Тарих • 25 Қазан, 2024

Жұрт жоқшысы Жанқожа

215 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Биыл ХІХ ғасырдағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, даңқты батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлының туғанына екі жарым ғасыр толып отыр. Осыған орай, таяуда елдің ардақты тұлғасының туған жерінде ұлықтау шаралары өтіп, соның аясында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Сол жиынның қорытындысы іспетті бұл мақала отандық және шетелдік архивтердің құжаттарына, ел ішінде сақталған шежірелік деректерге негізделген.

Жұрт жоқшысы Жанқожа

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-ба­баларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа берілуге тиіс» деген болатын. Мемлекет басшысы айтқандай, қазақ халқының тәуелсіздігі жолында жанын пида еткен қаһармандардың қатарында Жанқожа Нұрмұхамедұлы да бар.

Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы, Кенесары Қасымұлы бастаған ірі көте­рілістер жеңіліске ұшыраған соң, қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы біржола жанышталғандай көрінді. Он тоғызыншы ғасырдың орта шенінде әлі де болса тә­уелсіздігін сақтап, Сырдария өзені бойы­н жайлаған қазақтар патшалық Ресей, Хиуа және Қоқан хандықтарының ендігі кезектегі шапқыншылық нысанына айналды. Әсіресе Ресей империясының жойқын әрекеті Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің өрістеуіне қозғау салды.

Халық жадында батырға арналған оннан астам тарихи жыр-дастан ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жетіп, сақталып қалған. Бұлардың сапында Мұсабай, Нұрмағамбет, Жөкей, Лұқпан, Қарман, Нұрсұлтан, Ізжан, Орнықбай және басқа жыраулардың шығармаларын атап өткен жөн. Мысалы, Жанқожа батыр туралы жырды орыс офи­цері И.В.Аничков Мұсабай жыраудың өз аузынан жазып алып, 1894 жылы баспа жүзінде жариялаған.

Жанқожа Нұрмұхамедұлы 1774 жылы дүниеге келген. Ол Кіші жүз Әлімұлы тайпалық бірлестігінің Кішкене Шекті руы­нан шыққан. Атасы Киікбай батыр кісі болған. Ол туралы Елекей Қасымовтың 1847 жылы Жанқожа батырға жазған бір хатында: «Менің атам Әбілқайыр хан болған кезде сенің атаң Киікбай оның батыры, әрі биі болды. Сол кезде екеуі бірігіп Сырдария өзенінің бойында көшіп-қонып жүрген қарақалпақтарды Хиуаға, Ырғыз бен Торғайды жайлап алған қалмақтарды қытай жерлеріне қуып тастап еді, біздің осы жерлерді еркін жайлап жүргеніміз – солардың арқасы», деп айтылған.

Батырдың әкесі Нұрмұхамед 1710 жылы дүниеге келіп, 1792 жылы Хиуа хандығының зекетшісімен қақтығыста қаза тапқан. Байлыққа құмартпаған Нұрмұхамедтің 7-8 түйесі мен 5-6 биесі болған деген деректер кездеседі. Шежіреге сүйенсек, одан төрт ұл өрбіген: Ақмырза, Жолмырза, Жанқожа, Жүзғатар (немесе Жауғашар). Табиғатынан ұстамды Нұрмұхамед жұртқа тыныштық бермеген Хиуа және Қоқан үкімдарларының өктемдігінен қорғану мақсатында ұлдарын сарбаздыққа баулыған. Осыдан болар, Жанқожа батыр қартайған шағына дейін қаруын жанынан бір сәт тастамаған екен.

