Сурет: aikyn.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, әр қазақ осы күннің бағасын білуі қажет. Оның үстіне, қоғам ішінде әділдік орнап, ұлттық құндылықтарымыз қайта насихатталып жатыр. Ұлттың мәдени өмірінің жаңа тынысы ашылды.
Шынында, Республика күні өз мәнін қайта тапты. Бұл жөнінде көптің толғанысты пікірлері ұлттық мерекенің мәні мен маңызын аша түсерлік дәрежеде болуға тиіс. Оның түйіні қазақ халқының татулығы, жеткен жетістігі, ұлттық стратегиялық мүддесінде жатыр. Ірі тұлғалар, қоғам қайраткерлері қалың бұқараға тәуелсіздіктің мәнісін ашып, осы ұғымды тарихи тұрғыда тереңнен талдап беруі керек. Осы күні егемен еліміздің көгінде біздің менталитетімізге жақын, жүрегімізді тербетіп, жылу беретін ән-әуездер қалықтаса игі. Менің түсінігімде, қазақ аспаны еркіндікпен боялған.
Қазақ «жақсы сөз – жарым ырыс» дейді, осы күні тілегіміз – түзу, ниетіміз – ақ, көңіліміз кіршіксіз қалыпта Отанымызбен мақтанайық, бірлігімізді нығайтайық, елдігімізді танытайық.
Жанұзақ МҮСӘПІР,
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, суретші