Реформа • 25 Қазан, 2024

Сенімді нығайтқан саяси реформа

109 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кейінгі бес жылда елдің саяси өмірінде сең қозғалды. Мемлекеттің басқару жүйесіндегі жаңа реформа халықтың шешім қабылдау үдерістеріне қатысуына, қоғамға әлеуметтік оптимизм мен ынтымақтастықты қайтаруға тың серпін берді. Ең маңыздысы, рефор­ма­лар­дың жүйелі әрі дәйекті жүргізілуі жұрттың айтарына құлақ түретін Үкіметтің өз бетінше шешім қабылдап, заң шығарушы палатаның да ықпалын арттыра түсті.

Сенімді нығайтқан саяси реформа

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Жалпыхалықтық референдумнан кейінгі сайлау науқандары қоғамның саясилануына әкелді. Әрине, Конституцияға енгізілген өзгерістер бір күндік жұмыстың нәтижесі деп айтуға келмейді. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдан бері төрт бірдей ірі саяси реформаның өмірге келуіне жол ашты. Саяси сарапшылардың пайымынша, бір ғана аралас сайлау жүйесінің артықшылығы мен мүмкіндігі мол.

Былтыр Мемлекет басшысы «Қоғамдық бақылау туралы» және «Қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды. Бұл құжат­тарды халық көптен күт­кен еді. Өйткені заң әділетті мем­лекет құрудағы қоғамдық қарым-қатынастарды рет­теуге нақты тетік­­терді қарастырды.

ап

Атап айт­­сақ, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор жұмысының ашықтығы, аза­маттардың мемлекет істерін бас­қаруға ұмтылу деңгейі өсті. Мем­лекет пен қоғам арасындағы өзара сенімнің деңгейі артып келеді. Демек, азаматтардың қажет­тілік­теріне ден қоюға жол ашылды деген сөз.

Елде жүріп жатқан саяси ре­фор­малардың басы – талай жылдан бері тәуелсіздіктің ірге­та­­сын қалап берген егемендік дек­ла­рациясының қабылданғанын ұлттық мереке ретінде атап өту туралы қаулының қабылдануынан басталады. Қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы осылай дейді. Оның айтуынша, биыл еліміз егемендік декларациясын қабылдаудың 34 жылын атап өтіп жатыр. Өйткені декларация – тәуелсіздігіміздің іргетасын қалаған негізгі құжат.

«Өкінішке қарай, ел тарихын­дағы атаулы күн жұрт жадынан өше бастады, ал 2007-2008 жылдан бері жоғарғы билік толыққанды монополияға айналды. Бұл кө­рініске Парламентте жүргенде де талай куә болдым. Қабыл­дайтын заңдарымызға Пре­зидент әкімшілігі тікелей араласатын. Көптеген құжат Президент әкімшілігінің алдына апарған кезде Үкіметтің де сөзі өтпейтін, Парламенттің де қауқары жоқтығы аңғарылатын. Тіпті Президент әкімшілігі кейбір баптарды алып, орнына басқа баптарды қосып жататын. Бірлесіп қабылдаған заң жобалары олардың алды­нан өтпейтін. Ал бұл, шын мә­нін­де, биліктің сол кезде барынша біртұтас монополияға айна­лып кеткенін көрсетті», дейді М.Бақтиярұлы.

па

Дегенмен Қасым-Жомарт Тоқаев билік басына келген жылдан бастап монополияға қарсы жұмыс жүріп, Ұлттық қоғамдық кеңес құрылды. Оның құрамына ашық пікір айтып жүрген белсенділер мүшелікке кіріп, жылына екі-үш рет жиналып қоғамда әбден тамырын кеңге жайып кеткен өзекті мәселелердің шешу жолдарын ортаға салып, талап ететін мәселелерді кең түрде талқылап, заңға өзгерістер енгізу қажеттігі жиі-жиі айтыла бастады. Бірақ мемлекетіміздегі қосарланған биліктің көрініс беруі министрлер мен әкімдіктердің кімге бағыну қажеттігін қиындата түсті.

Сондықтан қоғам қайрат­кері М.Бақтиярұлы кейінгі саяси реформаларды екі кезеңге бөліп қарастыру қажет екенін алға тартты. Бірінші кезеңде көрініс тапқан 2019-2021 жылғы реформалар талпыныс ретінде болды. Көп жағдайда белгілі бір топтардың ықпалымен кідіріске ұшырап жатты. Алайда осы сер­пілістің өзі қоғамдық сананы оятуға ықпал етті. 2022 жылдың қаңтарынан бастап ре­фор­малардың екінші кезеңі бас­талды. Бұл қазір де тұрақты жүріп жатыр. Ең өзек­тісі, алғаш рет Президенттің саяси партияда болмауы болды.