Жанқожа бозбала шағында-ақ еркін, батыл мінезімен ел көзіне түсіп, 40 жасында Сыр бойындағы қазақтардың арасында жоғары беделге ие болады. Батырлығымен қоса, би мәртебесін иемденеді. Оған тіпті айыптыға өлім жазасын тағайындау құзы­реті берілген. Мұндай билік дәрежесі негізінен Шыңғысхан тұқымдарында – Тәуке, Әбілқайыр, Сәмеке, Жолбарыс, Әбілмәмбет, Абылай, Уәли хандарда, Арынғазы, Кенесары сұлтандарда, сондай-ақ Шектінің тағы бір батыры Есет Көті­барұлында болғаны белгілі. Мысалы, 1849 жылдың соңында бейқам жатқан елді шапқан барымташылардың қолға түскен екеуін дарға асуды бұйырған Жанқожаның үкімі дереу орындалғанын естіген Ресей империясының Шекаралық комиссиясы бұл істің жай-жапсарын құпия түрде тексереді. Әділдікті ту етіп көтерген Жанқожа батыр енді бірде – 1848 жылы сұлтан Алтынғазы Нұрымұлы төртқара руының биі Құлбарақ Бекбаулыұлының ауылын шауып кеткен кезде Жайық бекінісі әкімшілігіне шағым айтып, бүкіл тоналған дүние-мүлкін қайтарып беруге ықпал еткен.

Қоқан мен Хиуа хандықтары Сырдария бойындағы қазақтарды ығыстырып, ол жерлерге бекіністерін сала бастағаны жергілікті қазақтардың қарсылығын ту­ғызды. Басқыншылар Қуаңдарияға таяу орналасқан Қарақ биігіне жақын Құртөбе деген жерде бекініс салып, онда 200-дей адамнан тұратын гарнизонды жабдықтады. Кейіннен Сырдарияға тіпті жақын маңда Қожанияз бекінісі бой көтеріп, ол соңыра Райым бекінісі деп аталды. Мұның ізінше Жаңақала бекінісі қатарға қосылды. Бұл аймақтарда ежелден қазақтар көшіп-қонып жүретін. Хиуалықтар салған бекіністер сауда жолдарының бойында орналасты. Олардың әскери жасақтары әрлі-берлі өткен керуеннен ғана емес, қазақ даласына дендеп еніп, қарапайым халықтан да салық жинап тұратын еді. Бұған қоса, қоқандықтар да елдің мазасын түгесіп бітті. Олардың билігі Сырдарияның төменгі ағысына дейін созылды. Осылайша, Сырдарияның оң жағалауын бойлай тұтасқан әскери бекіністер қазақ даласына тереңдеп кіре түсті.

Қоқан мен Хиуа хандықтарының жау­лап алу саясаты өте қатаң сипат алды. 1848–1849 жылдары Хиуа бектері жіберген жасақтардың қазақ ауылдарына шабуылы жиілей түсті. Нөкерлер тонағанымен қоймай, малды айдап кетті, үйлерді өртеді, әйел затын күңдікке салды, бала-шағаны аяу­сыз қырды. Олардың мақсаты қазақтарды өз билігіне бойұсындыру, бағындыру, сөйтіп боданға айналдыру еді. Малдан зекет, бидайдан ұшыр, яғни әр түтіннен – бір қой, он пұт астықтан – бір пұт алынып отырды.

Хиуа мен Қоқанға қарсы шайқастарда беделі зор Жанқожа батырды Ресей билігі әуелі өзіне қарай тартуға ұмтылды. 1845 жылы Орынбор шекара комиссиясының төрағасы Ладыженский шенеунік Бегловқа Жанқожа батырды Жайық бекінісіне шақырып, 200 рубль және зерлі шапанға арналған шұғаны сыйға тартуды тапсырды. Беглов Жанқожа батырға адам жіберіп, сый-сыяпатты алу үшін бекініске келіп кетуін сұраған хат жолдайды. Алайда Жанқожа батыр мұндай ілтипатқа жай алғыс білдіреді де: «Мен ондай құрметке лайықты іс жасамадым. Орысқа қатысты жаман ниетте емеспін», – деп қысқа жауап қайтарады. Сөйтіп, Ресей империясының арбау саясатына алданбады. Хиуалықтарды талқандауда тигізген көмегі үшін Ресей билігі оған есаул шенін тағайындады. Бірақ Жанқожа қарттығын алға тартып, ешқандай қызметтік талаптарды орындай алмайтынын айтып, ант бермесе де, орысқа зияны жоқ екенін ескертіп, тағы да шен алудан бас тартты.

Осыдан соң І Николай Жанқожадан есаул шенін қайтарып алды. Жанқожа батырдан ант ала алмаған генерал-губернатор В.Перовский оны Кішкене шектілерді басқару ісінен шеттетті.

