Әдебиет • 24 Қазан, 2024

Абай тілінің абыз әжесі

175 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Адамзат тарихында ғажап табиғатымен, толағай тума талантымен, қарымды ісімен заманды заманға, қоғамды қоғамға ұластыратын тұлғалар болады. Халық ондай адамдарды ұлы деп дәріптейді. Қазақ халқының тарихында да ондай ұлылар аз болған жоқ. Әдетте ондай адамдар көзі тірісінде емес, уақыт өте келе шынайы бағасын алып жатады. Бұл да тарихтың, адамзат қоғамының бұлжымайтын заңдылығы болса керек. Үлкенді көру үшін қашықтық қажет, ұлыны тану үшін уақыт керек. Бұл да жасандылықсыз, зорлықсыз, өз ретімен жасалатын іс.

Абай тілінің абыз әжесі

Биыл туғанына ғасыр толып отырған Рабиға Сыздықова апамыз туралы осы тұрғыдан салмақты ой қорытатын уақыт болған сияқты.

Рәбиға Сәтіғалиқызы саналы ғұмырын тіл тарихы, абайтану, сөз төркіні, қазақ әдеби тілінің дамуы, поэтика, тіл нормаларының қалыптасуы, көне ескерткіштердің тілі, салыстырмалы грамматика, орфография мен орфоэпия секілді қазақ тіл білімінің ең өзекті салаларының дамуына арнады.

Мамандардың пікірі, көпшіліктің ықыласы, бұқаралық ақпарат құралдарындағы материалдар да ол кісіге деген құрметтің күн сайын өсіп келе жатқандығын, ғалымның көркем бейнесіне, тұщымды ойлары мен кестелі сөзіне деген сағыныштың өсе түскендігін көрсетеді. Осыны айғақтайтын сөздер бүгінгі жиында да молынан айтылары анық. Осының барлығы үлкен ғалым, теңдессіз сөз зергері болған апамыздың ұлылық сипаттарын танытады.

Қазақта «жақсылармен жанасқан адамнан жақсы шығады» деген түсінік бар. Апамыз бар ғұмырында жақсылармен жақын, ұлылармен иықтас болған. 1959 жылы қорғаған кандидаттық диссертациясы «Абай қара сөздерінің негізгі морфологиялық ерекшеліктері» деп аталады. Содан бергі бүкіл ғылыми зерттеулері Абайдай ұлының айналасында болған екен. Докторлық диссертациясы «Абай шығармаларының тілі» деп аталады. Әлденеше томнан тұратын Абай тілінің сөздігіне арналған еңбектері өз алдына бір төбе.

«Абайдың сөз өрнегі» атты көлемді монографиясы да сол ұзақ жылғы еңбектің қорытындысы іспеттес. Және осы еңбектердің барлығы Абайдың ұлылығын қазақ тілінің ұлылығымен байланыстыра түсіндірген қарапайым халықтың да, ғылыми ортаның да талғамынан шыққан ғылыми жаңалықтар болған.

Ұлылармен ұғынысу, түсініп тілдесу, үндесу, оны жас ұрпаққа түсіндірудің үлгісі осындай-ақ болатын шығар. Рабиға апайдың бұл еңбегін кезінде Мұхтар Әуезовтің өзі де жоғары бағалағаны белгілі.

Абайды түсінген, түсіндірген апай Мұхаңдай ұлының да қадір-қасиетін жете ұғынып, Әуезовтың басына бұлт үйірілген заманда «қарлығаштың құйрығымен су сепкендей» жақтасқанын да естеліктерінен оқып біліп жүрміз. Осындай ұлыларға сіңірген еңбегі үшін 1996 жылы Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеу жөніндегі жұмыстар циклі негізінде Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.  

Әкесінен ерте айырылып, өзі де қуғын-сүргінді көп көрген қаршадай қыздың көкірегін Құдіретті күш ерте оятқан сияқты. Сол заманда Абайды тану, Әуезовтей ұлының бағасына жете білу сияқты қасиеттер жай адамның санасына ұялай бермейтін даналық емес пе?!

Апамыздың ғылыми-шығармашылық жолына үңілсек, үнемі осындай үлкен істердің басында жүргенін көреміз. Ол кісінің ешқашан жеңіл атқарылатын, атақ-дәрежеге тез жеткізетін оңай шаруаға еліге қоймағаны аңғарылады.

Мәселен, 1959 жылы жарық көрген, кейіннен әлденеше рет басылған «Қазақ тілі орфографиясы мен пунктуациясы» атты кітаппен қаншама  ұрпақ тілін ұстартып, мәдениетін көтерді.

«Тіл мәдениеті дегеніміз – сөздерді дұрыс, орнымен қолдану, дұрыс қиюластыру, дұрыс дыбыстау, сауатты жазу, тілді әсерлі етіп жұмсау, нормаларын ұстану, орнықтыру, жетілдіру», деп ғалымның өзі айтқандай, біздің бүгінгі тіл мәдениетіміз Рәбиға Сыздықованың есімімен тікелей байланысты десек, артық болмас.

