Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаменті еріктілермен бірге бюджет қаражатына бақылау жүргізіп келеді. Жыл басынан Павлодар облысында тиімсіз мақсатта жұмсалмақ болған 2,6 млрд теңге сақталып қалды. Департаменттің қоғамдық бастамаларына қолұшын беріп отырған 90-нан аса адам бар. Еріктілердің қатарына кез келген адам кіре алады.
– Біз еріктілерге мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай жүйесімен қалай жұмыс істеу керектігін үйретеміз. Одан әрі еріктілер өз беттерімен конкурстарға мониторинг жүргізіп, баға негізсіз көтерілген жағдайда бізге хабар түсіреді. Ал департамент өз кезегінде тиісті органдарға сатып алуды ұйымдастырушылар туралы хат жөнелтеді. Тек еріктілердің күш-жігерінің нәтижесінде, 308 млн теңге бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алдық, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Медет Амралинов.
Мәселен, Павлодардағы әуежай арнайы техника сатып алуға мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялаған. Мемлекеттік сатып алулар порталында көрсетілген бағаны еріктілер негізсіз өсірілген деген қорытындыға келіпті. Нәтижесінде, бұл сатып алулардан 40 млн теңгедей үнемделген.
Ал Қаржылық мониторинг агенттігі Павлодар облысының мектепке дейінгі мекемелерінде әлеуметтік маңызға ие тауарлардың бағасын негізсіз қымбаттату фактілерінің жолын кесті. Жүргізілген мониторинг барысында өңірдегі 158 мектепке дейінгі мекеменің 108-іне бір ЖШС негізгі жеткізуші болғаны анықталды. Әлгі мекемелерге азық өнімдері әдеттегі бағадан 300 пайыз қымбатқа жеткізіліп тұрған.
– Мектепке дейінгі мекемелермен (балабақшалармен) жасалған шарттарда өндіруші зауытынан алған бағадан әлеуметтік маңызға ие тауарлардың (ӘМАТ) түпкілікті тұтынушысына дейінгі баға айырмашылығы келесідей болған: күнбағыс майы – 286 пайыз үстемақымен (453 тг/л-ден 1 300 тг/л дейін), қарақұмық жармасы – 150 пайыз (240 тг/кг-нан 600 тг/кг дейін), қант – 93 пайыз (325 тг/кг-нан 630 тг/кг дейін), тауық жұмыртқасы – 79 пайыз (430 тг/онд-тан 770 тг/онд дейін), тұз – 66 пайыз (60 тг/кг-нан 100 тг/кг дейін), күріш – 36 пайыз (490 тг/кг-нан 670 тг/кг дейін), сары май – 22 пайыз (2075 тг/кг-нан 2550 тг/кг дейін). Агенттік қабылдаған шаралардың нәтижесінде аталған серіктестік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жеткізушімен жасалған шарттар күшін жойды. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі мекемелерде ӘМАТ жеткізу шарттары қайта қаралып, жаңа келісімшарттар жасасу мәселесі қаралып жатыр. Осылайша үнемделген қаражат сомасы 30 млн теңгені құрады, – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
ӘМАТ тауарларына баға белгілеудің делдалдық схемаларын тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялар шеңберінде агенттік бюджеттік ұйымдарға жеткізілетін азық-түлік бағасына жүйелі түрде мониторинг жүргізіп отыр.
Бұған қоса жақында Павлодардағы түсті металлургия колледжінің бұрынғы басшысы қызмет бабын пайдаланып бюджетке жалпы сомасы 130 млн теңге материалдық шығын келтіргені анықталды. Ол 2013-2023 жылдар аралығында түсті металлургия жоғары колледжінің басшысы қызметінде жүріп, қазынадан қып суырған. Яғни жалған қызметкерлердің есепшотына ай сайын белгілі көлемде жалақы төлемдерін жүргізіп, оны өзі иемденіп келген. Әдейі бұрмаланған мәліметтері бар жұмыс уақытын есепке алу парақтарына қол қойған. Сот оның барлық ақшалай қаражаттарын тәркілеп, 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Павлодар облысы