Жанқожа батыр ХІХ ғасырдың 40-жылдарында орыс билігімен қарым-қатынасқа тек Қоқан мен Хиуа хандықтарына қарсы соғыста одақтас ретінде қарады. Олар Райым бекінісін салған кезде де сауда байланыстарын орнату үшін «көпестеріңді жіберіңдер» деді. Бірақ патшалық Ресейдің Сырдария әскери бекіністер желісін салу арқылы өз билігін орнату мақсаты болды. Отарлық саясаттың әрекеттері Жанқожа Нұрмұхамедұлын жаңа көтеріліс бастауға мәжбүрледі.

1853 жылы Ақмешітті орыс әскері басып алған соң Сырдария бекіністер желісі салынған жерлердегі қазақтар Ресей боданы болып саналды. Бұрын Хиуа мен Қоқан хандықтарына ұшыр мен зекет төлеп келсе, енді Ресейге жылына бір түтіннен 1,5 рубль күміспен салық төлеуге міндеттелді. Ал қазақтар оны қоймен өтегендіктен, салық артығымен алынатын еді. Тіпті жылына бір емес, 3-4 ретке дейін салық жинау әдетке айналды.

Сырдария бекіністер желісі салынған соң Жайық және Орынбор казактарын Арал маңына қарай көшіру басталды. Оларға қазақтардың жайылымдық және егіндік жерлерін тартып алып берді. Көшіп-қонып жүрген қазақтар әр жылы жаңа жерге көшіп, тыңнан арық жүйесін қазуға мәжбүр болды. Осындай жағдайлар қазақтарды ең шұрайлы жерінен айырып, суғару жүйесін бұзды. Жайылымға мал жая алмаған, не егін еге алмаған қазақтар балық аулаумен күнкөріс жасады. Бірақ ахуал өте қиын еді. Наразылық өрті өрши түсті.

Жанқожа батыр бастаған көтеріліс 1856–1857 жылдарды қамтыды. Көтерілісшілер саны 1856 жылдың желтоқсан айының ортасына қарай 1 500-ден асады. Көтеріліске Сырдарияның төменгі ағысын мекендеген Кішкене Шектілер ғана емес, олардан бөлек Арықбалық пен Арал теңізі арасындағы көптеген қазақ рулары, оның ішінде төртқаралар мен қарасақалдар да қатысты. «Жанқожа туралы мәлім болғаны, ол 1 800-дей бүлікшілердің басын құрап, пішенге бара жатқан үш қоныстанушыны тұтқынға алды және біреуін қаталдықпен мертіктірді. Айта кетерлік нәрсе, Нұрмұ­хамедов туралы егжей-тегжейлі мәліметті Сырдария желісін басқарушы мырза жеткізіп береді, ол бүлікшілерге қарсы өзі аттануға шешім қабылдап қойды және 23 желтоқсанда Перовск фортынан жылжып кетті. Қазір Жанқожаның тобыры және оның өзі, естуімізше, Жаңадария өзенінің жоғары жағында жүр, ол жерде сұмдық тәртіпсіздіктер орын алып отыр: оның жақтастары бір-бірінің малын барымталап, мүлкін тонап жатыр. Жанқожаның наразылығына тартылған қазақ билері мен қарапайым жұртшылық маған хат жолдады, онда өздерінің қылықтары үшін кешірім сұрады және оның қарақшылық тобына өз еркімен келісім беріп емес, зорлықпен енуге мәжбүр болғандарын жеткізді», – делінген архив құжаттарының бірінде (Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві, И383-қор, 14-іс, 52-парақ).

Көтеріліске көшпелі қазақтармен бірге, Сыр бойында егіншілікпен айналысатын қазақтар да белсене қатысты. 1856 жылғы желтоқсанның соңына қарай олар Қазалы бекінісін қоршайды және бірігіп шайқас жүргізу үшін хиуалықтармен, сондай-ақ Есет батырдың әскерлерімен келіссөз жүргізеді.

1857 жылғы 9 қаңтарда болған ірі шайқас алдында Есет батырдың қол астына жиналған Шекті руының бірнеше жүз қазағы Борсықтан келіп, көтерілісшілерге қосылады.

