Қоғам • 22 Қазан, 2024

14,4 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

126 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл 14 391 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алған. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 142,7 мың этникалық қазақ оралған, деп хабарлайды Egemen.kz.

14,4 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Фото: gov.kz

Еңбек жыне халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан Қазақстанға қандастардың 45,8%-ы Қытайдан, 39% – Өзбекстаннан, 5,9%  – Моңғолиядан, 5,2% – Түрікменстаннан, 2,9% – Ресейден және 1,2% басқа елдерден келген.

2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,6%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,1%-ды және зейнеткерлер 9,3%-ды құраған. Ал еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,9%-ы жоғары білімді, 24,4%-ы орта кәсіби білімді, 54,4%-ы жалпы орта білімді, және 3,3%-ында білімі жоқ.

«Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 3 033 адамды құрайды. 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 477 қандас қоныс аударды», делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады: бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.

Сонымен қатар жыл басынан бері 2140 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілген. Атап айтқанда, 575 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған.