АҚТАУ. 16 маусым. Ақтауда Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясы ұйымы басқармасының отырысы өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Отырысқа Ақтау қаласының әкімі Е.Жаңбыршин, Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының тұрғын үй саясаты және ТКШ комитеті төрағасының орынбасары П.Качкаев, Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясы вице-президентінің міндетін атқарушысы, ұйымның бас директоры В.Селиванов, ұйымға мүше қалалардың басшылары, Қазақстан мен Ресей мемлекеттік билік органдарының, БҰҰ-ХАБИТАТ халықаралық ұйымының, ТМД атқарушы комитетінің, қоғамдық ұйымдардың, бизнес және ғылым қауымдастығының өкілдері қатысты.
Ассамблея басқармасының кеңейтілген отырысында Ақтау қаласының әкімі Еділ Терекбайұлы ұйымның кезекті 23-сессиясын және оның аясында құрылыс пен ТКШ салаларында жаңа технологияларды қолдану бағытында өзара тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік беретін халықаралық конференцияның Ақтауда өткізілуіне сенім артып, қолдау көрсеткені үшін ұйым мүшелеріне алғысын білдірді.
«Біз, қала тұрғындары, осындай беделді халықаралық ұйымның маңызды шараларының бірі Ақтауда өтіп жатқанына мақтанамыз. Бұл форумға ассамблеяның мүше-қалалары ғана емес, Ақтаудың шетелдік бауырлас қалалары мен Қазақстанның қалалары, басқа да қаланың абаттандырылуы мен коммуналдық шаруашылығы қызметінің жақсаруына мүдделі сала өкілдері, шетелдік және отандық компаниялар, ғалымдар қатысатын болады. Мұндай халықаралық дәрежедегі шаралар қалалар мен аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін талқылау үшін өте ыңғайлы диалог алаңын қалыптастырады. Қалалар арасындағы байланыстарды нығайту мен дамытуда Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясы сияқты үкіметтік емес ұйымдар үлкен рөл атқарады. Ассамблея баршамызға қалалардың үздік тәжірибелерін өзара алмасуға және іске асыруға зор мүмкіндік береді, – деді ол.
Отырыста В.Селивановтың Ассамблея басқармасының 2014-2015 жылдардағы жұмыс қорытындысы мен ұйым қызметінің басымдылықтары туралы баяндамасы және қаржылық жағдайы жөнінде ақпарат тыңдалды. Сондай-ақ, ұйымдастыру мәселелері де назарға алынды.
Гүлайым Шынтемірқызы.
Дерек, сурет: egemen.kz.