Экономика • 21 Қазан, 2024

Биыл жарты тоннаға жуық алтын сатылған

115 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2024 жылдың III тоқсанында екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 475,5 келі 13 940 алтын құйма сатылды, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл жарты тоннаға жуық алтын сатылған

Фото: Ашық дереккөз

Еске сала кетейік, халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын  Ұлттық банк 2017 жылы іске қосқан еді. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 7,4 тонна 199 235 алтын құйма сатылған.

«Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі 24% – 48 629 дана. Одан кейін 100 грамдық алтын құйма – 47 227 дана (24%), 5 грамдық құйма – 44 127 дана (22%), 20 грамдық құйма – 31 612 дана (16%), және 50 граммдық құйма – 27 640 дана (14%)», деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

2024 жылғы III тоқсанда алтын құймалардың ең көп бөлігі Алматыда (8 101 дана, 58%), Шымкентте (1 279 дана, 9%) және Астанада (1 243 дана, 9%) сатылған.

Ұлттық банк алтын құймалардың сенімді инвестиция құралы бола алатынын еске салдын. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.Бағдарлама жүзеге асқалы екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген пунктер жалпы салмағы 1,1 тонна 41 058 алтын құйманы кері сатып алған. Бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 21%-ы.

«Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және бедерлі жиегі бар) және механикалық зақымданудан қорғайтын арнайы қорапқа салынып шығады. Сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз», делінген хабарламада.