Қоғам • 24 Қазан, 2024

Қарасөздің жүйріктері

68 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда мемлекеттік қызметшілер аптасына бір рет Абайдың қара­сөздерінен дәріс тыңдап, білген-түйгендерін талқыға салуды дәстүрге айнал­дырған. Челлендж түріндегі дәріс сабақтарын мемлекеттік қыз­метшілер мен өңірге белгілі қоғам белсенділері кезектесіп өткізіп жатыр.

Қарасөздің жүйріктері

Жобаны ұйымдасты­ру­шы­лар Президент жа­нын­дағы Мемлекеттік бас­қа­ру академиясының өңірлік фи­лиа­лының қолдауымен 45 аптаның ішінде Абайдың 45 қарасөзін тұшынып оқып, бүгінгі адам, қазіргі қоғам мінезімен сабақтастыра талдауды көздеп отыр.

«Абайдың қарасөздері» челленджін бірінші болып бастап берген облыс әкімінің орынбасары Ри­нат Мұхаметқалиевтің айтуынша, офлайн және онлайн режімде жү­ріп жатқан талдау сабақтарына мем­лекет­тік қызметшілермен қатар көп­­теген мұғалім, студент жастар қызығушылық танытып отыр.

«Абай күнін» қалай өткізсек дұрыс болады деген ізденіспен жүрген едік. Демалыс күні велосипедпен ке­ле жатып, ойыма осы идея сап ете қалды. Мұндай іс-шаралар бір күн­мен шектеліп қалмауы керек. Ер­теңінде Президент жанындағы Мем­лекеттік басқару академиясының өңір­лік филиалына хабарласып: «Абай­дың қарасөздері» атты челлендж ұйымдастырайық деп едік. Оны өзім бас­тап бергім келеді. Сіздерде білік-білімін жетілдіріп жатқан мемлекеттік қызметшілер бар ма?», деп сұрадым. Ол кісілер қазір жиыр­ма адам оқып жатқанын, бірінші дәрісті сол топқа оқуға болатынын айтты. Содан өзім жиі қайталап оқитын «Егер есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деп келетін он бесінші қарасөзді таңдап алып, дайындала бастадым. Слайд жасап, білім басқармасынан өзіме керек мәліметтерді сұратып алдым. Үлкен жетістікке жеткен тұлғалар, олардың шыңдалу, өсу жолы, адамға өз мақсатына жетуіне кедергі келтіретін кесір әдеттер, одан арылудың амал-жолдары туралы ақпарат жинадым. Дәріс өзіме де, тыңдаушыға да ұнады. Қызықты ойлар айтылды, қызу пікірталас та болды. Одан кейін челлендж кезегін облыстық мәслихаттың депутаты Қырмызы Сапарқызына ұсындым. Осылайша, бұл жоба сәтті жалғасын тауып келе жатыр», дейді Ринат Зәкиұлы.

 

Қостанай облысы