Алматы • 25 Қазан, 2024

Еңселі ғимарат – елдік нышаны

290 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматының орталығында орналасқан мына бір ғимараттың ел тарихында алар орны бөлек. Азаттықтың алтын бесігіне баланатын ару шаһардағы дәл осы нысанда 1990 жылы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Жоғарғы кеңестің кеңсесі болған ғимарат – талай тарихи оқиғалардың шежіресі қатталған мекен. 1991 жылы «Тәуелсіздік туралы» Конституциялық заң да осы жерде бекітілді. Астананы елордаға ауыстыру туралы шешім де осында қабылданды.

Еңселі ғимарат – елдік нышаны

Суретті түсірген – Юрий Беккер

Елдігіміздің еңселі мерекесі қарсаңын­да «Egemen Qazaqstan» газетінде Респуб­лика күнінің маңызы мен мәні, оны атап өтудің жөн-жобасы туралы дөңгелек үстел өткені мәлім. Сол жиында Қазақ­стан қоғамдық даму институтының бас­қарма басшысы Нұрбек Матжани біз айтып отырған бұрынғы Жоғары кеңестің ғимаратын тәуелсіздік атрибу­ты ретінде пайдалануға болады деген ұсыныс білдірген еді. Тәуелсіздік тари­хы­ның бастауын­да тұрған кешен ел тарихындағы елеулі оқиғалардың куәсі ғана емес, ұлтының өткеніне өгей көзбен қарай алмайтын жас ұрпақты тағылымға ұйыс­тыратын таптырмас орын болуға тиіс екені бұған дейін де айтылған.

«Негізі біздің тарих АҚШ-пен өте ұқсас. Америка алғаш рет Фила­дельфияда егемендігін жариялады. Кейін ел астанасы жаңадан салынған Вашингтонға көшірілді. Филадельфияда атақты «Тәуелсіздік ордасы» атты ғимарат бар. Бұл нысанды әлі күнге дейін ел президенттері, сенаторлар, конгресмендер, саясаткерлер бағдарламалық сөз сөйлейтін кезде рәмізді орын ретінде таңдайды. Таяуда ғана Камала Харрис пен Дональд Трамп та осы жерде дебат­қа түсті. Біз де Алматыдағы Төле би көшесінде орналасқан бұрынғы Жоғары кеңестің ғимара­тын «Тәуелсіздік ордасы» деп атасақ, ұтар едік. Бәлкім, балаларды, жасөспірімдерді, студенттерді жыл са­йын сол жерге апару, оның макетін ауыл-аймақ, мекеме-мектепке дейін таратып, насихаттау, танымал ету Республика күнінің бір нышаны ретінде мерекенің мәртебесін биіктетеді деп есептеймін»,  деген еді Н.Матжани.

Тәуелсіздік жаршысына айналған ғимараттың іргетасы 1938 жылы қаланған. Соғыс жылдарында тұралап қалған құ­ры­лыс жұмысы кейіннен қайта жалғасып, 1957 жылы ғана пайдалануға берілді. Ал 1972 жылы оған қосалқы екі ғимарат салынып, бүйірлік залдар кеңей­тілген. Ғимарат сәулетші Борис Рубаненконың жетекшілігімен «Моспроект» шеберханасында жобаланыпты.

Ғимарат бір-бірімен кең жолдар арқылы байланысқан үш композициялық томнан тұрады. Олардың ортасында ғимараттың негізгі бойлық осі бойында орналасқан Жоғарғы кеңес залы бар, ол екі тікбұрышты ауланы құрайды. Негізгі қасбеттің архитектуралық шешімі – жарық пен көлеңкенің тиімді ойынын жасай отырып, үлкен 8 бағаналы кеңістіктіктен тұрады.

1980 жылға дейін бұл ғимаратта Жоғарғы кеңес, Министрлер кеңесі және Қазақ КСР Компартиясы Орталық коми­теті орналасты. 1982 жылы ғимарат қала құрылысы және сәулет ескерткіштерінің тізіміне қосылды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Алматы облысының әкімдігі осында орналасты. Енді бұл – 2001 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ). 2016 жылы ҚБТУ (Жоғарғы кеңес) ғима­ра­тының қабырғасына «Қазақстан Республикасы мем­ле­­­кеттік тәуелсіздігі туралы» Конс­титу­ция­­лық заң­ның қабылданғаны туралы ме­мориал­дық тақта ілінді.

Ел тарихындағы елеулі оқиғаға куә болған сол тұстағы депутаттар мен мем­лекет қайраткерлері де Н.Матжанидың ойын қуаттайды. Мәселен, Қазақ КСР халық депутаты болған академик Ораз Баймұратов нысанды егемендіктің маңыз­ды атрибуты ретінде бағалау тарихқа жасалған құрмет деп есептейді.

«Бұл сәтті сөзбен айтып жеткізу мүм­кін емес. Ол кездегі депутаттар, шын мәнінде, әр салада көшбасшы бол­­ған, елшіл, мемлекетшіл, рухани қуаты мықты қайраткерлер еді. Бос­тан­дық деп бұлқынған, болашаққа ұмтылған халқымыздың арман-аңсары арнасын тапқан күн еді бұл. Талай қилы кезеңді бастан өткеріп, өз босағаңда өзгеге жәутеңдеуден асқан сор бар ма? Тәуел­сіздік таңы атқанда қуанбаған жүрек жоқ шығар. Айтып отырған ғи­марат – расында, ел үшін тарихи қас­терлі орын болуға лайық жер. Оның әр қабырғасында бүтін бір халықтың арманы, жаңа кезеңнің бас­тауы, маңызды шешімдердің жаңғырығы жатыр. Мұны тек тарихи ескерткіш деп атап қоймай, күтіп баптауға, мемлекеттік деңгейде маңыз беруге ұмтылуымыз керек», деді О.Баймұратов.

Университет ұжымы айтулы ғимарат­та білім алатын шәкірттерге мұндағы аудиториялардың киелі орын екенін, ғи­марат­тың тарихы туралы үнемі ақпа­рат беріліп отыратынын жеткізді. Бірер жыл бұрын ғимараттың орталық залында демеушілік қаражатпен жөндеу жұмысы жүргізіліпті.

«Біз барлық ережені қатаң сақтадық, өйткені ғимарат – тарихи ескерткіш ретінде мемлекет қорғауында. Ең бастысы, біз коммуникацияларды қалпына келтірдік: жылу, желдету, жаңа дыбыстық жүйе орнатылды. Қазір бұл – мәжіліс залы емес, университеттің қажет­тіліктеріне, оның ішінде студенттік іс-шараларға арналған зал. Жарық ауыс­тырылды, барлық люстра қалды, оларға жаңа жарықдиодты шамдар қойды. Паркеті қайта жылтыратылды. Дөңгелек залдың төбесіндегі күмбезге күн батарея­лары орнатылды. Дөңгелек залда ескі орын­дықтардың төсеніштері ауыстырылды. Өйткені таза былғарының тозығы әбден жеткен. Жарамсыз болды, ескі қаптаманы сақтай отырып, жаңа түсті дерматиннен әзірленді. Ғимараттың дәліздерінде кеңестік декор элементтері, ескі шамдар, терезелер сол қалпында сақталған», дейді ғимаратқа ие болып отырған университет өкілдері.

 

АЛМАТЫ