Жәдігер • 23 Қазан, 2024

Жылқы тісті ер

170 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Суреттегі «Жылқы тісті ер», сөз жоқ көш­пелілер мұрасы екені анық. Ердің өлшеміне назар аударсақ, жалпы ұзындығы – 48 см, ені – 33 см. Бұл жәдігерлік талай ғасырдың куәгері екені байқалады.

Жылқы тісті ер

Құрылым-сипаты хақында айтар болсақ: алдыңғы қасы биік, артқы қасы отыруға ыңғайлы жатаған. Қазақша айтқанда, орнықты ер. Мұндай ер алыс сапарға немесе жорыққа шыққанда адамды шаршатпайды. Яғни адамның арқасы құрысып, белі талмайды.

Ал қос қапталының орналасуы мен алшақтығы жылқының арқасына керемет үйлесетіндей қалыпқа тән. Ердің жалпы сипаты қазақтың ойшыл ақыны Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы айтқандай:

«Атқа тыныш, адамға және жайлы,

Алды-арты бірдей сұлу көзге ыңғайлы,

Оғаш, ағат, оқыра, сызаты жоқ,

Ер қайда сыр сымбаты түгел сайлы».

Ердің басты ерекшелігі – жылқының азу тісін ағашқа шекіте сіңіріп, көмкере жасағаны. Жылқы тістерін араның ұясы сияқты бір-біріне қиюластырып, өте шебер орнатқан жалғыз жәдігер әзірге. Мына тістердің жылқы түлігінікі екендігі арнайы лабораторияда химиялық тәсіл арқылы анықталыпты.

Жұмысты орындаған шебер әуелі жылқы тісінің мөрі өшпеген бөлігін жұқалап 1-1,5 мм қалыңдықта кертіп алып, оны алты бұрышты пішінге келтіргені анық білінеді. Одан кейін ердің алдыңғы қасын толық, алдыңғы қапталдың ашық тұсы мен артқы қапталдың қанжығалық бөлігін шеберлікпен қаптап шыққан.

Осыған қарап-ақ орта ғасырда көшпелілердің қолөнері қаншалықты дамығанын аңғаруға болады. Өйткені жаратылыста ең қатты зат тіс. Соның ішінде жылқының тісі. Оны аса шеберлікпен жұқалап тілу үшін қазіргі заманның түсінігімен айтқанда, лазерлік қуатқа ие аспап қажет.

Мұндай іске кез келген жылқы тісі жарай бермесі хақ. Мына тістер физикалық тұрғыдан толық жетілген жылқының тісі екені көрініп тұр. Жылқыға жақын жүретін адамдар жақсы біледі. Құлыннан бастап тоғыз жасқа толғанға дейін жылқының астыңғы тісінде мөр тұрады. Ал үстіңгі тістің мөрі 13 жасқа дейін кетпейді. Мөрі кеткен тіс сарықайрақтанады. Яғни тістің мөрі кетіп, жалаңаштанады. Осы жалаңаш жоғалған соң тісте қараөзек пайда болады. Қараөзекте мөр бедер болмайды. Демек, ерді көмкерген тістердің айқын мөріне қарап – бұл тістер 9-13 жас аралығындағы еркек жылқының тісі деген пайым жасап отырмыз.

Сондай-ақ, ердің алтын-күміс оюмен әшекейленген алдыңғы қасы көз таратады.

«Ер-тұрман ат әбзелін күмістеп ем,

Күрделі іс, көп-ақ мұнда жұмыс деген,

Қапталған жамбы күміс жалт-жұлт етіп,

Япырай дегізгендей кім істеген», деп атақты ерші, шіліңгір ұста Дәркембай Шоқпаров айтқандай, бұлай алтын және күмісті қатар қолданып, бір-біріне қиыстыра өрнектеп, жиек салу тек қана керемет шебердің қолынан келетін іс.

Бұл жәдігер қазір Ұланбатыр қаласындағы Шыңғыс хан музейінің төрінде тұр. Оған дейін құнды мұра Еуропаны айналып Америкаға барған. Сол жерде антиквариат дүкен ұстайтын жеке саудагердің қолында тұрған. Оны АҚШ-та тірлік жасап жүрген моңғол жігіттері көріп, сатып алады да, 2020 жылы музейге әкеліп тапсырыпты. Сөйтіп, әлемді шарлап иесін таппай жүрген жәдігер моңғолдың меншігі болып шыға келді.