Сұхбат • 24 Қазан, 2024

«Өңірлік ғылымды өркендету қажет»

271 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті ғылыми бағытқа бет бұрды. Енді оқу орнында шетел университетінің филиалы ашылады. Аграрлық өңірге қажет болашақ жас мамандар енді Италияда білімін шыңдай алады. Осы ретте біз аталған оқу орнының ректоры Ермек Бөрібаевпен әңгімелескен едік.

«Өңірлік ғылымды өркендету қажет»

– Ермек Әбілтайұлы, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай отандық жоғары оқу орындарында шетел университеттерінің филиалдары ашыла бастады. Бұл үрдіс біздің өңірде қалай жүріп жатыр?

–Жетісу университетінде Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің қолдауымен Италияның Марке поли­тех­никалық университетінің филиа­лы ашылмақ. Онда қос дипломды бағдарлама бойынша аграрлық сала мамандары даярланады. Студент төртінші курсты Италияда оқиды. Осылайша, білімгерлер Еуропалық профессорлардан дәріс алып, төрт жылда бакалавр дәрежесі бойынша отандық және италиялық дипломға ие болады. Бұдан бөлек, Польшаның Лингвистикалық-техникалық университетімен ынты­мақ­тастық орнады. Магистранттар Польша университетінен филолог дип­ломын алады. Сондай-ақ Ресей Алтай мемлекеттік университетімен екі бағ­дар­лама бойынша ынтымақтастық орнаттық. Биыл Польшаның Слупск қаласындағы Поморск университетімен ма­гистратураның қос дипломды бағ­дар­ламасын іске асыру жөніндегі шарт жасалды.

– Шетелдегі жоғары оқу орындарымен келісімге келуге рейтинг әсер ете ме? Олар қандай талап қояды?

– Әрине, жалпы университеттер отан­дық және халықаралық рейтингтерге қатысу арқылы өз беделін анықтайды. Жоғары беделге ие болу үшін оның білім көрсеткіші биік деңгейде болуы керек. Биыл біз алғаш рет «Times Higher Education» әлемдік рейтингінде бақ сынадық. Отандық 25 жоғары оқу орнымен бірге «reporter» мәртебесін алдық. Тәуелсіз агенттік жүргізген рейтинг нәтижесінде біздің универси­тет көпсалалы жоғары оқу орындары арасында үздік бестікке кірді. Бұл нәти­же­лер ынтымақтастықта басым рөл атқа­рады. Біздің мақсатымыз – білікті маман тәрбиелеп, елдің өркениетке жетуіне үлес қосу. Қысқасы, жетістікке тоқ­мейілсімей, әлемдік білім жүйесінің тәжірибесін игеруге күш сала береміз.

– Көрсеткіш дегеннен шығады, оқу орнының халықаралық білім кеңіс­тігіндегі қарқыны қандай?

– Жоғары білім сапасын арттырудың басты құралы – инновация десек, университет ғаламдық жетістіктер мен озық үлгіге негізделген жаңалықтарды зерделеп, оқу үрдісіне енгізіп келеді. Оқу үрдісін модернизациялау, оқыту барысында жаңа технологияларды қолдануға мән беріп, алыс және жақын шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып отырамыз. 70-ке жуық шетелдік жоғары оқу орны және халықаралық ұйымдармен байланыстамыз. Олардың ішінде Польша, Чехия, Швейцария, Швеция, Малайзия, Болгария, Корея, Португалия, АҚШ, Италия, Мажарстан  сынды елдер бар. Соның нәтижесінде соңғы жылдары студенттер, магистранттар, докторанттар модульдік білім беру бағдарламасымен білім алып жатыр.

–Жалпы университеттің ғылыми әлеуеті туралы айтып өтсеңіз?

– Ғылымның негізі жоғарғы оқу орнында қаланады. Қазір ойы озық ға­лым­дарға, талантты жастарға сұраныс жоғары. Сондықтан жастарды ғылымға тартып, оларға қолайлы жағдай жасау керек. Соңғы жылдары министрлік тарапынан өңірдегі жоғары оқу орындары жанынан ғылыми зерттеу зертханасы немесе технопарктер құруға көңіл бөлініп отыр. Мәселен, өңірде 13 ғылым докторы, 86 ғылым кандидаты, 32 PhD қызмет атқарады. Жуырда ғана біздің төрт бірдей ғалымымыз 1,1 млрд астам теңгеге ғылыми жоба ұтып алды. Соның ішінде «Генетика және геномика» зертханасының меңгеру­ші­сі Қанат Ермекбаев Орталық Азия мемлекеттерінде өсетін бидайдың генетикалық кодын анықтап, жылдам селекциялау жолдарын зерттеп жатыр. Мұның сыртында Еуропалық комис­сия қаржыландыратын «Горизонт» бағ­дарламасы аясында 2 халықаралық жоба іске асады. Сонымен қатар Жетісу уни­верситеті «Бағдарламалық – нысаналы қаржыландыру» шеңберінде 5 жоба ұтып алды. Бұл – оқу орны тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға.