«Мұндай саяси бетбұрыс – дик­­та­туралық немесе ірі тота­ли­тарлық жүйеден шыққан Ор­талық Азия мемлекеті үшін саяси реформадағы ең маңыз­ды қадам деп айтар едім. Екін­шіден, Парламент пен Үкі­мет­тің құзыретін кеңейту де­мократиялық жолдағы тағы бір басты қадамға айналды. Бұл мәсе­ле бұған дейін жылдар бойы айтылып келді, бірақ іске аспады. 2022-2023 жылдардағы жасалып жатқан саяси реформаларда Парламенттің құзыреті біршама кеңейді. Сөйтіп, саяси жүйеге тағы жан кірді. Парламентке, оның ішінде Мәжіліске алғаш рет алты партия өкілінің шығуы, кезінде жылдар бойы қабылдата алмаған бір мандаттық округтен сайлану құқығы қайта жанданды. Конституциялық соттың қалпына келтіріліп, оның шешімін Президент те шеше алмайтындай құзырет беруінің өзі елдегі саяси жүйенің шын мәнінде өзгеріске ұшы­рағанын аңғартып берді», дейді ол.

па

Оның айтуынша, бұрын Үкімет бір шешімді қабылдау үшін Президент әкімшілігінің ең төменгі лауазымдарынан бас­тап Президент әкімшілігінің басшысына дейінгі аралықта жүріп уақытын сарп ететін. Ал қазір Үкімет көп жағдайда шешімді өзі шығарады, бірақ сол шешімге өздері жауапты болды. Ал әкімдер сайлауындағы формалды сипатта да сең қозғалған. Жергілікті жер­лердегі әкімдердің сайлауына ха­лық­тың қатысуы – үлкен жетіс­тік.

«Адамдардың бір нәрсені тез арада шешуі үшін пара беруі секілді саяси элитада да жаңа реформаларды қабылдауға кедергі жасап баққысы келетіндер жоқ емес. Парламенттің құзыры кеңей­генімен, қазір де заң жоба­ларының кейбір баптарын өзгер­­ту туралы өтінішпен шыға­тын­дар бар. Бұл – сол ескіден қал­­ған сарқыншақтардың әре­кеті. Депутаттар өзекті сауалдарды мінберден жеткізіп жатыр. Бірақ Үкіметтің құлақ асуы кемшін. Әкімдер сайлауында да атқарушы органдардың іске араласуы секілді теріс әрекеттердің болып жатқанын естіп жатырмыз. Меніңше, реформалардың алға жылжуы адамдардың арұя­­ты мен мемлекет органдары басшыларының әділеттілігінде жатыр», дейді М.Бақтиярұлы.

Саяси сарапшы Ерлан Ахмеди­дің айтуынша, 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың билікке келуі қоғамға үлкен үміт сыйлады. Мемлекет басына келген Президент халықтың үмітін ақтауға жұмыс істеуге белсенді түрде кірісті. Айталық, Ұлттық кеңес құрылды. Оның аясында елімізде саяси-демократиялық реформаларды іске асыруға бағытталған нақты бастамалар көтерілді. Сондай-ақ бағдарлама мен Жолдаулардың аясында саяси реформалардың төрт топтамасы іске асты.

«Әрине, мұндай саяси өзге­ріс­тер биліктегі әртүрлі топтарға ұна­ған жоқ. Себебі демо­­кра­тия­лық үдерістер ойын­ның ере­­­­­желерін басқаша қарауға итер­­меледі. Ал Қаңтар оқиға­­сы­нан кейін де­мократиялық үде­рістер одан са­йын күшейді. Конс­титуциялық ре­форманың нәтижесінде елдің саяси өмірінде көптеген өзгеріс іске асты», дейді сарапшы.

Жалпыхалықтық референдум жаңа саяси мәдениет қа­лып­тастырып, халықтың үнін ес­тіртуге бағытталды. Яғни Конс­ти­туциялық реформаның нәти­жесінде суперпрезидентік басқару жүйесінен дәстүрлі президенттік жүйеге көшу бас­талды. Президенттің лауазымдары қысқарды, Парламенттің рөлі күшейді, аралас сайлау жүйесі енгізілді. Бұл орайда Е.Ахмеди Президент институты жаңғырғанын айтып отыр. Демек, алдағы жылдары билік басына келетін Президент бірреттік жетіжылдық мерзімге сайланады. Мұндай жүйе Оңтүстік Корея, Мексика елдерінде бұрыннан қалыптасқан. Мемлекет басшысы айтып өткендей, алдағы 21 жылда үш президент ауысуы қажет. Бұл сөз саяси элита үшін жаңа ережелер мен демократиялық қағидаларға негізделген месседж болды.

