Құтқарушы • 19 Қазан, 2024

Жанашырлық пен жанкештілік

232 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әлемдік даналықта бір адамның өмірін құтқару бүкіл адамзаттың өмірін құтқарумен тең екені айтылады. Біреуді қауіп-қатерден аман алып қалу барысында құтқарушы өз өмірін тәуекелге тігеді. Сондықтан мұндай қауіпті мамандық таңдайтындар жасынан бойына жанашырлық пен жанкештілік қасиет жинайды.

Жанашырлық пен жанкештілік

Мамандыққа адалдықтың үлгісі

Адам өмірін құтқарудың негізі бағыттары қар көшкіні, су тасқыны, орман өрті, жанартаудың қайнауы, жер сілкінісі, найзағай түсу, қатты дауыл соғу секілді табиғи, техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар аясында тоғысады. Басқасын айтпағанда, бұл ретте биыл көктемде елімізде болған алапат су тасқыны кезінде құтқарушы мамандар қаншама адамның өмірін аман сақтап қалғанын айрықша атап өтуге тұрарлық.

Сондай ержүрек құтқарушының бірі – Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазавиақұтқару» АҚ-ның құтқарушы-ұшқышы, әуе кемесінің командирі Асхат Әбдікәрімов. Маман қызмет бабында кәсіпқойлық пен батылдықтың ерен үлгісін көрсетіп келеді. Ол 4 мың метр биіктікте, яғни тау­лы жерлерде қиындықты еркін еңсеріп, өзіне жүктелген ең күрделі міндеттерді мүлтіксіз атқарып шықты.

пр

А.Әбдікәрімов қызметін 2008 жылы екінші дәрежелі ұшқыш болып бастап, жеті түрлі әуе кемесін игерді. Жалпы ұшу уақыты 3 900 сағатты құрайды. Азаматтық авиация саласында жұмыс істеген жылдары жоғары білікті маман болып қана қоймай, тәжірибелі тәлімгер көптеген әуе кемелерінің командирлерін даярлады. Биылғы Қостанай облысында болған су тасқыны кезінде қауіпті аймақта қалған жүкті аналарды құтқарды. Жақында Қарағанды, Павлодар өңірінде тұтанған өртті сөндіруге де қатысып, елді мекендерді өрттен қорғауға көмектесті. «Еврокоптер» әуе кемесіндегі авиатор құтқару операцияларында өртті сөн­діруге арнайы «Bambi Bucket» су тө­гетін құрылғыны белсенді пайдаланады. Бұл әсіресе қолжетімді емес жерлер­дегі өртті тиімді түрде басуға мүмкіндік береді.

«Әрбір миссия – тек жұмыс емес, адам­дардың өміріне жауап беру», дейді А.Әбдікәрімов. Оның мамандыққа адал­дығы мен кәсіптік шеберлігі авиа­ция мен құтқару мансабын армандайтын кейінгі буын өкілдеріне үлгі.

 

Аквалангші мен альпинист

Қауіп-қатер локация таңдамайды. Аспанда да, жерде де жүз пайыз қауіп­сіз еш­теңе жоқ, жазатайым оқиға жар астын­да. Соның бірі – су. Әсіресе жазғы шо­мылу кезінде оқыс оқиғалар көп тір­ке­леді. Ондайда ең алдымен, судағы құт­қару­­шыларға жүгінеміз. Тіпті жазым бол­ған адам­ның мәйітін табу да оңай шаруа емес. Осы ретте су астындағы жұмыстың сырын Шығыс Қазақстан облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының 1-санатты құтқарушысы Андрей Веберден сұрап білдік. Төтенше жағдай қызметінде 14 жыл жұмыс істейтін Андрей жүзден астам апаттық-құтқару жұмысына қаты­сып, 20-ға жуық азаматтың өмірін сақтап қа­лып­ты.

н

«Жұмыс оңай емес, бірақ қызықты. Біздің мамандар арнайы іріктеуден өтеді. Қауіпсіздік мақсатында әрқашан командамен жұмыс істейміз, құрамда ең кемінде үш адам болуы керек – біреуі құрлықта, екеуі су астында. Құрлықтағы адам су астындағы құтқарушыға отте­гінің берілуін көрсететін манометрді, судың тереңдігін бақылайды. Олар бір-бірімен ым арқылы, үнемі байланыста болады. Мысалы, жоғары көте­ріл­ген саусақ «көтері­леміз» дегенді, ал жұдырық қауіпті біл­діреді. Кейде кабель қолданылады: егер сүңгуірдің кабелі құрлықта үш рет тартылса, онда оның су бетіне шығатын уақыты келді деген сөз», дейді А.Вебер.

Су астында қауіпсіз жұмыс істеу мақ­сатында сүңгуірлер арнайы құрал-жаб­дықпен қамты­лады. Олардың арнайы киім үлгілері бар. Сүңгу алдында барлық жабдық жіті тексеруден өткізіледі. Бұл істі әдетте ешкімге сеніп тапсырмайды, өздері атқарады.

«Құтқарушылардың киімдері әртүрлі болады. Біз құрғақ, сондай-ақ дымқыл киімдермен жұмыс істейміз. Дымқыл киім жылуды жақсы сақтайды. Ол неғұрлым қалың болса, соғұрлым жылы. Ал су өткізбейтін киім қолайсыздау. Суық суда қатып қалмас үшін ішінен суық өткізбейтін киім киіледі. Сүңгуір құтқарушылардың дене күші ғана емес, рухы да мықты болуы керек», дейді ол.