– «Enactus Zhetysu» командасы халықаралық «ENACTUS World Cup – 2024» ғылым бәйгесінде ел намысын қорғамақ. Студенттеріңіз әлемді несімен таңғалдырмақ?

– Жас ғалымдар жаңа жүгері сұрпын шығару мақсатында ізденіп, нәтижесінде жергілікті жағдайға жақсы бейімделген, түрлі-түсті дәндері бар өзгеше тәтті жүгері сортын алды. Сонымен бірге бұл топ мүшелері «Gallus» жобасын да сәтті орындап жатыр. Онда бес түрлі тауық тұқымын (Леггорн, Амераукана, Бойцовые, Аям Цемани, Беспородные) шағылыстыру арқылы «Kazaukana» деп аталатын жаңа құс тұқымын алды. «Kazaukana» жылына 300-330 жұмыртқа береді, жоғары иммунитетке ие, климаттық өзгерістерге тез бейімделеді. Бұл жобалар әлеуметтік бірегейлігімен ерекшеленеді.

– Бүгінде университет ішінен құ­рылған колледж де жұмыс істеп тұр. Оның еңбек нарығына қажетті жұ­мыс­шы маман даярлауда рөлі қан­дай?

– Ел Президентінің еңбек адамының мәртебесін көтеру туралы бастамасы ауылдағы сала мамандарына серпіліс берді. Әсіресе жұмысы ауыр, бірақ қоғам ішінде көп еленбейтін жандарды жігерлендірді. Біз бұл ретте ауылға қажетті мамандарды даярлап жатырмыз. Бізде жатақхана мәселесі толығымен шешілген. Алыстан келген студенттер саны көп. Олар университет колледжінде де білім алып жатыр. Университет колледжі де еңбек нарығына қажетті жұмысшы мамандарын даярлап, кәсіптік білім беру саласына жасалған реформаға өз үлесін қосуға дайын. Қазіргі таңда 10 мамандық 16 біліктілік негізінде техникалық, кәсіптік білім беру бағдарламасын жүзеге асырады.

– Енді Жетісу университетінің болашақтағы дамуына тоқталсаңыз?

– Еліміздің тұрақты дамуы үшін алдымен өңірлік ғылымды өркендету қажет. Сондықтан университет жанынан Академиялық артықшылық ор­та­лығының ғимараты бой көтер­мек. Орталықта: «STEM lab» жаратылыстану ғылымдары мен техно­ло­гия­ларының ғылыми-оқу зертханасы; «EcoAnalysisLab» молекулярлық биология, метрология және сертификаттау­ды стандарттау зертханалары болады. Жаңа жоба білікті мамандарды даярлау, өнеркәсіп қызметін цифрландыру, IT-сервистерді құру, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру және ғылыми әлеуетті дамыту сияқты мәселелерді шешеді. Алдағы уақытта бұл зертханаларда АҚШ, Италия, Ресей, Чехия, Словакия және Түркия университеттерінің ғалымдарымен бірлесіп, зерттеу жұмысын жүргіземіз. Сондай-ақ «Жетісу ғылыми – білім беру орталығы» зертханасы салынып жатыр. Бұл бірнеше бағытта ғылыми зерттеулер жүргізетін зертхана болмақ. Қазір еліміздегі бірнеше жоғары оқу орны зерттеу университеті мәртебесіне ие болды. Мұндай мәртебенің университеттегі ғылымды, жалпы отандық ғылымды дамытуға әсері зор. Осы орайда уни­вер­ситеттің заманауи академиялық және ғылыми-зерттеу экожүйесін дамытып, «Зерттеу университеті» мәртебесі бар оқу орнына айналдыруды мақсат етіп отырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

 Мұхтар КҮМІСБЕК,

«Egemen Qazaqstan»