Бұл мезетте Ақмешіттен генерал Фи­тингоф бастаған 300 казак, 320 жаяу әскерден құралған жазалау отрядтары аттанған болатын. Олар 54 зеңбірекпен және ракеталық станокпен қаруланған. Архив мәліметі бойынша: «Бұл бүлікті тыю үшін Сырдария желісінің командирі Перовск фортынан №1 фортқа келіп, 300 казактан және 320 жаяу әскерден тұратын, үш зеңбірегі мен екі ракеталық станогі бар отрядты жасақтап, 9 қаңтарға қараған түні бүлікшілердің Сырдарияны жоғары бойлай 17 шақырымнан алыс емес жердегі ордасына аттанды» (Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архиві. 1441-қор, 1-тізбе, 82-іс, 6-10-парақ).

1857 жылдың басында Жанқожа әскерінің құрамында 5 мың көтерілісші болды. Негізгі шайқас Қазалыға жақын жердегі Арықбалық мекенінде өтті. 9 қаң­тарда қысқа және қантөгісті шайқаста қазақтар жеңіліс тауып, Хиуа аумағына қарай шегінді. Батырдың нашар қаруланған жасағы от шашқан зеңбіректің добына және мылтықтың нөсердей жауған оғына төтеп бере алмады. Қазақ ауылдары қатаң қысымға ұшырады. Фитингоф қазақтарды жазалаған әрекеті туралы Перовскийге рапортында былай деп жазады: «Балық кәсіпшілігін құртудағы басты кінәлілер және Жанқожа Нұрмұхамедовтың сыбайластары – Кішкене Шекті руы Асан тармағының қазақтары лайықты жазадан тайсалып, Сырдарияның сол жағалауынан оң жағалауына Есет Көтібаровтың соңынан ерген Шектілерге қосылу мақсатында өткендігі туралы мәлімет алып, мен №4 батальонның 100 жаяу әскерінен және 250 казактан тұратын, бір зеңбірегі және бір ракеталық станогі бар отрядпен бірге оларды жазалауға шықтым, сөйтіп Кіші Борсық құмын кешіп, кейбір ауылды Мәмбетбұлақ сайында қуып жетіп, оларды тонау кезінде 100 түйе, 80 жылқы, азғантай ғана мүйізді ірі қара мал мен 7 000-нан астам қой олжаланды, соның ішінде ілгері кетіп үлгерген ауылдар қалдырып кеткені де бар» (Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архиві. 1 441-қор, 1-тізбе, 82-іс, 1-2-парақ).).

Жанқожа батыр көтерілісі жеңіліс тапқан соң да, бұрынғыша халық биі ретіндегі қызметін жалғастыра берді. Халық оның әділ, халқына деген адал пейілін ерекше бағалады. Қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері М.Тынышбаев Жанқожа батырдың орысқа да, хиуалықтар мен қоқандықтарға да, тіпті хандардың өзіне мойынсынбағандығын айтып өткен. Расында да, өжет батыр Жанқожа патша билігіне бет бұрмаған қалпы оқшауланып өмір сүре берді. Шекара билігі оны жау көріп, құтылудың түрлі жолдарын қарастырды. Жанқожа батыр Сырдария желісінің басшысы майо­р Дебудің тапсырмасымен сұлтан Елекей Қасымұлы бастаған жазалау жасағының қолынан қаза тапты. Бұл туралы атақты Мұсабай жырау былай деп жырлайды:

Бастайтын әр жолға да құдірет-ті,

Қулары бұл қазақтың түпке жетті.

«Бар болса Елікей хан, жау болмас» деп,

Жанқожа ұрыспастан қапы кетті...

Халық жадында сақталған Жанқожа Нұрмұхамедұлы тек батыр бейнесінде ғана емес, сонымен бірге ақыл-парасаты мен ойы кемел, өрлігі мен өжеттігі биік, мінезі әділетті әрі кең дарқан жан кейпінде көрінеді. Бүгінгі азат ұрпақ қазақ халқының азаттығы жолында күрескен қаһарманын ұмытқан жоқ, ұмытпайды да.

 

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҰҒА академигі