Парламент • 19 Қазан, 2024

«Таза Қазақстан»: Сенаторлар экологиялық акцияға қатысты

34 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаттары мен аппарат қызметкерлері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілікке қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Таза Қазақстан»: Сенаторлар экологиялық акцияға қатысты

фото Сенаттың баспасөз қызметі

Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған акция аясында сенаторлар Тұран даңғылы, Дінмұхамед Қонаев, Қабанбай батыр және Достық көшелерінің арасында орналасқан саябақта көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Игілікті іске депутаттар мен Палата Аппаратының қызметкерлерінен бөлек, Сенат жанындағы сарапшылар клубының мүшелері және елорданың тазалығын көздейтін бастамаларға үнемі өз үлестерін қосып жүрген Талдау мектебінің түлектері де атсалысты. Іс-шараға барлығы 100-ге жуық адам қатысып, олар алма ағашының және мойыл, ырғай сияқты бұта жемістерінің 200 көшетін отырғызды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміз бойынша өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы барша қазақстандықты ортақ іске жұмылдырып отыр. Бұл бір реттік іс-шара емес. Мұндай бастама – елімізде экомәдениетті қалыптастыруға және жаңа қоғамдық этика мен патриотизмді нығайтуға тың серпін беретін жүйелі жұмыс. Осындай нақты істер қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауды әр адам үшін күнделікті нормаға айналдыруға жол ашады», деді сенбілікке қатысқан азаматтармен тілдескен Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Палата Спикері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында қоршаған ортаға ұқыппен қарауды одан әрі дамытудың маңызды екеніне баса мән бергенін айтты. Сондықтан қазіргі таңда табиғатты аялау және экологиялық жауапкершілік қағидаттары күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.