АҚТӨБЕ. 16 маусым. Ақтөбеде шығыстың қос шынарының бірі, қан майданда ерлермен бірге ерліктің асқан үлгісін көрсеткен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 90 жылдық мерейтойына орай іс-шара өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Алдымен облыс орталығындағы батыр қыздың мемориалдық кешеніне соғыс және еңбек ардагерлері, батырдың туыстары, «Әлия гүлі» достарын шақырады» VI халықаралық балалар шығармашылдығы фестиваліне қатысушылар және ақтөбеліктер гүл шоқтарын қойды.
Салтанатты шарада сөз алған қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева жиналғандарды мерейтоймен құттықтады. Әлияның ерлігі халқының жадында мәңгі сақталатынын, әсіресе, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтінін жеткізді.
Батыр қызымыздың нағашы інісі Сапар Молдағұлов құрмет көрсетіп жатқан халыққа ризашылығын білдірді. Мұның өзі Әлия апайының рухы алдындағы ұрпақ парызы екенін тілге тиек етті. Салтанатты сәтті ««Әлия гүлі» достарын шақырады» VI халықаралық балалар шығармашылығы фестиваліне қатысушылар мың бұралған бимен бедерледі.
Мерейтойлық шара Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық музейінде жалғасын тапты. Мұнда облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен «Мәңгілік ғұмыр» атты кездесу ұйымдастырылды. Онда аталған басқармас басшысының орынбасары Қыдырғали Ермұхан сөз алып, жиналғандарды Әлия апамыздың 90 жылдық мерейтойымен құттықтады. Бұл үлкен тойдың басы екенін, республикалық деңгейдегі мереке 17-18 маусымда Ақтөбе қаласында және Әлия дүниеге келген Қобда топырағында жалғасатынын айтты. Әскери ғылымдар докторы Ким Серікбев қазақтың қайсар да батыр қызы Әлияның ерлігі арқылы тек ақтөбеліктер ғана емес, барша қазақстандықтар мақтанатынын мәлім етіп, музейге ескерткіш сыйлығын ұсынды. Майдангер Мұрабай Кемер соғыста жүріп Әлия мен Мәншүктің, Мәлік Ғабдуллиннің Кеңес Одағының Батыры атанғанын естігендегі көңіл-күйлерін, мұның өзі қазақтар үшін мақтаныш болғанын, жауынгерлердің руыхын көтергенін айтты. Әлия мен Мәншүктің өмірі мен ерлігі, оларды есте қалдыру бағытындағы көптеген бастамаларға ұйтқы болған «Қос Шынар» қоғамдық бірлестігі Ақтөбе қалалық қайырымдылық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес Әлия апамыз жайында мазмұнды сөз сөйледі.
Ақын Амантай Өтегенов Әлия туралы ақын-жазушылардың қазақ тіліндегі шығармаларын орыс тіліне аударғанын айта келіп, өзінің «Казахи» деген өлеңін оқыды.
Шара барысында «Әлия гүлі» халықтық би ансамблі, облыстық филармония әртістері өз өнерлерін көрсетіп, гуманитарлық колледждің «Мергендер» тобы батыр қыздың ерлік жолын бейнелейтін көрініс қойды. Музейде Әлия Молдағұлованың туған жері Қобда өңірінің тылсым табиғатын туындыларына арқау еткен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің доценті, әуесқой суретші А.Корваттың сурет көрмесі ұйымдастырылды.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек, сурет: egemen.kz.