«Әрбір мемлекеттің өзіндік саяси-демократиялық жолы бар. Мысалы, АҚШ пен Батыс Еуропада либералды демократия қалыптасқан. Бауырлас Түркияның да өзіндік тарихы мен мәдениетіне негізделген консервативті демократиясын атап өтуге болады. Сол секілді біздің де өзіндік демократиялық жолымыз болуы – заңдылық. Қазіргі жүргізіліп жатқан реформаларды байыпты түрде іске асыру маңызды. Тарихымызға қарайтын болсақ, ұлы далада демократиялық дәс­түрлер болды. Біз хандарды құрыл­тайларда сайладық, ал ХХ ға­сырда Дала демократиясы мен Батыс Еуропа синтезінің нәти­­жесінде Алаш партиясы, Алаш Орда үкіметі құрылған. Осы кезеңдерде қазақ саяси мәдениеті жаңа бағытқа қадам басты. Дәл сол секілді қазіргі кезеңде елдің саяси өмірінде жаңа реформа іске асып жатыр. Парламенттік реформа, Президент институты, әкімдердің сайлауы – үлкен сая­си өзгеріс. Мәселен, жергілікті өзін-өзі басқару демократиялық дамуға жол ашты. Халық та әкімдерді сайлау арқылы өңірдің өркендеуіне жауапкершілік алды. «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» формуласын Қасым-Жомарт Тоқаев 2014 жылы Сенат төрағасы болып тұрған тұста халық­­ара­лық форумда ұсынды. Он жыл кеш қалып іске асырылып жат­қанымен, жаңа саяси жүйе елдің өркендеуіне жол ашары анық. Алдағы жылдарда тағы бір үлкен саяси бағдарламалар қа­­был­­да­нарына сенімдімін», дейді саяси сарапшы.

Президент жанындағы Қазақ­стан­ның стратегиялық зерттеулер институты Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Дулат Өтеғали да еліміздің сайлау жүйесіндегі негізгі өзгерістер саяси жүйе­ні демократияландыруға және сайлаудың ашықтығын арт­ты­ру­ға бағытталғанын айтады. Реформалардың мақсаты – саяси партиялардың рөлін нығайту, шешім қабылдауда азаматтардың қатысуын кеңейту және сайлау­дың бәсекеге қабілеттілігін кү­шейту. Тұтастай алғанда, өзге­рістер саяси бәсекелестік пен Парламентті алуан түрлі болуына және халықтың әртүрлі топ­та­рының мүдделерін ескеруге ықпалын тигізді. Оның ішінде сайлаушылардың бір мандатты жүйемен өткендердің мандатын қайтарып алу мүмкіндігіне ие болуы көп нәрсені аңғартады. Бұл депутаттардың өз сайлауалды бағдарламаларын орындауына, жұмысы тиімділігінің және сайлаушылардың алдындағы жауап­кершілігінің артуына әсер етуге тиіс.

Елімізде 2021 жылдан бері ауыл әкімдерін сайлау өткізіліп келеді. Сол кезден бері 1 700-ге жуық әкім сайланған. Олардың төрттен бір бөлігі өзін-өзі ұсы­ну­шылар болса, қалғаны – саяси партиялардың өкілдері. Ста­тис­тикалық деректерге сәйкес, сайланған әкімдердің жартысынан астамы бұрын мұндай қызмет атқармаған. Бұл өз кезегінде жер­гілікті деңгейде саяси аренаға жаңа тұлғалардың келгенін ай­қындайды. Былтырдан бастап тұңғыш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланды. 45 аудан әкімі лауазымына 125 бәсекеге түсті. Барлық 7 саяси партия өз үміткерлерін ұсынды. Бұл Орталық Азия мемлекеттері арасындағы алғашқы тәжірибе болып отыр.

Бұл ғана емес, әкімдерді тіке­лей сайлау жүйесі жаңа саяси күштер мен тәуелсіз үміткер­лер­дің қатысуына мүмкіндік ашады. Бұл өз кезегінде саяси плю­­­рализмнің дамуына және жер­гілікті деңгейде демокра­­тия­ның нығаюына алып келеді. Демек, сайлау жүйесіндегі өзгеріс пен қоғам пікірін ескере білген елдегі демократия әділдікке құрылатынын айғақтап береді.