Әуелі Андрейдің жергілікті ұлт тілінде ешбір мүдірмей, таза сөйлейтінін қызықтағанбыз. Қазағы қалың оңтүстік өлкеде таңсық емес шығар, ал өз бауырымыз одыраңдаған орыс тілінде сөйлейтін біздің жақта өзге нәсілдегі өреннің өз тіліңде сөйлеуі әдемі әсер қалдырады. Тіпті ет жақын туысыңмен дидарласқандай разы болып қаласың.
– Әне, анау тауды көрдіңіз бе? – деген Андрей оң қолын әнтек көтеріп, көгілдір сағым көмкерген шағын тауды нұсқады, – Қошқарбай тауы. Етегінде тау аттас ауыл бар.
Кілең жергілікті ұлт тұратын шоқ жұлдыздай шағын ғана берекелі ауылды білетін едік. Ел ағасы Қайыркен Хасенов бас болып, қайсыбір жылдары балалар үйінен әлденеше балаларды әкеліп, бауырларына басыпты дегенді де естігенбіз. Бір жағынан, ауылдағы жыл сайын бала саны жетпей жататын мектепті сақтап қалу, екінші жағынан, жетім көрсе жебейтін халқымыздың ғажайып қамқорлығы. Тілдесе келе ұққанымыз, Андрей де сол балалардың бірі екен. Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық колледжін бітіріп, құрылыс шебері атаныпты.
– Қалада әрине, жастарға қызық қой, бірақ мен ауылға қайтқым келді. Онда бауырына басып тәрбиелеген Гүлнар анам мен Бағлан әкем Баймақановтар бар. Ауылдағы негізгі мектепті аяқтадым. Таза қазақ тілінде. Ауыл балаларымен тай-құлындай тебісіп өскен соң жергілікті ұлт тілін жете меңгердік. Тілін ғана емес, салт-дәстүрін де, – дейді Андрей Кекин. – Ақкөл қаласындағы балалар үйінен інім Сергей, қарындасым Галямен бірге келгенбіз. Отбасында Шахназар, Серік, Индира, Эльмира, бәріміз бірге өстік. Балалар үйінен айырмашылығы, ата-ананың жанашырлығы дер едім. Өз қолым өз аузыма жетсе де, қайырылып кете алмай жүргенім сол. Қазір механизатор болып еңбек етемін. Айына 200 мың теңгенің төңірегінде табыс табамын. Енді біз де азамат болған соң отбасына көмектесуіміз керек қой.
Өз айтуына қарағанда, жатпай-тұрмай жұмыс істейтін ауыл адамдарынан көп дүние үйренген. Ең бастысы, бір-біріне жанашыр болуды, қамқорлық көрсетуді. Ауылдағы шаруа қожалығының басшысы Қайыркен Хасенов жыл сайын өз қаражатына үй салып, жастарға береді екен. Азамат Жанбай есімді Андрейдің досы осындай үйге кіріпті. Қора-қопсысы, моншасы, бақшасы бар, сәулетті үй. Былтыр да осындай бір үй салынған. Ел ағасының бар пейілі – шағын ауылды шашыратпай, сақтап қалу.
– Мен де бизнеспен айналысқым келеді, – дейді Андрей, – сол кезде Қайыркен ағам тәрізді ауыл адамдарына көмектесіп, алғыс арқаласам деп армандаймын.
Қазір механизатор Андрей күзгі орақ науқанына қатысып жүр. Көктемнен қашан қар түскенше бір үзілмейтін науқандық жұмыс кезінде алдынан жұмыс үркіп отыратын жігерлі жас кез келген шаруаны істей береді. Жер де жыртқан, тыңайтқыш та сіңірген. Енді міне, ел ырыздығын еселейтін күзгі егін орағы.
Екі жыл техника тізгіндеген бозбаланың кеудесіндегі ең ізгі арманы – ауылының ажары. Бауыр басып қалғаны сондай, екі сөзінің бірінде «мен ауылдың баласымын» дейді. Ауыл деген ақ бесік, қара шаңырақ өзінің уылжыған ықыласымен бозбаланы бауырына тартып тұр-ау. Өзі де балалар үйінен келіп, бақыт құшағына бөленуі Баймақановтар отбасының ыстық ықыласы, адамгершілік пейілі деп ұғады. Жағасына қол тимесе, жамаулы киім кимесе, ол – кеңпейіл қазақтың қасиеті.
– Ауылда алған тәрбие бізді өмір сүруге үйретті, – дейді кейіпкеріміз, – қазір адал еңбек туралы көп айтылады. Ал еңбектің шынайы мектебі ауылмен тамырлас.
Айтқаны жөн-ау, тіпті.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы