Қазақстан мен Марокко Корольдігі арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 26 мамырда орнаған еді. Ал Қазақстан елшілігі 2020 жылы ашылды.
Қазақ музыкасының үздік үлгілерінен тұратын концерт бағдарламасы Марокко жұртшылығын еліміздің ежелгі тарихымен де, оның заманауи мәдениетімен де таныстыруға арналған.
«Жошы» этно-фольклорлық ансамблі қазақ халқының өткені мен Ұлы даланың ежелгі рухын бейнелейтін «Алаш ұраны», «Рухты ел», «Жолбарыстың жортуы» атты авторлық аспаптық шығармаларын көпшілік назарына ұсынды.
Ал «Alem» заманауи хореография балеті бірегей халық биін көрсетті. Қазақтың дәстүрлі әнін филармонияның дарынды орындаушылары Жақсыкелді Маясаров, Рахат Бегасылов, Зинат Қасымова, Мәдениет саласының үздігі Данияр Мұқан орындады.
Академиялық ән бөлімінің орындаушылары Алтынбек Арыстанбек пен Фируза Рахметова Мәдениет саласының үздігі Роза Шотқалиеваның сүйемелдеуімен халық әндерінен классикалық арияларға дейінгі кең репертуарды, мінсіз дауыс пен шеберлікті көрсетті. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова марокколық көрерменді дауыс диапазонымен және жанға жақын дала балладаларымен таңғалдырды.
Халықаралық байқаулардың лауреаты, скрипкашы Майя Медетбек Ванесса Мэйдің «Arabian girl» шығармасын орындап, араб мәдениетіне құрмет көрсетті. Музыкалық кештің толқынды сәті – Әкімхан Мәженов пен Рабаттың Үлкен оркестрінің марокколық «Mahla ifrane» халық әнін орындауы болды.
Кеш соңында Айгүл Қосанованың, «Alem» заманауи хореография балеті мен Рабаттың Үлкен оркестрінің өнерін үйлестірген Қ.Сарин мен Х.Ризабектің «Бақытты мекен» әні орындалды.
Қазақстан мен Марокко Корольдігін жақындастыратын ортақ тұстар көп – ғажайып ландшафтар, ата-бабалардың көшпелі өмір салты, діні, экономикалық байланыстары және екіжақты байланысты дамытуға деген зор ұмтылыс. Елордалық өнерпаздар көрсеткен мәдениет мерекесі осы бір абыройлы мақсатқа үлес қосқаны анық. Екі құрлық, екі ежелгі өркениет арасындағы мәдени көпір алдағы уақытта жалғаса беретіні сөзсіз.