Сурет: ru.freepik.com
Мысалы, шетелдік банктің рейтингі «BB-»-тен «А-»-ке дейін болса, еншілес банкті ашуға арналған құжаттар саны 24-тен 17-ге дейін, филиал ашқысы келетіндерге 20 құжаттан 10 құжатқа дейін қысқартылады. Рейтингі «А-»-тен бастап және одан жоғары рейтингі бар банктерден талап ету тиісінше 10 құжаттан 8 құжатқа дейін қысқартылады.
Сонымен бірге шетелдік инвесторлардың ауқымды санын тарту мақсатында заң жобасында филиалдар құру кезінде шетелдік банктің активтеріне қойылатын талаптар 20 млрд доллардан 10 млрд долларға дейін төмендетіледі.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, шетелдік банк филиалдарына рұқсат етілген қызмет түрлері де кеңейтілмек. Филиалдардың қызмет түрлері шетел валютасымен айырбастау операцияларын, кастодиандық қызметті, трансфер-агент қызметін жүзеге асыру, синдикатталған қаржыландыруға қатысу, төлем карточкаларын шығару сияқты операциялармен толықтырылады.
«Екінші кезеңде шетелдік банктің банктік лицензия алуға арналған құжаттар тізбесі де 50 құжаттан 7 құжатқа дейін қысқартылады. Көбіне бұл құжаттар ішкі нормативтік құжаттарға жатады. Оларды бекіту жөніндегі талаптар лицензия алғаннан кейінгі кезеңге ауыстырылады», деп түсіндірді М.Әбілқасымова.
Заң жобасы шеңберінде агенттік банктің директорлар кеңесінің мүшелеріне басшылық өтілдің болуы жөніндегі талапты алып тастауды, сондай-ақ басшы лауазымынан үміттілерге микроқаржы ұйымдарындағы жұмыс тәжірибесін ескеруді ұсынады.