Әсіресе, жазба тілдің жаны осы емле ережелеріне байланған. Мектеп қабырғасында тілді енді игере бастаған шәкірттен бастап, қазақша сөйлеп жазатын көпшілік үшін еміле ережелерін кім жасағандығы емес, оның санаға қонымды, қисынды, ойды жеткізу мен жазуға қолайлы болуы маңызды. Міне, сондай тамаша ережелерді жүйелеп, сөздіктерге айналдырып, қолдан түспейтін құрал дайындаған – Рабиға Сыздықова. Ал сол ережелер мен сөздіктерді құрастырудың астарында қаншама тауқыметті еңбек, көз майын тауысқан жанкешті тірлік жатыр. Сол сөздіктерді қазіргі заманға лайықтап, жаңартып шығаруға оқталған талай адамды білеміз, бірақ осы іске асырғаны әлі жоқ. Себебі ол үлкен дайындықты, терең білімді, ыждағаттылықты, сабыр мен шыдамды және орасан зор еңбекті талап ететін, екінің бірі бара алмайтын күрделі жұмыс.

Біздің үйдің кітап сөресінде Рабиға апайдың «Сөздер сөйлейді» деген кітабы тұрушы еді. Кітаптың атына қызығып парақтай бастағанда-ақ, өзіне бойлатып әкетіп еді. Көне сөздердің көмбесін ашқан апамыз сөз тарихының небір қызық хикаяларын баяндаған екен.

Рабиға Сәтіғалиқызы тіл білімі деп аталатын ауыр ғылымның қара жұмысына жегілді. Соның ішінде тіл білімінің аса маңызды, өте өзекті салаларына қаймықпай барды және сол жұмыстардың барлығында ауыз толтырып айтатын нәтижелерге, асқақ абыройға жетті. Кезінде қазақ руханиятының бағдаршамына айналған «Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты еңбегі де әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Рабиға апай осы еңбегі арқылы қазақ әдеби тілі Абайдан басталып, жоғары тұғырға көтерілді деген идеясын терең тиянақтап, «Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі» деген монографиясымен әбден орнықтырды.

Ол кісінің қазақ тіл ғылымының атасы Ахмет Байтұрсынов жөніндегі монографиясын да атап айтуға болады. Кезінде жабық тақырыпқа айналып, жүрек түбінде шымырлап жатқан толқынды ойларын ғалым тебірене толғады, көсіле жазды.

Осы сияқты ғалым анамыздың әрбір кітабы жөнінде ұзақ толғап, тамсана айтуға болады. Бүгінгі конференцияда ол жөнінде егжей-тегжейлі таратыла айтылады деп ойлаймын.

Менің айтпағым, Рабиға Сыздықова қазақ тіл біліміндегі ғылыми жолын ұлылар өнегесінен бастап, өзі де сол тынып аққан ұлылар теңізіне қосылған тұлға деп айтуға толық негіз бар.

Ол кісі қазақ еркіндігінің бағы қайтып, Кеңестік дәуірдің қыспағына түскен кезеңде дүниеге келіп, жастық шағында саяси қуғын-сүргін ызғарына шалынып, кемел шағында да кең көсіле алмаған уақыттың өзінде осыншама ұлағатты еңбектер қалдырды. Рәбиға апамыздың ғылымдағы жанкешті еңбекке толы жасампаз жолы – бүгінгі жастарға үлгі боларлық тағылымды тағдыр.

Халқының құрметіне, елінің алғысына, әлденеше ұрпақтың шапағатына бөленді. Қандай биікке шықса да аспай, таспай ғалымдық парасатын сақтаған Рәбиға Сәтіғалиқызы келісті болмысымен тоқсаннан асқан жасында да торықпай, келешекке нық сеніммен қарап өткен жан.

Оның өмірінің соңында берген сұхбаттарының өзінен осындай өмірсүйгіштік рухты анық аңғарамыз. Арманы таусылмаған, асқақ рухын аппақ арманымен әлдилеп, үнемі алға ұмтылғаны көрінеді.

Ол кісі тоқсаннан асқан шағының өзінде былай дейді:    

«Қазақ тілі тек қатынас құралы болмай, әсем тіл, сазды тіл, назды тіл ретінде өркендеп, ғылым, саясат, экономика тілі болып, көсегесі көгеріп, өрісі кеңейсе екен деген тілекпен өмір сүріп келеміз. Тұрмыстық тіл ретіндегі тонын сыпырып, тұтас ақылман адамдардың сөйлейтін кемел тілге айналса екен деген арман кеудемізді кернеп тұрады. Адам болған соң «Менің тілім төрткүл дүниеге тегіс тараған Еуропа тілдерінен кем болмаса, шіркін», деп ойлайсың ғой».

Қандай мөлдір сезім!

Қандай асқақ, аппақ арман!

Әрбір қазақтың бүгінгі жас өрені осындай арманмен өмір сүрсе, біздің келешегіміз кемел болмай ма! Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының, барша тіл жанашырларының мақсаты мен іс-әрекеті Рабиға апайдың осы арманында тоғысады.

Рауан Кенжеханұлы,

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті