Қоғам • 23 Қазан, 2024

«Ұлттық мүдде» алаңы: Отаншылдықты қалай дәріптейміз?

73 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Ұлттық музейде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Ұлттық мүдде» диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Онда зиялы қауым өкілдері мен сарапшылар рухани-адамгершілік құндылықтар мен дәстүрлер сабақтастығын сақтай отырып, жас буынды патриоттық рухта тәрбиелеудің басым бағыттарын талқылады.

«Ұлттық мүдде» алаңы: Отаншылдықты қалай дәріптейміз?

Сенат спикері өз сөзінде қазіргідей жаңа сын-қатерлер мен үрдістер кезеңінде ұлт­тық құндылықтарды дәріп­теу мен патриотизмді нығай­ту маңызды міндет еке­нін атап өтті. Сондай-ақ ол отан­шылдық ұлттық бірегейлікті сақтаудың басты шарты саналатын ауқымды ұғым екенін тілге тиек етіп, осы бағыттағы идеологиялық жұмысқа басым­дық берілетінін айтты.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтар кешенін жариялады. Солардың ең алғашқысы – тәуелсіздік және отаншылдық құндылықтары. Мемлекет басшысы атап өткендей, әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөз­бен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Бұл ретте өзгеге қолұшын созу, бел­сенді азаматтық ұстаным, өз ортаңды жақсар­туға ұмтылу сияқты игі істер­дің бәрі отаншылдықтың көрі­нісі екені белгілі. Патрио­тизм­нің тағы бір шарты – та­рихқа құрмет және бола­шақ ұрпақ алдындағы жауапкер­шілікті сезіну. Осы орайда аталған құндылықты дұрыс мазмұн­мен байытудың маңызы зор. Отаншылдық жасампаздық пен жарасымның кепілі болуға тиіс, – деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат төр­ағасы бұл міндетті сапалы әрі кешенді іске асыру жолында негізінен зиялы қауым өкілдеріне, сала мамандарына және креативті жастарға үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтты. Патриотизмнің қалып­тасуына және оның санада берік орнығуына білім беру, ағарту, медиа салаларының да ықпалы зор. М.Әшімбаев осы бағыттағы тың бастамаларға және мәдениет пен өнерді дамытуға арналған істерге қолдау көрсетудің маңызды екеніне назар аударды.

– Тәуелсіздігімізді сақтау және жетістіктерімізді еселеу – мемлекет пен жауапты, патриот азаматтардың бірлескен күш-жігерінің арқасында іске асырылатын маңызды міндет. Шын мәнінде, бұл бағытта бірлесіп атқаратын ауқым­ды жұмыс аз емес. Сон­дықтан бүгін айтылған бар­лық ұсыныс палатаның жұмы­сында на­зарға алынады және тиісті мемле­кет­тік органдарға жолданады, – деді ол.

«Ұлттық мүдде» диалог ала­ңында сенаторлармен бірге бір­қатар сарапшы пікі­рін ор­та­ға салды. Солар­дың бірі – жа­зу­шы, драматург, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұ­қанова. Ол ұлт мүдде­сі­не зиялы қауым­ның ықпа­лын күшейтудің жаңа тә­сіл­­де­рін қарастыруды алға тартты.

– Бүгінде әлеуметтік желі­лер­де жас­тар арасындағы қарым-қатынастың, тұлға­ларға деген көзқарастың бас­қа­ша белең алып бара жат­қаны байқа­ла­ды. Мұнымен күресу үшін зиялы қауым бас көтеруі керек деп ойлаймын. Шоқпыттың ұлы Сұл­тан­махмұтқа «Мен өмірге ке­дейдің көзімен қарай­мын, сен жастықтың көзі­мен қарайсың» деп айтатын сөзі бар. Сол сияқ­ты кеңес дәуірінде жа­са­ған үлкен толқынның жан­дүниесінде үлкен қатерден үрейленуден қалған мінез бар. Ал тәуелсіздік жылдарында өскен жас буында еркіндік бар екені сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда көп нәрсені екшеп алуымыз керек. Меніңше, біз отаншыл рухты көтеруді мектеп қабырғасынан бастауымыз керек. Бұл үшін зиялы қауым өкілдерінің, әсіресе ғы­лымда жүрген тұлғалардың мек­теппен қарым-қатынасын жолға қою керек. Тіпті, әр мек­тепке бір тұлғаны бекі­тіп қоюға да болар еді. Мыса­лы, осы елордадағы мектепте ұйым­дастырылған жазушы­лар­дың оқушылармен кез­десуі оларға ерекше әсер етті: суретке түсті, қолтаңба алды, ди­дарласты, пікірлесті. Енді осын­дай кездесулерді ауыл-ай­мақ­тарда, елді мекендер­де өткізу керек. Отаншылдық балалық шақтан басталады. Бұл ретте балалар тақы­ры­бын жазатын ақын-жазу­шы­ларымыздың азайып кеткені – өзекті мәселе. Мектептің психологиясын білмейтін жазушы не жаза алады? Сондықтан қалам ұстаған азаматтар балалармен жақын болуы керек, – деді Р.Мұқанова.

Одан соң белгілі қоғам қайраткері, Ұлттық му­зей­дің басшысы Берік Әбді­ғали­ұлы да сөз алып, бүгінгі таң­дағы отаншылдықтың үлкен тұғыры тарихи сана екенін айтты.

