Саясат • 23 Қазан, 2024

Қазақстан – Өзбекстан: тауар айналымы артты

72 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов пен Өзбекстанның Премьер-министрі Абдулла Арипов Самарқанд қаласында өтіп жатқан «Өзбекстан – Қазақстан» IV өңіраралық форумына қатысты.

Қазақстан – Өзбекстан: тауар айналымы артты

Екі ел президенттері қол жет­кізген екіжақты тауар айналы­­мын арттыруда уағдалас­тықтардың жүзе­ге асырылу барысы қаралды. Өнер­кәсіптік кооперация, су, энергетика, транзит және көлік, газ салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Өзбекстан Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі сауда серіктесі саналады. Биылғы сегіз айдың қорытындысына сәйкес екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 2,5 млрд долларды құрады. Олжас Бектенов сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға және өзара инвестиция үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған шараларды кеңейту қажеттігін атап өтті.

«Қазақстан мен Өзбекстанның барлық бағытта бірлескен жұмысы­ның келешегі зор. Бұған, ең алдымен, мемлекеттер басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Шавкат Миромонович Мирзиёев арасындағы сенімді саяси диалог ықпал етіп отыр. Астанада өткен бизнес-форум аясында қол қойылған 7 млрд доллар көлеміндегі инвестициялық келісімдер мен коммерциялық келісімшарттар айтарлықтай үлес қосады. Бүгінгі кездесу жаңа ірі жобаларды жүзеге асырудың бас­тауы болып, бүкіл Орталық Азия аймағының тұрақты экономикалық дамуына зор үлес қосатынына сенімдімін», деді О.Бектенов.

Мұнай-химия, металлургия, автомобиль, индустриалдық, азық-түлік, химия және фармацевтика салаларында үлкен экспорттық әлеует бар. Қазақстан Өзбекстан­ға жалпы қосылған құны жоғары отандық тауарлардың 40 түрі бо­йынша құны 550 млн доллардан асатын экспорттық жеткізілімдер көлемін арттыруға дайын.

Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынастың басым бағыты өңіраралық ынтымақ­тастықты дамыту болып отырғанын атап өтті.

«Кейінгі 7 жылда Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өзара тауар айналымы 2,5 есеге жуық өсіп, өт­кен жылы 4,4 млрд долларға жет­ті. Бүгінде Өзбекстанда Қазақ­стан капиталының қатысуымен 1 мың­нан астам кәсіпорын жұ­мыс істейді.  Шекаралас өңір­лер бір-бірі­мен – Қарақалпақстан Республикасы Маңғыстау облысымен, Ташкент Түркістан облысымен, Науаи Қызылорда облысымен тікелей әрі тығыз байланыс орнатқан. Біздің басқа аймақтарымыз да байланыс­тарды дәйекті түрде нығайтып, сауда-саттық және өнеркәсіптік кооперацияны дамытып келеді. Бұл ретте әлі іске асырылмаған үлкен әлеует бар», деді А.Арипов.

Форум барысында инвестиция көлемі 3,4 млрд долларды құрай­тын 74 бірлескен жобаны іске асыруды және 14,6 мың жұмыс орнын құруды көздейтін өнеркәсіптік ко­операцияны дамытуға ерекше на­зар аударылды. Оның ішінде Қазақ­стан аумағында 65 кәсіпорын ашу жоспарлануда, бұл елімізде 13,6 мың жаңа жұмыс орнын құруды қамтамасыз етеді. Бүгінде елімізде 9, Өзбекстанда тағы 3 бірлескен жоба жүзеге асырылды. Бұл жалпы 4,8 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Қазақ-өзбек өнеркәсіптік кооперация­сы ынтымақтастығына мысал ретінде Қостанайдағы «Chevrolet Onix» автомобильдерінің шағын тораптық өндірісін, Сарандағы тұрмыстық техника шығаратын зауытты, Шымкент қаласындағы және Түркістан облысындағы тігін және жіп иіру-тоқу фабрикалары, Ангрендегі автоклавты газ-бетон өндірісі және басқа да өндіріс орындары жатады. «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру екі ел үкіметтерінің бірлескен жұмысына жаңа серпін бермек. Мұнда «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер енгізіліп, кәсіпкерлер үшін салықтық, кеден­­дік жеңілдіктер мен басқа да артық­шылықтар қарастырылған.

Сонымен қатар көлік-логис­тика­лық әлеуетті дамыту мәсе­лелері талқыланды. Өзбекстан тауар айналымының 50%-дан астамы Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өтеді. Әртүрлі көлік түрімен 18 бағыт бойынша жолаушылар тасымалы реттелген. Бұл байланыстарды одан әрі тереңдету үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

«Өзбекстан – Қазақстан» IV өңіраралық ынтымақтастық форумы, іскерлік форум шеңберінде құны 352 млн доллардан асатын 76 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуын жеделдету жөніндегі Тәжірибелік іс-шаралар жоспары бар. Құжат энергетика, тау-кен өнеркәсібі, геология салаларындағы бірлескен жоба­лар­ды жүзеге асыруды көздей­ді. Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбек­стан аймақтары арасында сауда-эко­номикалық, ғылыми-техника­лық және мәдени-гума­ни­тарлық салалардағы ынтымақ­тастық туралы келісімдерге қол қойылды.