Ел тәуелсіздігі жарияланатын жылы өмір есігін ашқан Меруерт Асханбекқызы Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Бетқайнар ауылында мектеп табалдырығын аттайды. Шағын ғана ауылда туып-өскен оның бойында туған жерге деген сүйіспеншілік, Отанға деген махаббат адал қызмет етуден басталатыны бала күннен бастап санасына құйылады. Себебі әкесі адал еңбек етіп, ауыл шаруашылығымен айналысқан. Анасы ауылдың әкімшілігінде зейнет жасына жеткенде табан аудармай қызмет етті. Отбасында еңбектің наны тәтті болатынын түсініп өскен ол да бастауыш сынып педагогикасы мен психологиясы мамандығына оқуға түседі.
«Бала күнімде ауырған адамдарға көмектесетін дәрігер болуды армандаушы едім. Бірақ үлкендердің бағыт-бағдар беруімен өмір жолымды ұстаздыққа бұрдым. Сөйтіп мұғалім мамандығын таңдап, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында тәлім алдым. Бірақ менің өмірлік мақсатым сол, бір орында тұрып қалғым келмейді. Жетістіктерге жету жолында үнемі ілгерілеуді, алға жылжуды қалаймын. Қоғамдағы әділдіктің орнауы мен құқық бұзушылардың жауапкершілік арқалап, тәртіп орнатуға тамшыдай үлесімді тигізгім келетінін түсіндім. Сондықтан осы салаға келдім. Әскерге дейін аудандық әкімшілікте де қызмет еттім», дейді ол.
Азаматтық өмірге қарағанда қызығы мен шыжығы көп, темірдей тәртіпке бағытталған бұл сала бұрымдының бойындағы адамгершілік қасиеттерді молайтып, жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін түсіндірген.
«Кез келген салада қызмет етсем де, өмірлік ұстазым – ата-анам. Олардың бала күні айтқан әрбір сөзі қиялыма қанат бітірсе, күні бүгінге дейін сол әкемнің айтқан әрбір ақылы өмірлік азығыма айналып жатыр. Тағдырдың әр салған сынағына кезіккен сайын әке сөзіне сүйеніп, әрекет етемін. Ал менің бойымдағы нәзіктік анамның үлгі-өнегесі дер едім. Сол секілді адам өміріндегі әр кезеңде әртүрлі адамды, әртүрлі ұстазды кездестіре алады. Әскери ортаға келгенде менің бойымды тіктеп, кәсіби қабілетімді көрсетуіме демеу білдірген офицерлер де жоқ емес. Оларды да өмірдің бір кезеңінде ұстаздық еткен адам ретінде таныстыра аламын. Мысалы, біздің әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Бауыржан Қансейітов – темірдей тәртіп орныққан ортада қалай қызмет атқару керектігін үйретуден жалықпаған жан. Оның мол тәжірибесі мен қол астындағы әр қаруласына деген жанашырлығы әскери қызметшінің кәсіби біліктілігін көрсетуге дем береді», деп ағынан жарылды ол.
Қазір Ұлттық ұланның әскери бөліміне кітапханашы болып тағайындалған ол «жаныма жақын кәсіби ортамды тапқандай болдым» дейді. Оның күнделікті жұмысына сарбаздармен еркін сұхбат жүргізу, өнерлерін шыңдап, өздерінің шығармашылық қабілеттерін дамытуға атсалысу кіреді. Біле білген адамға адам бойындағы қабілетті оятып, шығармашылығын шыңдау – жауапты міндет.
«Олардың қызығушылықтарын өшіріп алмай, керісінше дұрыс бағыт-бағдар көрсетуді өзімнің парызым сияқты сезінемін. Сарбаздармен өте көп және қызықты іс-шаралар өткізуге тырысамыз. Біздің сарбаздар облыстық және қалалық кітапханаларда өтетін викториналарға, мерекелік іс-шараларға жиі қатысады. Демалыс және мереке күндері бізде үнемі өнерлі сарбаздар жарысы болады. Концерт және көңілді тапқырлар сайыстарын ұйымдастырамыз. Қазіргі жастардың бойындағы жалынды өшіріп алмай, дұрыс жолды көрсетіп, дұрыс бағыт бере алсақ, олардың әрқайсысы өмірлік жолын тауып кетеріне күмәнім жоқ», дейді М.Чораева.
Жұмыста сарбаздардың қабілетін шыңдайтын ол өз отбасындағы мейірімді ана рөлін де ешқашан ұмыт қалдырмайды. Себебі біздің кейіпкер Отанға адал қызмет етудің үлгісі отбасындағы татулықтан басталатынын айтады.
«Бес балам бар. Балаларым – байлығым. Үш ұлым және екі қызым бар. Тұңғыш ұлым 8-сыныпта оқиды. Анасының жолын қуып спорт әлемінде де бақ сынап келеді. Бокстан түрлі жарыстың жүлдегері, музыка саласында да аз-маз жетістіктері бар. Ұлымнан кейін егіз қызым дүниеге келді. Қос аруым, нәзік гүлдерім 4-сыныпта оқиды. Қол тигенде бірге кітап оқимыз, отбасы болып музыкамен шұғылданамыз. Одан кейінгі балаларым да – егіз. Кенжемнің екеуі де – ұл. Кішкентай қорғаушыларым биыл 1-сыныпқа қадам басты. Оларды да спортқа жақын ұстаймын. Екеуі де каратэмен шұғылданады. Көрсеткіштері жақсы, қатарластары арасында жүлделі орын алып жүр. Ана бақыты деген осы екен. Өзімді ерекше бақытты сезінемін», дейді ол.
Жалғызілікті көпбалалы ананың қауырт қызметі отбасындағы бала тәрбиесіне ешқандай сылтау бола алмайтыны осыны көрсетсе керек. Тіпті бес баласының өзіне тән мінез-құлықтарына дейін жақсы біледі екен. Сөз арасында өзін бес мемлекетпен жұмыс атқарып жүрген дипломат секілді сезінетінін айтып әзілдеп те алды.
«Балаларымнан аналық махаббатымды аямаймын. Көңілін табуға тырысып, тәрбие беру барысында дос секілді араласамын. Бірге ойын ойнаған кезде олардың қызық көретін кейіпкеріне де айнала салу маған түк қиын емес. Олар аналарының әскери қызмет атқаратынын біледі. Мұндай кезде олар да ересек адам секілді жауапкершілік жоғары екенін жақсы түсінеді. Күтпеген тапсырмалар мен шұғыл жауынгерлік дайындық уақыттарында балаларым маған түсіністікпен қарай алады. Оларды сол үшін де құрметтеймін, мақтан етемін. Мен үшін әрбір минутым бағалы. Қолым қалт еткен уақытта олармен бірге кітап оқып, пайдалы іспен шұғылдануға уақыт табамын», дейді ол.
Қызмет пен отбасын қатар алып жүрген көпбалалы ана тұрақты спортпен айналысады екен. Қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері атанған оның аузынан бұл спорт түрінен жетістіктері де аз емес екенін байқадық. Қолы қалт ете қалса, әуелетіп ән айтқанды ұнататыны тағы бар. Салиқалы әйелдің сипатын көрсеткен кейіпкеріміздің бойындағы сенімділік пен табандылық әскери салада адал қызмет етуге көмектессе, отбасындағы тәрбиенің тізгінін берік ұстауға да септігін тигізсе керек.