыз бастапқы жарна жинадық. Несие пайызы көп емес, 5-ақ пайыз болады (ЖТСМ 5,2% бастап 5,5% дейін). Бір-екі жылдан кейін 2 пайызға түседі. Бұл – біз сияқты қарапайым отбасылар үшін өте қолайлы бағдарлама», дейді Л.Бутенко.
«Қостанай жастары» бағдарламасы аясында өңірде 2022 жылы – 49 отбасы, 2023 жылы 159 отбасы баспаналы болған. Биыл тағы 127 жас отбасы қоныс тойын атап өтеді.
«Біз квота бөлгенде, қалалар мен ауылда тұрып жатқан жастардың саны жөніндегі статистикалық мәліметке сүйенеміз. Былтыр 140 адамға квота бөлгенбіз, бірақ 159 адам баспаналы болды. Биыл 127 адам деп есептеп отырмыз. Бірақ жаңа баспанаға қол жеткізген жас отбасылардың саны одан да көп болуы мүмкін», дейді облыстық Қоғамдық даму басқармасының орынбасары Әсел Құлмағамбет.
Қостанай облысы