Сурет: instagram.com/didarkadenkz
Әрине, мемлекетіміздің қолдауының арқасында бүгінге дейін атақ пен марапаттан кенде болған жоқпыз. Десе де Халық әртісі ретінде ресми мойындалудың қуанышы бөлек екен. Айтулы атақтан байып, асып-тасып кетпесіміз анық. Бірақ көңілдің аспандап, қиянға шыққаны рас. Бұл – менің ұрпағыма, көрермендеріме қуаныш. Мені алға қарай жылжуға, өнерге әрі қарай да қалтқысыз қызмет етуге жетелей беретін жаңа бір серпіліс болғаны анық.
Әртіс деген халық өте әсершіл келеді. Осы құрметке ие бола алмай арманда кеткен қаншама талантты актерлеріміз бар. Шын мәнінде адамның көзінің тірісінде еңбегінің бағаланғанына не жетсін! Сондықтан да Аллаға мың да бір тәубе деймін. Ұзақ жылдан бері үзіліп қалған атақты қайта жаңғыртқаны, қалпына келтіргені, елдігімізді еңселі ете түскені үшін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор алғысымды жеткіземін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, ұрпағымыз ғұмырлы болғай. Ұлт өнері мәңгі жасай берсін!
Лидия КӘДЕН,
Қазақстанның халық әртісі