Басылым • 22 Қазан, 2024

Алтай би

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық кітапханада филология ғылымдарының докторы, профессор, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры Дүкен Мәсімханұлының «Алтай би» (тарихи дастан) атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Алтай би

Би, шешен, Жетісуды жоңғар­лар­дан азат етуге атсалысқан қа­зақ тарихындағы көрнекті тұлға­лардың бірі Алтай Най­ман­бай­ұлын дәріптеуге арналған іс-шара­ға отандық ғалымдар, тарихшы­лар, әдебиеттанушылар мен ба­тыр­дың ұрпақ­тары қатысты.

Жиынды Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Қошан Мұстафа тізгіндеді. Алқалы жиында Қазақ аграрлық зерттеу университетінің  профессоры Дәмір Әлімқұлов Алтай би туралы тың деректер келтірді.

«Алтай бидің ерлігін, болмысын, қаһармандық жолын, ұла­­ғатты сөздерін ойдағыдай жет­­кізген автор Дүкен Мәсімха­нұ­лына алғысымыз шексіз. Ол Алтай биді қайта тірілт­ті. Тарихи дастан жазу екінің бірі­нің қолынан келмейді», деді фи­ло­логия ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Серік Негимов.

Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Байынқол Қалиұлы дас­танның әр бөлімінің ерекше­лігіне тоқтал­ды. «Автор «Алғашқы жорық» деп атаған бірінші тарауында Алтай би – атамыздың ерлігін, батырлығын сипаттаған. «Тура биде туған жоқ» деген келесі тарау­да билігі туралы сөз етеді. Үшін­ші тарауды «Тұңғыш төрелік» деп атап, бабамыздың алғаш жасаған төрелігі туралы айтса, төртінші тарауда даналығы жырланады. Міне, осылайша, Алтай бидің басындағы бірнеше ерекшелігін қозғаған. Жырда ертедегі қисса­лар­дың дәстүрін сақтаған», деді Б.Қалиұлы.

Алтай би – Жетісу өлкесін Жоң­ғар шапқыншылығынан қорғау­­да батырлығымен әрі әділдігі­мен есі­мі елге танымал болған би. Абы­лайдың ақ туының астына бірігіп, елін жоңғар шапқыншылығы­нан азат етуге тікелей араласқан тұлға. Бұл туралы Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ жанындағы Қа­зір­гі заманғы қытайды зерттеу ор­та­лығының директоры, тарих ғылым­дарының докторы, профес­сор Нәбижан Мұхаметханұлы айтты. ҰҒА академигі, Әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті Қазақ­стан тарихы ка­федрасының мең­герушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев «Алтай би» дастанындағы көркемдік шындықты тілге тиек етсе, Ш.Уәли­­ханов атындағы тарих және этнология институтының бас ди­­р­екторы, ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Ермұханұлы «Қа­зақтың билер соты және оның «Алтай би» дастанындағы көрі­нісі» тақырыбында баяндама жасап, дас­тан туралы ойын ортаға салды.

 

Алматы облысы