– Тарихи сананы қалып­тастыру өте маңызды. Осы орайда біздің тарихымыз­ға тұтастық жетіспейді. Тарихи сана­ның әлі қалыптаса қой­ма­ғаны көптеген мәселе­ден байқалып жатады. Бұған мысал ретін бір-бірімен байланыспайтын кезеңдерді, ру-тайпалар арасындағы тарихи бәсекелестікті, көрші­лер­мен қатысты тарихи дерек­тің үйлеспеуі сияқты жайт­тарды айтуға болады. Қазір әлеуметтік желілер әркімнің өзіне ыңғайлы бұрмаланған тарихты насихат­тауына тиімді құрал болып отыр. Сондықтан тарихты қалыптастыруда жаңа әдістер керек. Тарих – ұлттың өзін сақтайтын иммунитеті. Тоғызыншы территорияны қалай сақтап қалдық, міне, осыны шынайы зерделеу жас буынның бойына отаншылдық дәнін егеді. Тарихи сананы қалыптастыруда музейдің де орны ерекше. Ұлттық, орталық музейлерде көптеген жәдігер баршылық. Бірақ біз шалғайдағы музейлердің ахуалына мән беруіміз керек, онда мамандар, экспонаттар жетіспейді. Өңірлердегі музейлерде кеңес заманының сарқыншағы әлі де байқалады. Кейбір музейлер тіптен жабы­лып та қалып жатыр. Соны­мен қатар бүгінгі таңда хандарымыз дұрыс дәріптелмей келеді. Қазақ хандығының құрылуынан әрі қарай барып, Жошы ханның тарихи бейнесін ашудағы еңбек­тер­дің маңызы зор. Сол сияқ­ты Тәуекел хан, Есім хан, Хақ­назар хан, Жәңгір хан, Кене­сары хан сияқты елді бірік­тіруге күш салған қаншама мықты хандарымыз бар. Осыларды да дұрыс насихат­тай білуіміз керек. Бұл да – отан­шыл­дыққа бастайтын қадам, – деді Ұлттық музей басшысы.

Ал отаншылдық ұғымы жөнінде ой тарқатқан академик, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы бірқатар ұсыны­сын атап өтті.

– Отаншылдық деген ұғым бізге қашан келді? Алаш зия­лылары кезінде бұл ұғымға қандай мағына берді? Осыған тоқталып өткеніміз жөн. Өйткені Алаш зиялыларында отаншылдық деген ұғым болмады. Ол заманда араб ұғымдары мен өзіміздің ұлттық ұғымдардың арасы ажыратылып, нақтыланып жатқан кезең еді. Бұл шақта ең негізгі қолданыста елшіл ұғымы болды. Елшіл деген бүгінгі кезеңге де сәйкес келеді. Бірақ біз отаншыл деген ұғымды да терістемейміз. Әр кезеңде мағынасына қарай терминология байытылып отырады. Бірақ сол заманда Отанға қатысты ой айтқан азаматтар да бар. Мысалы, Алаштың қазиы Ғұмар Қараш отан­шыл болу, отан туралы ойлау қызмет басындағы адамдардың немесе белгілі тұлғалардың ғана міндеті емес екенін, жай адам да отаншыл бола алатынын айтқан. Еуропада патриотизм деген ұғым қозғалыстар, өзгерістер кезеңінде бой көтереді де, консервативтік көзқарасқа айналады. Бізде отаншыл, елшіл ұғымдары жаугершілік заманға тән. «Бабалар сөзін» қарасаңыздар, қаһармандық жырлардың бәрі елді қорғау, халықтың рухын көтеру идея­сына топтасқан. Қазір ғылым патриотизмді соқыр патриотизм мен сындарлы патриотизм деп екіге бөліп қарастырады. Соқыр пат­риотизмді жиі көріп жүрміз. Құр кеуде қаққаннан ештеңе шықпайды. Ал бізге білім-ғылыммен, парасатпен, өнер­мен байланысты сындарлы отаншылдық керек. Әрбір нәрсенің қалай шешімін табудан да отаншылдық көрінеді. Мысалы, қазақ тілінің аясын кеңейтуге қатысты бірнеше тетік бар. Біріншісі, кейбір ата-аналар әлі күнге дейін балаларын орысша мектепке беруге мүдделі. Мұның бір себебі – өзі қазақша білмейтін ата-ана баласының сабағына қараса алмайды. Бұл ретте финдер сияқты оқушыға үй тапсырмасын бермей, барлығын мектепте орындайтындай жасауға болады. Екіншісі, ЖОО-ларды мемлекеттік тілдегі оқу­лық­пен қамтудың үлесі – 10 па­йыз ғана. Ғалымдар профессор атағын алатын кезде мемлекеттік тілде оқулық жазуы керек деген талап қойылса, қаншама оқулық дайындалатын еді. Сонда ондаған жыл­дар ішінде 10 пайыз көрсет­кіш­ті 30-40 пайызға көтеріп алу мүмкіндігі бар. Отаншыл­дық осындай мәселелерді шешуден көрінеді, – деді Д.Қамзабекұлы.

Сонымен қатар алқалы бас­қосуда Ш.Шаяхметов атын­­дағы «Тіл-Қазына» рес­пуб­­ли­калық ұлттық-ғылыми прак­­тикалық орталы­ғы­­ның бас директоры Мақпал Жұма­бай, «Оскар» байқауын­да Inter­national Feature Film аталымы бойынша Қазақ­станның атынан ұсыныла­тын «Бауырына салу» фильмі­нің режиссері Асхат Кучин­череков, тағы басқа сарапшылар сөз сөйлеп, өз пікірін білдірді.