Осы көктемде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қаладағы нысандарды аралау кезінде облыс әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла облыс орталығындағы бейнебақылау камераларының жұмысы мен «Қауіпсіз қала» жобасының жай-жапсарын айтқан еді. 2029 жылға дейін жүзеге асуға тиіс «Қауіпсіз қала» жобасында халық көп орналасқан жерлерде 1 400 камера, 19 интеллектуалды қиылыс пен 58 жылдамдық өлшегіш, сондай-ақ 20 Sergek Qorgau орнатылатыны қарастырылған. Бұл мобильді қосымша жол-патрульдік полиция қызметкеріне планшет арқылы көлік және жүргізушінің барлық дерегіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Ал жазда облыста өңірдегі цифрландыру және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту мәселелеріне арналған жиын өтіп, онда қала аумағындағы бейнебақылау камералары мен автокөлік жылдамдығын өлшейтін құралдар мәселесі сөз болған еді. Күн тәртібінде тұрған мәселеге орай жедел басқару орталықтары жаңғыртылып, 7 аудан орталығына да бейнебақылау камераларын орнату жоспарланып отыр. Жалпы Қызылорда «Ақылды қала» бағдарламасының негізгі компоненттерінің басым көпшілігі орындалған өңір ретінде бағаланады.
Бейнекамералар полиция жұмысының тиімділігін арттырып, қылмыстың жедел ашылуына көп көмектеседі. Жыл басынан бері бейнебақылау камералары 41 мыңнан аса әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаса, оның ішінде 34 мыңнан астамы жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері болып отыр. Осы уақыт аралығында «Мүлдем төзбеушілік» қағидасын қалыптастыру мақсатында бейнебақылаушы инспекторлар 3 мыңнан аса ұсақ бұзақылық, 2 мыңнан аса қоғамдық орындарға масаң күйде келу, 300 қоғамдық орындарда тиісу, 2 026 басқа да құқықбұзушылық дерегін анықтаған. Сондай-ақ адам көп шоғырланатын орындарға орнатылған «SOS» дабыл батырмасы арқылы 15 хабарлама түсіпті.
Бейнекамералар көмегін көрсететін бір-екі мысал айта кетейік. Биылғы 30 қаңтарда Қызылорда қаласының аумағындағы дүкендердің бірінде болған телефон ұрлығы осы құрылғы көмегімен ұзаққа бармай ашылды. Ұрлық жөнінде шаһар тұрғыны қалалық полиция басқармасына арызданып, соның негізінде ұйымдастырылған жедел-іздестіру шаралары кезінде камера көмегімен күдікке ілінген 52 жастағы азаматша ұсталды. Ұрланған телефон өз иесіне қайтарылып, облыс тұрғыны полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Ал қыркүйектің 19-ы күні SOS батырмасына қала тұрғынынан хабарлама түсіпті. Белгісіз біреулер ұялы телефонын тартып алғанын айтқан тұрғын арызына сәйкес дереу полиция нарядтарына бағыт-бағдар беріледі. Жедел әрекет еткен полицейлер көпке ұзатпай екі күдіктіні құрықтады. Жалпы полицейлер SOS түймесінен тәулік бойы жедел басқару орталығына түсетін қоңыраулар кезекші бөлім қызметкеріне жағдайды өз бетінше бағалауға мүмкіндік беретінін айтады.
Қызылордада камера орнату 2017 жылдан бастап қолға алынды. Жүйені пайдалану, техникалық қызмет көрсету жұмысын «Көркем Телеком» ЖШС атқарады. Бүгінде Жедел басқару орталығына қарасты 272 бейнебақылау камерасы жұмыс істесе, одан бөлек 20 «Аркан» стационарлық жылдамдық өлшегіші, 5 интеллектуалды қиылыс орнатылған.
Көпшілік арасында «бейнебақылау камерасын көбейту айыппұл салып, қаржы жинаудың амалы» деген де пікірді де естіп қаламыз. Бірақ жұрттың көше камераларының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстарды жедел ұйымдастыруға көмегі көп болып отырғанына көзі жетті.
Қызылорда