Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған акция аясында сенаторлар Тұран даңғылы, Дінмұхамед Қонаев, Қабанбай батыр және Достық көшелерінің арасында орналасқан саябақта көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Игілікті іске депутаттар мен палата аппаратының қызметкерлеріне қоса, Сенат жанындағы сарапшылар клубының мүшелері, елорданың тазалығын көздейтін бастамаларға үнемі өз үлесін қосып жүрген Талдау мектебінің түлектері де атсалысты. Іс-шараға барлығы 100-ге жуық адам қатысып, олар алма ағашының және мойыл, ырғай сияқты бұта жемістерінің 200 көшетін екті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміз бойынша өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы барша азаматты ортақ іске жұмылдырып отыр. Бұл – бірреттік іс-шара емес. Мұндай бастама – елімізде экомәдениетті қалыптастыруға және жаңа қоғамдық этика мен патриотизмді нығайтуға тың серпін беретін жүйелі жұмыс. Осындай нақты істер қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауды әр адам үшін күнделікті нормаға айналдыруға жол ашады», деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ палата спикері Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында қоршаған ортаға ұқыппен қарауды одан әрі дамытудың маңызды екеніне баса мән бергенін айтты. Сондықтан қазіргі таңда табиғатты аялау және экологиялық жауапкершілік қағидаттары күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.