Жастар • 22 Қазан, 2024

Пікірсайыс үздіктері анықталды

83 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Республика күніне орай «Жастар рухы» жастар қанаты пікірталас турнирін ұйымдастырды. «Amanat» партиясының «Amanat cup» XХIІ пікірсайысына еліміздің әр өңірінен 120 жас қатысты. Олар әлеуметтік-саяси, экономика, экология, цифрлық әлеует сынды тақырыптарды қаузап, өзара бақ сынады.

Пікірсайыс үздіктері анықталды

Сурет: azattyq-ruhy.kz

Турнир Қызылорда қаласында үш негізгі ойын форматында өтті. Қатысушылар 3 млн теңге көле­міндегі жалпы жүлде мен кубокке таласты.

Турнирдің қорытынды ойындарына Мəжіліс депутаттары Самат Нұртаза, Болат Керімбек, Максим Рожин, журналист, «Уəде» тележобасының авторы Ерболат Мұхамеджан, Қызылорда облысы əкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, «Amanat» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, «Жастар рухы» төрағасы Ақерке Искандерова, сондай-ақ жергілікті мəслихат депутаттары мен қоғам белсенділері қатысты.

– Турнир үшінші жыл қатарынан Жастар қанаты­ның серіктесі Ислам ынтымақтастығы ұйымы Жас­тар форумының Еуразиялық өңірлік орталығы­ның қолдауымен өтіп жатыр. Биыл пікірсайыс ұлттық мерекеміз Республика күні қарсаңын­да ұйымдастырылды. Ойында талқыға салынатын қарарлар да қоғамдағы өткір мәселелерге байланысты таңдалды. Партия мен Жастар қанатының алаңында ойы ұшқыр, сөзге шешен жастарды жинап, маңызды мәселелерді көтеру, шешу жолдарын табу дәстүрге айналғанына бірнеше жыл болды. Осы екі күн бойы қазақ, орыс фракциялары зияткерліктерін шыңдады, – деді А.Искандерова.

Екі күнге жалғасқан ойын нəтижесінде қазақ лигасында «Amanat cup» кубогін иеленген Алматы қаласының «Ақеспе» фракциясы (Мұхаммедәлі Әлімбаев, Темірлан Есенов) – 600 мың теңге, 2-орын алған Алматы қаласы мен Ақтөбе облысынан құралған «Қорқыт ата» фракциясы (Нұрхан Жәкен, Нұркен Жәкен) – 400 мың теңге, ал 3-орындағы Алматы облысынан «Райым» фракциясы (Құбыла Бейсенәлі, Ботагөз Жақсылық) 200 мың теңгені қанжығасына байлады.

Орыс лигасында дәл осындай жүлделі кубокті Павлодар облысының «Қосжар» фракциясы (Бекхан Жақсылык, Ақылжан Итегулов), 2-орынды астаналық «Құмбазар» (Мұхитжан Ролан, Бердалы Құнанбай), ал 3-орынды Қызылорда облысының «Амангелді» фракциясы (Айзере Бекжан, Ердаулет Төлебай) иеленді.

Қорытынды сында төрешілік еткен Ерболат Мұхамеджанның айтуынша, зияткер, сөзге шешен жастардың пікірін ашық білдіруіне мүмкіндік беру керек.

– Ерекшелігі сол, дода жыл сайын еліміздің әр өңірінде өтеді. Бұл әр аймақта пікірсайыстың дамуына серпін береді. Осындай турнир көп болып, одан әрі ілгерілетуге атсалысу қажет. Болашақ мықты саясаткерлерді, кадрларды қалыптастыруда пікірсайыстың маңызы зор. Сондықтан тек «Amanat» партиясы ғана емес, басқа да партиялар күш жұмыл­дырып, ықпал етуі керек, – деді ол.

Сондай-ақ Жастар қанаты əзірлеген «Үздік спикер» аталымына Темірлан Есенов пен Жақсылык Бекхан, ал «Үздік төреші» атағына Архат Сарсенбаев пен Айжан Орынбасар лайық деп танылды.

– Пікірсайыс өте тартысты өтті. Осыған дейін өзге өңірлерде өткен турнирлерге қатыстым, биыл, міне, кубокті иелену бұйырды. Жоғары ұйымдас­тырушылық деңгей мен әділ төрешілік үшін «Жастар рухы» және Ұлттық пікірсайыс федерация­сына алғысымды білдіремін. Шын мықтылар сөз таластырған қызықты турнирге куә болдық. Сөзге шешен, тәуелсіз пікірі қалыптасқан жастар қатары көбейе берсін, – деді Т.Есенов.