ег

Жанат Камерденов – өз өмірін ең қиын жағдайда қалған адамдарды құт­қару­ға арнаған астаналық альпинист-құтқарушы. Жедел-құтқару жасағында жұмыс істейтін Жанат апатты жағдайлар барысында қауіп-қатермен қатар, психо­логиялық тұрақтылықты қажет ететін қиындыққа бетпе-бет келеді. Ол әсіресе, таулы жерлердегі туристерді құтқаруда, қаладағы биік ғимараттарда болатын оқыс оқиғаларда әрқашан алдың­ғы шепте жүреді.

«Жанаттың кәсіби шеберлігі мен жанкештілігі көптеген құтқару операциясында сыннан өткен. Күнделікті өмірде ол өзінің бай тәжірибесін басқаларға да үйретіп, құтқарушылардың жаңа буы­нын тәрбиелеуге үлес қосып жүр», дейді Астана қаласы ТЖД-де бірге істейтін әріптестері.

 

«Төртаяқты құтқарушы»

Адам өмірін құтқаруда технология мен мамандармен қатар иісшіл иттердің де орны ерекше. Жеті қазынаның бірі саналатын ит – адамның серігі ғана емес, қызмет бабындағы көмекшісі. Иттің иіс сезу, есту қабілеті адамға қарағанда он мың есе жоғары екен. Бүгінде Астана қаласы полиция департаментінің Кинологиялық орталығында ондай қабілеті жоғары, құтқару жұмысына пайдалы 50-ден астам қызметтік ит бар. Кинология – ит өсіру туралы ғылым. Қазақы түсінікпен айтқанда, итбегі деуге де болады.

нро

«Кинология – полицияның ең қы­зықты қызмет­терінің бірі. Көлік поли­ция­сының кинологтері өздерінің төртаяқты серіктерімен күнделікті еліміздің әуе, теміржол көлігінің маңызды страте­гия­лық жолдарында қоғам­дық қауіп­сіздікті қор­ғау іс-қимы­лына қаты­сады. Сондай-ақ төтенше жағдай болған кездерде иісшіл иттер­дің құтқару жұмысында да көмегі зор», дейді кинолог мамандар.

Кинологиялық орталығы бастығының орынбасары, полиция майоры Рауан Дәулетовтің айтуынша, орталықтағы иттер із кесу, есірткі, жарылғыш заттар, қаруды іздеу бағытында көмек көрсетеді.

«Жедел құтқару жасақтарының құтқарушы иттері іздестіру аймағына барғанда нақты мақсатын білуге тиіс. Зардап шеккен адамды тапқанда, кинологке үру арқылы белгі береді. Көп жағдайда зардап шегушінің ізін таба алмаған кезде есту қабілетін іске қосады. Ондай сәттерде құтқарушы иттердің көмегі ауадай қажет», дейді ТЖД Жедел-құтқару жасағы кинология тобының бас құтқарушы-кинологі Қанат Тұрғанбай.

Қанат жоғары білімді заңгер. Семей қаласындағы 5511 әскери бөлімде жүріп, кино­логияға машық­тан­ған. 16 жылдық тәжірибесі бар кәсіби маман голден-ретривер, неміс овчаркасы, белгиялық овчарка тұқымдас 4 итті апаттық-құтқару ісіне дайындаған. «Құтқарушы иттер тек сөйлей алмайтыны болмаса, барлығын да ұғады. Біз оларды еркелетіп «төртаяқты періштелер» дейміз», дейді кинолог маман.

 

Құрметке лайық қызмет

Қоғам қауіпсіздігін көзінің қара­шығындай қорғайтын құтқару қыз­меті сан салалы. Еліміздегі тағы бір беделді құтқару бөлімі – Кәсіби әскери­лендірілген апаттық-құтқару қызмет­те­рінің рес­пуб­ликалық орталық штабы. Атап өтерлігі, бұл штабтың тарихы 1932 жылдан басталады, ол – елі­міз­дің алғашқы әскерилендірілген апаттық-құт­қару қызметтерінің құқықтық мирас­қоры.

«Штабтың негізгі бағыты – өндіріс­тік нысан­дардағы қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету. Яғни қызмет тау-кен құт­қару, атқыламаға қарсы, газдан құт­қаруға қатысты профилактикалық жұ­мыс­тарға, сондай-ақ өртті сөндіруге, ал­ғаш­қы медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Штабта қазір 3 800-ден астам жоғары білікті маман, 11 филиал жұмыс істейді. Кәсіпорын теңгерімінде 650 бірлік мамандандырылған апаттық-құтқару көлігі, 7 мың бірлік қажетті құрал-жабдық бар. Тек 1991 жылдан бастап 400-ге жуық апаттық-құтқару жұмысына қатысып, 432 адам құтқарылды, апат орнынан көшірілгендер саны – 1 702 адам», дейді штаб қызметкері.

Қорыта айтқанда, адам өмірі басты құндылық десек, оны қорғауға қызмет ететін құтқарушылардың еңбегі қандай құрметке де лайық. Күнделікті қызмет барысында бастарын тәуекелге тігіп, апатты жағдайға жол бермеу жолында жан алысып, жан берісетін құтқарушылар – бейбіт күннің батырлары. Ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, үндемей жүріп-ақ үлкен істер тындыратын мамандардың қажырлы еңбегін, қапысыз қызметін дәріптеп, жан-жақты насихаттай берген жөн.